Жөн-жосық…

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы мен әрқилы жөн-жосықтары бар. Бұларды отбасында – ата-ана, мектепте – ұстаз, көпшілік ортада үлкендер жастарға үйретіп, айтып отырса, одан ұтпасақ ұтылмасымыз ақиқат. Сондықтан, үлгі-өнеге болсын деген ниетпен соларды қайта еске сала кетуді жөн көрдік.

* Жасы кіші болса да әкесі үлкеннің «жолы үлкен» болып саналады. Яғни, салт-дәстүрде жол, кезек соған беріледі.
* Қыз үйдегі келіндерден жоғары отырады. Қыздың ағаларынан да жоғары отыруға хақы бар. Өйткені, «қыздың жолы жіңішке» дейді халық.
* Сәбиді бесікке салғанда жол құдағидікі саналады немесе сол елдің әжесіне, ел сыйлаған анаға беріледі. Бесікті отпен аластайды.
* Бата беру, ас қайыру қонақтың немесе ақсақалдың, жолы үлкеннің үлесінде. Алыстан қонақ келсе, сол үйдің көршісі және ауыл ақсақалы шақырылады. Сыйластық белгісі осыдан көрінеді.
* Алыстан келген қонаққа ауылдың үлкен-кішісі сәлем беруге тиіс.
* Үйге келген кісіге «кімсің?» демейді, оны төрге шығарып, қонақасы береді.
* Туған-туысқанына, еліне келгендер алдымен ауылдың үлкеніне түседі немесе соларға барып сәлем береді.
* «Көшіп келе жатқандарға «көш оң болсын» деп, ат шалдыртып, дәм-тұз ұсынады.
* Байғазы, көрімдік, сүйінші сұрағандарды құр қол қалдырмайды.
* «Айттық»  сұрағандарға айттық беру міндет.
* Үйге кірген кісіге дәм ауыз тигізеді. Дәм қашанда достыққа, сыйластыққа шақырады.
* Үйге келген адам шаруасын тұрып айтпайды, отырып болған соң асықпай жеткізеді.
* Айыпкер айыбын төлеп, кешірім сұраса, қарсы жақ кешірім жасауға тиіс.
* Олжасын жолдасына ұсынады немесе бөліседі.
* Аты озып келгендер, күресте жыққан палуандар, жеңген ақындар алған бәйгесін елдің ақсақалдарына, үлкен шаңыраққа байлаған.
* Жігіттің ата-анасымен танысуға келген қызға лайықты сый-сияпат ұсынады.
* Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады немесе елден қуылады. Олардың артынан жұрт бір уыс топырақ шашады. Бұл – қылмысты қайта болдырмаудың жолы.
* Қонақ қондырмау, қонақ шақырмау –  ұлт дәстүрін сыйламайтын, жөн-жосықты білмейтіндердің ісі.
* Жетім баланың басынан сипау, жесірге көмек беру, қайыршыға садақа ұсыну біліктілік пен адамгершіліктің белгісі.
* Қонаққа домалақ жілік, жамбастың шұңыршағы салынбайды. Қазақ ұғымында бұлар – кәдесіз.
* Қызға кәрі жілік ұсыну – әбестік.
* Күйеуге, ұзатылған қызға төс тартылады.
* Ақты (сүт, айран, қымыз, т.б) жерге төкпейді. Малдың желіні кетеді.
* Тойға, қуанышқа құр қол бармайды. Той жасағандарға –  «шашу», «сый-сияпат», мүшелтойға – «сыйлық», үйлену тойына – «немеурін», құдалыққа – «киіт» апарады.
* Көшіп келген отбасына тұрғылықты жұрт «ерулік» береді.
* Көшкен отбасы көршілеріне  «айырылысар көже» береді.

Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар