Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллинді еске алу кешін өткізді.
Шараның негізгі мақсаты ер Мәліктің батырлық және ғалымдық қыры, педагогтық тағылымын көпшілік жүрегінде тағы бір мәрте жаңғырту. Кешке жиналған қауым ең әуелі музей директоры Құдайберлі Мырзабектің таныстыруымен көкшетаулық қылқалам шебері, мүсінші Дулат Қоспанов жасаған Мәлік Ғабдуллиннің кеуде мүсінін тамашалады. Шынайы шеберлік, биік талғам, нәзік ептілікпен мүсінделген батыр бейнесі көпшіліктің көңілінен шықты.
Жиын барысында Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында музей қызметкерлері атқарған іс-шаралардың суреттері топтастырылған көрме мен жарты сағаттық «Батырдың ғасырлық тойы» атты шағын бейнефильм көрсетіліп, өткен жылдың естелікке айналған сәттерінен сыр шертті. Музей директорының орынбасары Күнсұлу Нұрғалиева музей жұмысын алға бастыру мақсатында заманауи құрылғыларды қолданысқа енгізудің тигізер пайдасы жөнінде айта келіп, «ақпараттық терминал» жұмысымен таныстырды. Ақпараттық терминалға жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында облысымыздағы көзі тірі жүзге тарта соғыс ардагерлері туралы ақпарат енгізілген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.