Тіршілікке солмайтын шуақ, таймайтын қуат берген алтын шапақ күн көзі көтерілгенде, Ақылбай аға өзіне тән сабырлылықпен ақырын аяңдап үйінен шығады. Көңілі жай. Тұла бойы, ішкі жан сарайында мына өз әдетінше сырғып жатқан жарық дүниеге бір құштарлық бар.
Беталысы Қаныш Сәтпаевтың кеуде мүсіні тұрған шағын сквер. Осы арада өзіндей қатарластары жан-жағына елеңдеп мұның да келуін тосып отырса, кейбіреулері әлі көзге түсе қоймайды. Бұйырса, олар да енді келеді. Әйтеуір, амандық болса, бәрінің басы осы арада қосылары анық. Жыл он екі ай қалыптасқан дәстүрлері сол. Жиналып, күннің шуағына арқаларын беріп, өткен-кеткенді еске алады. Зейнет демалысындағы қарттарға әңгіме көп. Бәрінің артында бір-бір өнегелі өмір жолы. Оның бер жағында тірлік болған соң, бастан өтпей қоймайтын, айта берсе-ақ езу тартқызатын қызықты жайлар қаншама.
Дегенмен, Ақылбай аға біржола әңгіме ауанына қосылып кетпей, үйдегі құдай қосқан қосағы Айманын ойлайды. Кейінгі жылдары денсаулығы сыр беріп, өз-өзіне келе алмай жүр. Үй-ішінің өзінде жүріп-тұрудан қалып бара жатқаны жанға батады. Күтімі де, үйдің шаруасы да бір өзінің мойнында. Сонда да өмір бойы келе жатқан екеуара сыйластық, Айманының бұл деп, мұның Айманым деп, әлі күнге бір-бірін өбектей түсуі, көздері тайып кетсе көргенше асық болулары жүрегін жылытады, жанына еселеп қуат құйғандай болады.
Осыны ойлап, бүгін де замандастарының ортасында көп аялдай алмады. Көшеде кешегі тап өзіндей полиция формасымен жастар ұшырасады. Мына аталарының да солардай ширек ғасыр ел тыныштығы күзетінде тұрғанын қайдан білсін. Ал, өзі болса, сол бір қиын-қыстау қызметінің бүге-шүгесін тағы бір ой елегінен өткізіп келеді. Бұл учаскелік инспектор болып еңбек еткен алғашқы жылдары бүкіл бөлімде бір ғана қызмет көлігі бар болатын. Өзі, әріптестері, жұмыстарының көбін жаяулап-жалпылап атқарушы еді-ау. Сонда да қылмыс біткеннің азаюы үшін жандары қалмай, бар күш-жігерлерін салып, зыр жүгіретін кездері-ай.
Әдетте, өмірлері осындай ортада өрбитін адамдардың мінезі уақыт өте қызметімен бірге қатая бастайды дейді. Неше түрлі қылмыс әлемімен бетпе-бет келу, күні-түні өзіне қаратып алатын жұмыс тәртібі туа біткен болмыс-бітіміңнің өзіне ізін салмай қоймайды. Ал, осы салада көпті көрген Ақылбай Қонаровтың айналасына ізгілік нұрын шашып тұратын сол баяғы жаймашуақ мінезін жүйткіп өткен жылдар да, өмірде басынан өткен әрқилы жағдайлар мен қым-қуыт қызмет бабы да титтей де өзгерткен емес. Сол баяғы өз-өзін бір қалыпты ұстаудан жаңылмайтын біртоға жуас мінезі, жымиып қана тұратын көңіл кеңдігі, тірліктегі бар жан дүниесінің басты өлшемі – адалдығы. Түзу жүріп, түзу тұрып, көлденең ештеңеге қызықпаған, біреулер шын көңілмен, қасақана болсын, ал деп тұрғанының өзінде, атай көрме деп, ондайдан ат тонын ала қашқан осы бір кіршіксіз тазалығының бір мысқалын ғана шіркін, бүгінгі түйені түгімен жұтып жатқандарға берер ме еді.
Облыс орталығының іргесіндегі шағын ғана Қызылтаң ауылынан «мен милиционер боламын» деп әскерден кейін таудай талаппен қалаға келген Ақылбай аға шынында, осы саланың өзі армандағандай, біраз биігіне қол арта алғаны айдан анық. Жетпісінші жылдары майор шенімен зейнет демалысына шығу қай милиция қызметкеріне де айтарлықтай үлкен жетістік еді. Өйткені, қазіргілер ренжімесін, ол кезде білдей бір облыстық бөлімдердің өзінде үш, екі жұлдызды полковник, подполковниктерді былай қойып, майор шеніндегілердің өзі тақа көп болмайтын. Погондағы жұлдыздардың да қадірі осылай бір басқа еді.
Адамды ыстыққа да, суыққа да салып, сынай білген қызмет бабы, өткелегі көп жүйрік уақыт бұл жұмыста Ақылбай Қонаровтың да иығына бірталай жүк артыпты. Басшылық қайда бар десе, содан табылған темірдей тәртіптің, жоғары жауапкершіліктің адамы өз міндетін қашан зейнет демалысына шыққанынша адал атқарған. Мұны сол кезде қызмет бабымен жанында бірге жүрген әріптестері де айтады. Әдетте, қасындағы жанның кім екенін, қандай екенін кейде өзімшіл өзімізден гөрі, басқалардың жете танып жататыны бар ғой. Солай демекші, Ақылбай ағаның жұмысқа шын берілгендігін, адамгершілік асыл қасиетін жоғары бағалаған басшылардың бірі – полиция полковнигі Геннадий Борисович Бевзовой көрінеді. Қалай болғанда да, біз қосағы Айман апайдан естіген тілі басқа, тілегі бір қос ұлт өкілінің көздерінің тірісіндегі осы бір сыйластығы, айнымас достығы көпке үлгі етуге тұрарлықтай.
Жалпы, ел тыныштығын қорғауды бұл әулеттің еншісінде бұрыннан жазған екен. Жамағайын ағасы Жұмабек Батырбаев кезінде полковник шенімен Көкшетау облысының Рузаев, Куйбышев аудандық ішкі істер бөлімдерін басқарған. Бірақ, ғұмыры қысқа болып, жастай көз жұмады. Оныншы сыныпты сол кісінің қолында тұрып оқыған Ақылбай ағаның осы бір іргелі азаматтың тәлім-тәрбиесі, өмір тезінен өте жүріп, өз соқпағын аға өнегесінен тартқандай көрінетіні бар бізге.
Ішкі істер органына жұмысқа орналасқанында арнайы білімі жоқ Ақылбай Қонаров бұл қажеттіліктің де орнын КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының Ленинградтағы штаб қызметкерлерін даярлайтын жоғары курсын тәмамдау арқылы ойдағыдай толтыра білген. Сөйтіп, осы саладағы өзінің ақ адал қызмет жолында Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлығына дейін көтеріледі.
Шүкір, тоқтау білмейтін жүйрік уақыт бұл жарық дүниеде Ақылбай ағаны да адам баласына тән өмір қуаныштарынан кенде қылмапты. Ұлы Талғат, қызы Ләззат өз алдына бір-бір үй. Бес немере, үш шөбересі адал жанының нағыз бал қызығы. Өзімен қатар, ведомстводан тыс күзет қызметінде еңбек еткен Айман апай да отбасында нағыз жанашыр, тірегі. Тіршілікте тәубесі аузындағы қарапайым адам баласы үшін бұдан артық қандай абырой, бақ керек.
…Арқаның күрмеуі қысқа жазы да қас пен көздің арасында тездетіп өте шыққан. Қылышын сүйретіп қыс келді. Көз үйренген скверде де енді ұзақ жүре алмайсың. Бұл жолы да бір-біріне сыралғы жандар «қош, қош» десіп, үйлеріне тарқасты. Ақылбай аға да кетіп бара жатып, өзін мереке-мейрамдарда елеусіз қалдырмайтын, көзіне ыстық, жанына жақын қалалық ішкі істер бөлімінің көне ғимаратына тағы бір қарап қойған.
Бұл – осы жаққа өмірінде соңғы рет назар аударғаны еді. Ертеңінде кенеттен алып жыққан инсульт мына жарық дүниемен қайта дидарласуына мұрсат бермеген. Соңғы кездескенімізде тағы да сол бір елден ерекше қарапайымдылығы баурап, «аға, кеңірек отырып бір әңгімелесерміз» деген едім. Енді амал не, ол сырды ақ қағазға бұрынғы өз көрген-түйгенім, «ауырады деп мені аяп жүргенде, аяқ астынан өзі кетіп қалды» деп кемсеңдеген қосағының естелігімен ғана түсіріп отырған жайым бар. Сол қарапайымдылығымен өмірінің соңғы кезеңінен газетке жарарлық бір суреті де табыла қойсайшы. Еріксіз бұрынғы суретін қолыма алып, өз-өзімнен ойланып кетіппін. Ізгілік ізі. Иә, бұл туралы адамның көзі кеткеннен кейін де жазуымыз керек!..
Қ.КӘКЕНОВ.