Қазақстан Президенті жарылыс туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын атап өткен.
«Бүгінде терроризм бүкіл адамзатқа үлкен қатер төндіріп отыр. Бұл зұлымдықты тек күш-жігер жұмылдыру арқылы ғана жеңуге болады. Қазақстан бейбіт өмір мен елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи сын-қатерлерге қарсы күрес жолында Түркиямен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туыстарына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты, сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
Германия Федералдық канцлері Ангела
Меркельге Түрік Республикасының Стамбул қаласында болған террорлық акт салдарынан неміс азаматтарының қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта қайғылы оқиға туралы хабарды Елбасының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған қарсы күресін қолдайды», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Меркельге, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ, бүкіл Германия халқына шын ниетпен көңіл айтты.