Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай басталған «Үлкен ел – үлкен отбасы» республикалық акциясы жалғасын табуда.
Қазақ халқының тарихында қилы замандар аз болмағаны аян. Еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде айтулы жетістіктерге қол жеткіздік. Осы орайда, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың маңызы зор. Отансүйгіштік қасиетті дамытуға арналған «Тәуелсіз Қазақстан – ортақ Отанымыз», «Қазақстан – тәуелсіз мемлекет», «Желтоқсан – тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Мектептерде «Абыройлы тарих кемел болашаққа жетелейді», «Туған елім – Қазақстан» тақырыбында ашық сабақтар, «Мен сенімен мақтанамын, Қазақстан!», «Тәуелсіз мемлекет» атты викториналар өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлескен «Тарих толқыны» интеллектуалды-танымдық ойыны мен түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Ал, аудандық Біржан сал атындағы мәдениет үйінде
«Менің Қазақстаным» атты форум болды.
Форумда құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова Қазақстанның ширек ғасыр ішінде жеткен жетістіктерін, алған асуларын тілге тиек етіп, Елбасымыздың сарабдал, салиқалы саясатының нәтижесі екендігін атап өтті. Аталмыш шараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Василий Устьянцев, Камо Геворкян да өз пікірлерін білдірді. Мұның өзі «Қоғамдық келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі және басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен өткен шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге игі ықпалын тигізері анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Еңбекшілдер ауданы.