Тұғырын тапқан тұлға

 

Генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов – республикамыздың Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, елімізге танымал тұлғалардың бірі. Бұрынғы жылдары орталықтың ықпалында болып келген қауіпсіздік органдары Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен бірге, өз алдына отау тігіп, сол тәуелсіздіктің бір тірегіне айналды.

 

Осы жабық мекеменің қазанында қайнап шыққан небір азаматтарымыз басқа салаларда да қажырлылық танытып, халқымыздың атақты қайраткерлеріне айналғанын тарихтан жақсы білеміз. Ондай сұңғыла жандарды біз бүгін де билік биіктерінен көріп келеміз.
Иә, республикамыздың арнаулы қызметтері жаңа заманда жаңаша бағдар алып, дербес саясат жүргізіп, еліміздің жан-жақты дамып, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Әрине, біздің мақсатымыз арнаулы қызметтің сан салалы жұмысына баға беру емес, жеке тұлға туралы өз пікірімізді білдіру. Бүгінгі кейіпкеріміз Әділ Шаяхметұлы жайында сөз қозғасақ, қауіпсіздік саласының кадрлары қашан да көпшіліктің ішінен таңдап-талғап, іріктеліп алынатыны белгілі. Олар өзі жаратылысы бөлек, салқын мінезді, бір қалыпты, зерек, сергек, дөрекіліктен ада, кішіпейілді, сыр алдырмайтын, соңынан сөз ермейтін, спортқа да қыры бар, бесаспап жандар десек, сол қасиеттердің бәрі де Әдекеңнің бойынан табылып жатады. Әр азамат туған топырақтан түлеп ұшатыны сияқты, ол да Алатаудың құтты қойнауларынан қанат қағып, сондағы Суықтөбе биігінен қазақтың кең байтақ сахарасына самғап ұшқан мұзбалаққа айналды. Кез-келген мамандық иесі сияқты оның да басынан өмір мектептерінен өту, тәлімгерлерден үйрену, тәжірибе жинау, өсу, өрлеу; небір қиындықтарды жеңіп, жұлдызды сәттерге қол жеткізу секілді белесті кезеңдер өткені анық.
Тәжірибелі маман арнайы қызметтің, жабық мекеменің жауапты қызметкері бола жүріп, бұған дейін де жұмыс арасында уақыт тауып, өнер, спорт, тарихшы, қаламгерлер қауымымен де араласа білгені байқалады. Біздің түсінігімізде, бұл – шектеулілік шегі, құпиялылық құлпы өз алдына, талай жылдар бойы елден тосырқап қалған ортаны сергіте түсу, тіпті қатқан сеңді жібітіп, халықтың ұлын халыққа жақындата түсу, қоғамды ізгілендіру талабы десек, артық болмас.
Бұл орайда, бір-ақ мысалды еске алсақ та жетіп жатыр. Ол Төраға болған кезде қазақ өнерінің қас тарланы, чекистердің де бірталай салмақты рөлдерін сомдаған Асанәлі Әшім бастаған бір топ қайраткерлер мен өнер шеберлерін осы жабық мекемеге шақырып, тәжірибелі қызметкерлердің, жас кадрлардың қатысуымен кездесу ұйымдастырып, тың дәстүрді бастаған еді… Бұған дейін де, ұлт мерейі ұлықтала бастаған тұста ол Қарасай батыр, Құдайберді би секілді даңқты бабаларды еске алуға арналған игілікті шараларға қатысып, өзі де оған тікелей атсалыса білді. Бұл амалдар біреулерге тосын іс болып көрінгенімен, Әдекеңнің адамгершілікті істері, азаматтық ажары зиялы қауымның зердесіне зерек тұлға ретінде ұялап қалғаны анық. Өйткені, ол өз айналасында ұлттық тарихымызды жаңғырту, өнер мен өмірді ұштастыра білу; Халықтық дәстүрді дамытып, спорттық, патриоттық, отансүйгіштік идеяны сабақтастыру тұрғысындағы бірқыдыру шаруалардың басын қайырып үлгерген еді. Қайырымды істерімен де танылып қалды. Қолдан келгенше, орайын тауып, үлкенді сыйлап, кішіге ілтипат көрсете білу, тәлімгерлерін қадір тұту кәдуілгі аптал азаматқа, кәнігі маманға ғана тән қасиет қой. Мұның өзі, аталған мекеменің өз ерекшеліктері мен заңдылықтарына қарамастан, халықпен етене араласа жүру, жаңа дәуірдің басқа да жетекшілері секілді баяғы зобалаң заманның салдарымен сырт көз «сұрғылт үй» деп атап, оған салғырт қана қарайтын жұртшылықтың осы арнаулы органға деген түсінік-танымын өзгерту, оның шынайы мақсат-мұратын ұғындырып, оң көзқарасын қалыптастыру тұрғысындағы ой-ниетінен туындаған секілді. Ол аталған мекемеге басшылық жасаған кезде, біздің түсінігімізше, әлеуметтік ортаға осындай бір жылымық әкелгендей болды.
Мұның бәрі алдымен Тәуелсіздіктің жемісі еді. Әділ Шаяхметов қатал заман қатты жауып тастаған қайтып келер есікті сәл де болсын сырғытып ашқандай болды. Сол түрілген пердеден жұрт көңіліне де жылт-жылт еткен сәуле тарап, ел бір елеңдесіп қалды. Мұны айтып отырғанымыз, жабық мекемеде қатыгез заманның қанды шеңгелінде қалып қойған халқымыздың бірталай тарихы, рухани қазынасы, алаш мұрасы әлі түгел аршылып біткен жоқ. Оны түсіне білетін зерделі басшылық, жетелі жетекші әрдайым керек. Бірте-бірте ол арманға да қол жеткізіп, сәттілік сағаты сырғып келер. Біраз зия-лы қауым өкілдері сол үшін елеңдесті, үміттенді. Қарапайым халық та осылай түсінді. Алдында айшықты өнегесі, соңында соны соқпағы бар сергек ойлы азамат, өзінің қажырлы еңбегімен, сан қырлы талабымен биік те берік тұғырын тапқан танымал тұлға осындай ізгілікті ой-пиғылымен де ел жүрегінен орын алады.
Бүгінгі күні сынға да, сырға да толы ғұмырының жарқын бір парақтарын ашып, мерейлі шақта кемел кезеңге аяқ басқан Әділ Шаяхметұлына бір топ тілектес қауымның атынан: елін сүйген ерлердің бірі ретінде, еселі еңбегінің зейнетін көріп, сындарлы сапта сағы сынбай самғай берсін деген ізгі ниетпен ақ тілегімізді де арнаймыз:   

