Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ӨМІРДІ СҮЙГЕН ЖҮРЕКПЕН - АРҚА АЖАРЫ

ӨМІРДІ СҮЙГЕН ЖҮРЕКПЕН

 

«Адам аласы ішінде, жылқы аласы сыртында» деп атамыз қазақ текке айтпаса керек. Жұмбақ мінез, ішкі сыр  деген бес саусақтың әрқилылығы секілді ғой.  Алла тағала жаратқан жұмыр басты пенденің, елекке салып тазалағандай,  кісілік бітім-болмысын, табиғи пішінін бірден тап басып, айыру – қиынның қиыны. 

 

Қырық жыл жан берісер жолдас болып келіп, ақыр аяғында бітіспес жауға айналған «қандыкөйлек достарды» да көргенбіз. Бәз біреулер ұлы Абай айтқандай, «қызмет қылып, мал таппай, ғылым оқып, ой таппай» жүрсе де, «бір сөз үшін жау болып, бір сөз үшін дос болып», күніне жүз  құбылған күйі арын да, барын да сатып жатады.  Енді біреулері «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» ойлап қоюды өмірлік мұрат етіп, әркез бес нәрсеге асық болып жүреді.  Уәдеге берік, іске мығым мұндай жандармен  қатарлас жүрудің өзі – бір мәртебе. Үйренер өнегең, алар тәлімің көп болмақ. Бейне бір жүрегіңнен шуақ төгіліп, жаныңнан мейрім шашып тұрғандай әсерге бөленесің. Еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың бірі –  Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері Қонекеңді осы санатқа жатқызамын. Қонекең деп отырғаным – Қонысбек  Балташұлы Ибраев. Оны  Қызылжар жұртшылығы саналы ғұмырын заң органдарында өткерген,  Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс  хатымен, «Ерлігі үшін»,  басқа да  ондаған мерекелік медальдармен, төсбелгілермен марапатталған, кәсіби жағынан әбден  ысылған,  біліктілігі терең, адамгершілік қасиеті жоғары азамат ретінде біледі. Ол бұл атақ-дәрежеге  өзінің  жанқиярлық еңбегімен,  өмірлік ұстанымының беріктігімен, адамгершілік асыл қасиетімен жетті.
Мен осы бір ардақты азаматпен көптен бері таныспын. Тағдыр бізді  2001 жылы ақпан айында табыстырды. Оның – Көкшетаудан, менің Мағжан Жұмабаев ауданынан облыс орталығына жаңа қызметке ауысып келген бетіміз.  Бірден әңгімеміз жарасып, ағалы-інілідей  бауыр басып кеттік. Өңір  прокурорының орынбасарлығына тағайындалған ол жан дүниемізді бірден  нұрландырып жіберді, өзгеше бір көңіл-күй сыйлады десем, артық айтқандық емес.  
Оның кіндік қаны тамған жері – сұлу табиғатымен сұқтандыратын Көкшетауға қарасты  атақты Зеренді өлкесі. Дүниеге келуі де, Қонысбек деген есімнің берілуі де – өзінше тарих. Кезінде майын тамыза  айтқан әңгімелерін  есіме түсіріп, ой  елегінен өткізе отырып, көз алдыма  досымның балалық шағын  елестеткендей боламын.
… Ұлы Отан соғысы салған ауыр тауқыметтен   еңсесін әлі  түзей қоймаған ел іші  қан майданнан аман-есен оралған  Балтабек үшін  тым  ыстық еді. Құрдастары Балташ атап кеткен ол соғысты Германияда аяқтаған.  Елге 1948 жылы  оралғаннан кейін  Қалима есімді  арумен  көңіл жарастырып,  отау құрады.  Осыдан  60 жыл бұрын туған шақалақты әжесі Сақыш өз бауырына алған.  Ол шыр етіп дүниеге келгенде жаңа жерге қоныс аударып жатқандықтан, жақсы  ырымға балап, есімін Қонысбек қойған.  Оған еңбекқорлық  ата-анасынан жұққан.  Әкесі  бір кіндіктен  тараған 9 баланы жас-тайынан жанына ертіп, жазда шалғымен шөп шаптырса, қыста қар күретіп, су тасытқызатын. Одан  қалса, ауылдағы жүріп-тұруы қиын  жандардың  шөбін шауып беруге жұмсайтын.  Онша еркелете қоймағанымен, балаларының елгезектігіне  сырттай сүйсініп, іштей мақтан ететін. Онысын сырт көзге білдіре бермейтін. Сірә, масайрап, даңдайсып кетпесін дегені болар.  Қонысбекті Арықбалық аудандық сотына төраға етіп тағайындау туралы шешімді  газеттен  қиып алып, өле-өлгенше қалтасында сақтап жүргені болашағынан зор үміт күткен ұлына деген асқар таудай үлкен сенімді  білдірсе керек. Шешесі Қалима отбасының алтын қазығына, ырыс-берекесіне айнала білген аяулы аналардың бірі. Құрсағын жарып шыққан ұл-қыздарына  ата-бабамыздың  әдет-ғұрпы мен  салт-дәстүрін бір кісідей үйрете білген. Екі ағасы секілді Қонысбек те  әжесінің бауырында өскендіктен,  анасын  жеңеше деп атайтын. Отан алдындағы азаматтық борышын Германияда өтеп, елге оралғанда  алғаш рет «мама» дегені әлі  күнге дейін есінен кетпейді.
Ол кездері  жоғары оқу орнына түсу инемен құдық қазғаннан да  қиын болатын. Мектепте жақсы оқып, алғырлық, зеректік танытуының арқасында шалғай ауылдан шаһарға  арман қуып келген қара баланың жолы болып, Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті атанды. Осында  болашақ жары  Зәурені кездестіріп, екі жастың бір-біріне деген пәк сезімі ақ махаббатқа ұласты. Бір-бірімен мәңгілік болуға серттесіп, содан бері жұптары жазылмай келеді.
Қонысбек Балташұлы  алғашқы еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облысының Келлер аудандық прокуратурасының тергеушілігінен бастады. Аз уақыттың ішінде  іскер, білімді  маман ретінде  танылып, болашағынан мол үміт күттірді. Көп ұзамай Арықбалық аудандық сотының төрағасы болып сайланды.  Бұл лауазымды да  жауапкершілікпен атқарып,  абырой-құрметке бөленді.  Жаңа қызметке  тағайындалысымен  ескі ғимараттың орнына  заман талабына сай  жаңа   сот кеңсесінің тұрғызылуына көп еңбек сіңірді.  4 жылға жуық Щучье ауданының прокуроры қызметін  атқарғаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары етіп жіберілді.  Қазақи қаймағы бұзылмаған, тұрмысы да, өмір сүру салты да өзгешелеу ортада  кәсіби шеберлігімен, ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен көрінді.  Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында прокурордың орынбасары, бірінші орынбасары, Петропавл қаласының прокуроры лауазымдарында да   бойындағы күш-қуатын ел мүддесіне арнады.
Оның  заң саласындағы  мол тәжірибесі, кәсіби шеберлігі ескеріліп, былтыр жаңа құрылым – Мемлекеттік кірістер комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының экономикалық тергеу жөніндегі орынбасарлығына бекітілді.  Бұл салада да жемісті  қызмет етіп келеді.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, сыралғы досымыздың былайғы жұртқа жария емес, бірақ өзіміз қадір тұтатын қасиеті көп.  Оны өзгелерден  дараландырып тұратын бір ерекшелігі – қазақ тілінің шұрайын тұнығынан сіміріп өскен, шынайы жанашыры екендігінде.  Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретіні, қазақтың арғы-бергі тарихынан, әдебиетінен жан-жақты хабардарлығы, ұлттық, халықтық мәселелерге келгенде кесек-кесек ойлар айтуымен ерекшеленетіндігі –  бәріміз үшін үлгі.  Өмірден көрген-түйгенін, ел арасынан, ақсақалдардан жинаған қазыналы  жәдігерлерді, ордалы ойларды  қойын дәптеріне жазып жүретін әдетінен әлі күнге дейін жаңылысқан емес. Күнделікті басылымдарда елең еткізетін мақалалар жарық көрсе, алғашқы оқырманы да, пікір айтушысы да – Қонекең. Жан-дүниеңді қозғайтын терең  толғаныстары мен қысқа да нұсқа бірқақпайларына талай  куә болғанмын.  Табан астында суырып салып, екі-үш шумақ өлең құрастыру, оны астарлы жеңіл қалжыңға құру  арқылы көңілді көтеріп тастайтыны бар. Оны  ұялы телефон арқылы құрдастар, әріптестер арасындағы сөз қағыстыру, қайым айтыс  жанрына  біздің теріскейде түрен салушылардың алғашқысы десем, қателесе қоймаспын. «Заңгер болмасаң, журналистиканың  жілік майын шағып жүрер едің» деген әзіліміз шындықпен астарлас. Бір сөзбен айтқанда, талай қыран текті тұлғалар қанат қаққан зерлі Зерендінің, атына заты сай Үлгілі ауылының, Жыланды тауының тамаша табиғаты Қонысбекті де ақынжанды етіп тудырған.  Ауылға бара қалса, мылтығын асынып, сай-сайды, орман-тауды аралап кетеді. Таңның атқанын, күннің батқанын, жеміс-жидектің қалай мөлдіреп тұрғанын, аң-құстың қылықтарын, балықтың шоршығанын суреттеген жолжазбалары – бір кітапқа жүк боларлық. Достарына жазған арнаулары да аз емес.
Көл атын ырым етіп атам қойған,
Көкшеде бір көлшік бар Биесойған.
Жатырмын сол бір судың жағасында,
Қаз емес, шықпай тұр-ау достар ойдан.
Жарасымды өрбіген  осындай шырайлы шумақтар Қонысбектің қойын дәптерінде жиі кездеседі.
Өмір өзен іспеттес. Ағысы бірде қатты, бірде баяу. Өрге де, еңіске де  жөңкіле ағады. Тоқтау жоқ. Кешегі өрімдей  Қонысбек пен Зәуре бүгінде ата, әже атанған. Олардан  тараған екі ұл мен екі қыз  төрт арна іспеттес.  Өмірден өз жолдарын тауып, ата-аналарының мақтаныштарына айналған. Астанадан сағынтып келетін немересі Дария  ерке қылықтарымен тәнті етсе, үйдегі Сұлтаны – өз алдына бір төбе.
Сөз соңында Қонысбек досымды 60 атты асқаралы шыңға  шығуымен құттықтай отырып, жылы лебізімді өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдім:
Ердің жасы, артта қалып сауығың,
Қарасақал жасқа келдің, бауырым.
Жүрегіңде сақта бірақ, сыр бермей,
Жиырма бестің жалындаған дәуірін!
                                                                   Қазиқан РАҚЫШЕВ,
                 прокуратура органдарының құрметті
қызметкері.
Петропавл қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар