2016 жылдың 6 қаңтары күні 77 жасқа қараған шағында белгілі қоғам қайраткері, еңбек ардагері Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліпов өмірден озды.
Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліпов 1939 жылдың 4 желтоқсаны күні Көкшетау облысы Көкшетау ауданына қарасты Қызылсая ауылында дүниеге келген. 1958-1963 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алды.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын 1963 жылы «Целинсельхозтехника» облыстық бірлестігінде аға инженер болып бастады. 1964-1975 жылдары Көкшетау ауданындағы «Молодежный» кеңшарының бас инженері, кейін Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың директоры қызметін атқарды. 1975-1985 жылдары Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Көкшетау облыстық ауыл шаруашығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып еңбек етті.
1985-1990 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Еңбекшілдер аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды.
1990-1994 жылдары Чапай Мүтәлләпұлы Қазақстан Коммунистік партиясы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1994-1997 жылдар аралығында «Агропромэнерго» бірлестігінің төрағасы қызметінде болды.
1997 жылдан 2001 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Чапай Мүтәлләпұлы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2001 жылдан бастап күні бүгінге дейін Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып еңбек етті.
Осы жылдар ішінде Чапай Мүтәлләпұлы өзін талантты басшы және іскер ұйымдастырушы, тынымсыз еңбекқор адам ретінде көрсете білді. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Орталық ардагерлер кеңесі президиумының, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің комитетіндегі сараптамалық топтың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің және Қазақстан Республикасы халқы Ассамблеясының мүшесі болды.
Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліпов әр іске асқан жауапкершілікпен қарайтын талапшыл әрі ақжарқын жан болғандықтан, жұртшылық арасында зор беделге ие болды. Оны білетіндер оған әрдайым шынайы сыйластық танытатын.
Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліповтің ақыл-парасатқа толы жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.
Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.
Көкшенің көркем бір ұлы еді
Көкшетаудың бір бақыты елін сүйген, жерін сүйген перзенттері. Туған топырақтың көркі де солар. Жүрегінен себезгілеген әдемі нұрымен кішкентай ғана әлемін әлдилейтін азаматтар болмақ. Жалындаған жастығын, тіпті, бүкіл саналы ғұмырын осы қасиетті өлкенің қанат жайып көркеюіне, экономикалық қуатының артуына, облыстағы ауыл-селолардың ажарлануына, қоғамның барлық саласына үлкен еңбек сіңірген жайсаң жан – Чапай Мүтәлләпұлы мынау жарық дүниені тәрк етіп кете барды. Кеудесінде шыбын жаны бар пенденің бәрінің баратын жері біреу болғанымен, жалпақ жұрт еңбегі үшін құрмет тұтқан адамды қара жердің қойнына қимайды екенсің.
Тумысынан еңбекпен шыңдалып өскен Чапай Мүтәлләпұлының бес күндік тіршілікте тындырған шаруасы туралы қапелімде айта қою тіпті де мүмкін емес. Оның үстіне қайғының аяуды білмес қара шоқпары тигенде адам есеңгіреп те қалады екен.
Бір ғана жайды айта кетейін. Күні кешегі зұлмат соғыс кезінде әкесінен айырылған балалар әкені аңсау, әкені сағыну деген мұң салмағын арқалап өсті. Чапай Мүтәлләпұлының да әкесі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Сондықтан ба екен, әкеге деген махаббат жанына жай таптырмағандығы анық. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Қазақстан делегациясының құрамында Украинада болдық. Қан қасап майдан даласында шәйіт болған жауынгерлердің мүрделері жатқан бауырластар зиратынан жерленген жері табылды. Жеті жауынгер жерленіпті. Жетеудің екеуі мұсылман баласы. Біреуі өзіміздің Чапайдың әкесі екен. Қазақта алабұртқан сезімді бейнелейтін «әкесі тіріліп келгендей» дейтін сөз бар ғой. Қаншама жылғы сағыныштың тығыны атылып кеткендей күйге түскен Чапай Мүтәлләпұлының бойындағы сезімнің селін өз көзіммен көріп куә болдым. Қыршын кеткен жауынгерлердің аруағына бағыштап құран оқыдық. Бұл бір иманды сапар болды. Кейін де сан мәрте кездесіп жүрген кезімізде осы бір жолсапар туралы жиі еске алатынбыз.
Бүгінгі күні қайғыдан қабырғасы қайысқан Көкшетау мен Қараөткелдің кең даласын жайлаған жамағатқа көңіл айта отырып, марқұмға иман байлығын берсін деп тілейміз.
Бүркітбай БАТЫРХАНОВ,
еңбек ардагері.
Есімі мен ісіне елі қанық ағам-ай!
Жақсылар азайып бара ма?! Ағалар қатары сиреп бара жатқаны несі?! Уақыттың жеткені ме, өмір көшінің өткені ме?! Әйтеуір, сол өмірдің тіршілік көшінің жүгін елінің де, халқының да, өз арының алдында да қара нардай көтеріп өткен ағалардың жақсылықтары санаңды баурап алатыны да рас. Өмірден қазақ елінің абзал азаматы Чапай аға Әбутәліповтің озғандығы жайлы Көкшетаудан жеткен суық хабардан көңілге түйген ой осы болды.
Кешегі күні киелі Көкшенің абыройы да, абзалы да болып, өз елінің ортасында жүрген Чапай ағасыз Көкшетауды елестетудің өзі қиынға түскені бар. Еліңде кімің бар еді десе, ең әуелі Шәкеңнің атын айтушы едік. Қазақстанның қай түкпіріне барсам да Чапай ағаны алға тарта сөйлегенімде, сол жердің жақсылары мен жайсаңдары Шәкеңнің есімі мен ісіне әбден қанық екендіктерін айтып, ағаның өзіне тән асыл бір қасиеттерін, жайсаң мінезін әңгімелей жөнелетін. Қай жерге барсам да алдымнан шығар жақсы ағаның бірі Чапай Мүтәлләпұлының дүниеден озғандығы қалың қазақтың қабырғасына батарлық қаза. Кезінде шаруашылықтың қатардағы маманы болып өмір жолын бастаған Шәкең Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына дейінгі жолдан өтті. Және де абыройлы өтті. Өз еліне адал қызмет жасады. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған жылдары белсенділік танытып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серігі болғандығын да ел біледі. Соңғы жылдары Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы бола жүріп, еліміздің тұрақтылығына, ұлттар арасындағы достықтың мызғымас беріктігіне өзінің үлесін қосты. Елге ұлағатты сөзін айтты. Жастарға ақылшы болды. Соның бәрі Чапай ағамыздың бойына біткен тектіліктен еді. Қарапайым мінезінен танбастан, демі үзілгенше өз халқына қызмет етті.
Өмір өткінші болса, сол өткінші өмірдің өзекті өртер өкінішімен ендігі арада Чапай ағамыз да мәңгілік сапар шегіп барады. Қимаймыз! Қимасақ та қош бол, ардақты аға дейміз.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.
Астана.
Халқына тынымсыз қызмет етті
Чапай Мүтәлләпұлы Целиноград облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы болып қызмет істеп жүргенде мен сол кездегі Сілеті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. Жұмыс бабында жиі кездесіп тұрдық. Кейін сыйласып, жанұямызбен араласа бастадық. Чапай Мүтәлләпұлы жоғары лауазымды қызметтерде жүрсе де әрдайым қарапайымдылығы мен ізетті кішіпейілділігінен таймаған абзал азамат еді.
Жұмыс бабында пікір таластырған, кейде тіпті ашуға берілген сәттер де болып тұратын. Бірақ, ешқашан кек сақтамай, әрдайым ақжарқындығынан таймаушы еді. Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы ретінде екі жылдан астам уақыт жұмыс істегенде ауыл шаруашылығы саласында талай игі істердің бастамашысы болып, қарамағындағыларға әрдайым ақыл-кеңесін айтып отыруды естен шығармайтын.
Білікті басшы, іскер маман, үлкен жүректі азамат, елін, жерін сүйген адам осы Чапай Әбутәліповтай болуы керек деп ойлаймын. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де ол кісінің атқарған еңбегі өлшеусіз деп білемін. Шіркін дүние-ай, қамшының сабындай неге мұнша қысқа едің! Күні кеше ғана арамызда жүрген абзал азамат, елге танымал тұлға Чапай Әбутәліпов дүниеден озды дегенді естігенде жүрегім езіліп кеткендей болды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас-ау. Қош бол, ардақты азамат! Жаның жәннатта, тәнің рахатта болсын!
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Астана.
Ерім десек артық емес
Көкшетау дегенде көз алдыңа көкмұнар сағымға оранған, жатаған болса да жаныңа жақын тау жоталары елестер еді. Соның ішінде алыстан көз тартатын Оқжетпесі бір бөлек. Қасиетті топырақта туып, қастерлі еңбегін қара ормандай халқына арнаған абзал азаматтың бірі әрі бірегейі Чапай Мүтәлләпұлы еді. Атамыз қазақта «алуан-алуан жүйрік бар, қазанаты бір басқа, алуан-алуан жігіт бар, азаматы бір басқа» дейтін аталы сөз бар. Еңбек жолын өзі туып-өскен Көкшетау ауданында бастап, кейін астығы мол, өндірісі республикадағы ең ірі салалардың бірі болып есептелетін Көкшетау облысын басқарып, жұлдызы жанған жылдары елдің атын шығарған іскерлігі, талантты ұйымдастырушылығы айқын көрінген болатын. Ой елегінен өткізіп, көңіл таразысына тартар болсақ әр таңы еңбекпен атып, әр кеші еңбекпен батқан сол бір уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға қисапсыз еңбек сіңіргендігі шоқтай екшеліп, айқын көрінеді екен.
Чапай ініміздің жаманаты шыққан жоқ. Қайта өзінің бойындағы талапшылдығымен, әділдігімен аты шықты. Өз елін басқарып тұрғандықтан да болар, алдымен елімде болсын деді. Сол елі үшін, елінің мәртебесі үшін еңбек етті. Ұлт рухын биіктетуге де үлес қосты. Чапайдың тұсында Абылай ханның 280 жылдық мерейтойы өткізіліп, айды аспаннан бір-ақ шығарғаны жұрттың әлі есінде. Өзге шаруа-сы бір төбе. Тоталитарлық заманның бұғауымен тұмшаланған уақытта еркіндік аңсаған, өткеннің өрнекті жолынан өнеге іздеген халықтың алпыс екі тамырындағы қанын атойлатып ойнатып, бір серпілтіп тастап еді.
Көрікті Көкшетаудың көшесінде жүзі жарқын, мерейі үстем Чапай Мүтәлләпұлы енді жүре алмаса да, оның ел жадынан өшпейтін бейнесі жүреді. Ал-уан-алуан шаруасы, тұтас елдің толайым мерейі үшін атқарған ісі аңыз болып тарайды, өнеге болып өріледі. Өйткені, ол сондай құрметке әбден лайықты адам. Өзі жоқ болса орны енді қайтып еш толмастай ойсырайтын, бағамына баға жетпейтін адамдар болады ғой. Чапай Мүтәлләпұлының да орны толмас ел перзенті екендігі айдай ақиқат. Бүгін осы бір азалы күні еңбек жолының айқын іздері сайрап жатқан Көкшетау мен Қараөткелдің жұртына көңіл айта отырып, мәңгілік сапарға аттанған азаматтың артынан дұға оқимыз. О дүниенің бар жақсылығын, иман байлығын берсін деп тілейміз.
Айдархан ТЕМІРБАЕВ,
еңбек ардагері.
Үлгі алдық
Біз бір ауданның перзентіміз. Өзімізді былай қойғанда Ұлы Отан соғысына бірге қатысқан әкелеріміздің достығы, жолдастығы өз алдына. Атам қазақта «әкесі достың баласы дос» дейтін аталы сөз бар. Біз де еңбек жолымызды бір ауданда бастап, үзеңгі қағыстырып өстік.
Ұзақ жылдар бойы туған еліне қалтқысыз қызмет еткен, Көкше топырағындағы қаншама жақсы істерге ұйытқы болған Чапай Мүтәлләпұлының еңбектегі ерлігі туралы еңбек дастаны кейін де айтыла жатар. Бүгінгі күні алдымен ауызға оралатыны кісілік келбеті, азаматтық ажары. Содан үлгі алдық.
Туған елінің мерейінің биік, мәртебесінің үстем болуын жадынан бір сәт қалдырмайтын асыл ағамыз зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ұзақ жылдар бойы облыстық ардагерлер кеңесіне басшылық жасап, облыстағы жүздеген ардагерлердің ортақ мәселелерін шешіп, қамқорлық танытумен болды. Бүгінгі қайғының қара бұлты торлаған күні асыл ағамыздың рухына тағзым ете отырып, иман байлығын тілейміз.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Дүние жалған осы…
Өзі өсіп-өнген, барлық саналы ғұмырын арнаған сұлу Көкшесін жан-тәнімен сүйетін жайсаң азамат, үлкен жүректі ел перзенті Чапай Мүтәлләпұлының қазасы әсіресе, аға буын өкілдерінің қабырғасын қаусатып кетті десек, артық айтқандық емес. Чапай Мүтәлләпұлы ел бағына туған асыл азамат еді. Оның бойындағы іскерлік қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына, айналасындағы қауымның үлкен-кішісіне қарамай сыйлай білетін, сыйласа білетін мінезі тал бойына тамаша жарасып тұратын.
Бүгінгі күні өткен тарихтың еншісіне айналған, кей сәтте күні қазіргідей жадыңа оралатын кешегі күндері осы өлкедегі сайдың тасындай іріктелген аптал азаматтар туған жердің мерейін биіктету үшін бойларындағы білімі мен білігін аямай сарқа жұмсап елге қызмет етті. Сол азаматтардың ішінде шоқтығы биік, мерейі үстем, парасатты жандардың бірі Чапай Мүтәлләпұлы еді. Өзінің табиғат сыйлаған қабілет-қарымының арқасында атқа ерте мінді. Отызға толар-толмаста Сәкен Сейфуллин атындағы үлкен кеңшарды басқарды. Кейін қызмет баспалдағымен біртіндеп өсе берді. Әне бір жылдары көршілес Целиноград облысында облыстық партия комитетінің хатшысы болып абыройлы қызмет істеп келді. Одан былайғы уақытта еңбек шежіресі Көкшетау топырағымен тығыз байланысты. Бір ерекшелігі, қандай лауазымды қызмет атқарса да алдына келген адамның мұң-мұқтажын зейін қоя тыңдайтын сабырлы кейпінен айныған емес.
Асылбек ДӘУЛЕТОВ,
соғыс және еңбек ардагері.
Бақыл бол, бауырым
Чапай Мүтәлләпұлы Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған кезде мен облыстық агроөнеркәсіп кешені төрағасының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары едім. Ол кісі облыста ауыл шаруашылығы саласына жауапты хатшы ретінде өзін білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Ол кезде кез-келген күрделі мәселені шешу үшін облыстық партия комитетіне жүгінуге тура келетін. Сондай кездерде Чапай Әбутәліпов бізге үнемі қолдау білдіретін, қиюы келмей жатқан мәселелерімізді жедел шешіп беретін. Ол кісімен жұмыс бабында жиі кездесіп жүргенде байқағаным, өз ісін жетік білетін, ақылды да парасатты, үлкенге іні, кішіге аға бола білетін жаны жайсаң жан еді. Кейіннен қызметі жоғарылап, сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып сайланғаннан кейін де байланысымыз үзілген жоқ. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбей, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, жастарға үлгі бола білгендігі баршаға мәлім. Тағдырдың жазуына не шара, міне, ұлағатты басшы, білгір маман, парасатты азамат ретінде елге танымал болған Чапай Әбутәліповтің жүрегі соғуын тоқтатты. Бақыл бол, бауырым! Жаның жәннатта болсын!
Ұзақбай МАМИН,
зейнеткер, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы.
Астана.
Еңбегі ұмытылмайды
Күні кеше ғана үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, қаншама жыл ел игілігі үшін қанаттаса, қатарласа еңбек еткен, жаныңа соншалықты жақын азаматтың өмірден өткені туралы ауыр хабарды есту оңай емес екен. Арқаның аспанын қайғының қара бұлты торлап, көгілдір Көкшенің көк күмбезі тітіркене тебіреніп кеткендей. Жұдырықтай жүректің көкіректі ашыта шым ете түсуі де содан шығар.
Енді міне, өткен шақпен айтуға мәжбүрміз. Алланың салған ісіне шара бар ма? Әлі есімде, сонау 1954 жылы Алматы қаласында отау құрып, тойымызды өткердік. Мамыражай мамыр айы еді. Біздің әулетке құда болып келетін Тасболат Кенжиахметов Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында оқушы еді. Чапай Мүтәлләпұлы осы институттың бірінші курсында оқып жүр екен. Екеуі тойға бірге келді. Той құрметіне жайылған дастарханнан дәм татып, алғашқы таныстығымыз басталды.
Міне, содан бері қаншама жылдар өтті. Жұбымыз жазылған емес. Қатарлас жүріп, ел игілігі үшін еңбек еттік. Тіпті, күні кешеге дейін біріміз облыстық, біріміз қалалық ардагерлер кеңесін басқарып, заманында халқымызға еңбегі сіңген ардагерлердің мұң-мұқтажын шешуге тырыстық.
1970 жылы әлі отызға да толмаған Чапай Мүтәлләпұлы сол кездегі Көкшетау ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарға директор болып бекіді. Өз елі, өз жері. Әкесі Мүтәлләп 1937 жылы Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеп жүргенде жазықсыз жала жабылып, халық жауы атанып кете жаздаған. Кейін Қызылсая орта мектебінің директоры болып қызмет істеген. Өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болған.
Осындай үлгілі жанұяда тәлім-тәрбие алып өскен Чапай Мүтәлләпұлы бұрынғы Көкшетау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Осы ауданда ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарды. Іскер, жұмыс десе жанып тұратын талантты жастың жасындай жарқылдаған еңбегі көрінбей қалған жоқ. Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланып, көрші облыста маңдай терін сыпырып жүріп, толымды еңбек етті.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы кезінде Чапай Әбутәліповке зор сенім білдірді. Тұңғыш рет демократиялық негізде облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлау өткізіліп, сол сайлауда ел сеніміне ие болған Чапай Мүтәлләпұлы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Чапай Мүтәлләпұлы бірінші хатшы кезінде облыста қыруар іс тындырылды. Елді мекендердің абаттандырылуы, тас жолдардың тартылуы, тұрғын үйлердің салынуы, денсаулық, мәдениет саласындағы соны серпіліс, бұқаралық спорт түрлерінің жандануы қандай еді, шіркін.
Өз басым осыншама еңбектің ешқашан ұмыт болмайтынына нық сенімдімін. Бүгінгі күні қайғыдан қабырғасы қайысқан Көкшетау мен Қараөткелдің кең жазира даласын жайлаған жамағатқа көңіл айтамын. Асыл азаматтың пейіште нұры шалқысын.
Рүстем ШЕРИЯЗДАНОВ,
еңбек ардагері.