Ол дағы ердің бірі елін сүйген,
Шыңдалған бетпе-бет кеп небір сынмен.
Ұйқысыз түнді өткеріп, түз кешсе де, –
Тек қана тәртіппенен өмір сүрген!..
Елім деп ер көңілін намыс буған,
Әлде бір жат қылықтан алыс тұрған.
Біреумен жақын тартып, жолдас болса,
Әділдік, достық қана табыстырған!..

Туған жер – Атырау да, Жезқазған да,
Ер жігіт ел көшінен көз жазған ба?
Жай көзге көрінбейді үлесі оның, –
Құлпырып Қазақстан озғанда алға!..

Ұя оған – Алатаудың бөктері де,
Қырандай самғап ұшқан көк төріне.
Қорыған жандар осы туған елін, –
Айналып қасиетті көк бөріге!..

Құт оған – Кереку де, Ақмола да,
Еңбексіз ер жігітке бақ қона ма?!
Қазақтың бетке ұстар бір азаматы ол, –
Талпынып нақ тұғырын тапқан о да!..

Мәз болмай маңғазданып құр мақсатқа,
Жұмылған жігіттер бұл бір мақсатқа.
Сардар боп сан қырынан танылса да,
Сайланып сарбаз сынды тұрған сапта!..

Жүреді ізгіліктің салтын бағып,
Табысқан достарымен жарқыл қағып.
Тағдырдан тілемейді ол оңай олжа,
Айдыннан іздемейді алтын балық!..

Сақтаған сырбаз салтын, ізгі кейпін,
Жемісін елдің жатқа үздірмейтін.
Әрине, сырлары көп сыртқа жұмбақ,
Әрине, қырлары көп біз білмейтін!..

Жақсымен сұхбат құрған, сыр алысқан,
Дос тапса бұл өмірден құрақ ұшқан.
Төрт бөліп түн ұйқысын жүреді олар,
Маңайлап келмесін деп, сірә, дұшпан!..

Сергек ой батпаса да тылсымға тым,
Ішінде сақтай білген сыр-сымбатын.
Ер жігіт елдік рухын ұрпаққа арнап,
Елінің асқақтатып жүрсін даңқын!..

Т.ҚУАНЫШБАЕВ,
жазушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар