Шаңырақ түріндегі шаттық сарайы

Көгілдір Көкшетау жаңа жылда да көркем ғимараттармен толыға түспек. Солардың қатарында заманауи Неке сарайының бой көтеруі ізгі үміттерге қанат бітіретіні хақ. Көптен күткен нысанның шаңырақ түрінде салынып жатқаны жақсы ниет, шайқалмайтын шаттығымыздың салтанатын асыра түсетіні де қуанышқа бөлейді.

  Құрылыс қаланың көрнекті жерінде, Бұқпа тауының етегі мен Қопа көлінің жиегінде екпіндете салынып жатыр. Амандық болса, бас мердігер «Ақ сәуле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеті айда жұртшылықтың айрықша назарындағы жұмысты аяқтап шықпақ. Қос қабатты ғимарат Шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісін
бүгінгі үрдіспен үндестіре қабыстыратынын айтады мамандар.
Қолдағы макетке қиял жүгірте қарасаңыз, алдымен сақина, одан кейін шаңырақ болып жымдасқан болашақ ғимараттан той әуені естіліп жатқандай сезім кешетіндейсіз. Өріс кеңейтуді өмір мәні санайтын халқымыздың қуанышы көбейе бергей. Ертеңін еңселендіру қамындағы мемлекетіміз бұл орайда қаржы-қаражатын үйіп-төгіп жатқаны да ғанибет.
Міне, Ұлы Дала елі өз Тәуелсіздігінің безбендеп өлшенбейтін 25 жылдық қымбат белесіне қадам бас-ты. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жуырдағы Жолдауында: «Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты… Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деп атап көрсетті.
Бұл – байламы берік баталы сөз. Ендеше, ұлы мақсат сапарының бір парасы Көкшетаудың ертең-ақ есігін ашатын Неке сарайынан да бастау алатыны ақиқат!

 

Бақберген АМАЛБЕК,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар