Бірлесіп жұмыс істеу қажет

Кеше бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 44-інші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына өңір басшысы Сергей Кулагин қатысты.

Сессияда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының жергілікті полиция қызметі жұмысының мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселесі қаралды. Бұл арада әңгіме жергілікті атқару органдары мен жергілікті қауымдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін қалыптастыру туралы  болып отыр. Жаңа құқық қорғау органының мақсаты қоғамдық тәртіпті нығайтып, қылмыстың алдын алу, тұрғындардың ішкі істер органдарының қызметіне сенім деңгейін арттыру және олардың жұмыстарының
ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Жергілікті полиция 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастағаны белгілі.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин депутаттардан Ақмола облысы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығы лауазымының кандидатурасына келісім беру туралы күн тәртібін бекітуді сұрады. Құқық қорғау органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындылары, құрылып жатқан жергілікті полиция қызметінің жұмыс негіздері туралы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Жайлау-бек Халықұлы қысқаша хабарлама жасады.
Сессияда депутаттар Ақмола облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының лауазымына ұсынылған Жанбай Жұмажанұлы Омаровтың кандидатурасына келісім беру үшін дауыс берді. Ол бұған дейін Ақмола облыстық ішкі істер департаменті әкімшіліктік полиция басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. Үміткер Степногорск қалалық ішкі істер бөлімінің жанындағы күзет бөлімі милиционерінен полицей, одан әрі арнайы күзет қызметі бөлімшесінің взвод командирі, Ақкөл ауданындағы осы қызметтің аға инспекторы, Степногорск қаласы мен Ақкөл және Шортанды аудандарында рота командирі, Степногорск қалалық ішкі істер басқармасы бастығының қызмет жөніндегі орынбасарына дейінгі барлық қызмет сатысынан өткен.
Облыс әкімі Сергей Кулагин жаңа полиция қызметі туралы айта келе, оның халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс екендігіне, көшелер мен қоғамдық орындарда тәртіп сақталуына көмектескісі келетін адамдардың, сондай-ақ, ерікті халық жасақтарының белсенділігіне арқа сүйеуі қажеттігіне назар аударды.  Ол сондай-ақ, жергілікті полицияның учаскелік инспекторлары әсіресе, бірін-бірі білетін ауылдарда тұрғындардың пікірлерін есепке ала отырып, тағайындалуы қажет екендігін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар