Елбасына арналды

 Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жылжымалы  көрме ашылды.

  Көрмеге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан еңбек жолы мен  оның бастамасымен жүзеге асқан егеменді еліміздің тарихи оқиғаларынан мол мағлұмат беретін елуге жуық фотосурет қойылды. Шараның  ашылу салтанатында көрмені ұйымдастырып отырған облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі  директорының міндетін атқарушы Манат Есмағұлов сөз алып, ел тәуелсіздігіне қол жеткізудегі Елбасының ерен еңбегін ерекше атап өтті және елін сүйген, елі сүйген   Ұлт Көшбасшысының өнегелі өмірі мен жасампаз істерінен жастарымыздың үлгі-өнеге ала білулері керектігіне баса назар аударды.
Бұдан соң  облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов сөз алып, осындай тәуелсіз мемлекет орнатып, оны әлемге танытып, халқының көкейіндегісін дөп басқан кемеңгер тұлғаның өмір жолының кейбір қырларына тоқталды, сонымен бірге, көрмеге қойылған  фотосуреттердің тарихына бойлай түсті. Ал,  университеттің тарих және халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ардақ Қапышев өз сөзінде Елбасының көрмедегі Финляндияның Хельсинки қаласында өткен жастар мен студенттер фестивалінде тұңғыш ғарышкер Юрий  Гагаринмен түскен суретін бүгінгі күннің үлкен жәдігері ретінде атап өтті.
От шашқан домна пешінің жанында тұрып, жұмысшы кәсібінен әлемдік деңгейдегі айшықты тұлғаға айналған Елбасы туралы фотосуреттер көрменің ашылуына қатысқан студент жастарды  бірден өзіне баурап алды. Тарихта алтын әріппен жазылған айшықты оқиғалардың көрмеге қойылған көшірме құжаттары да небір сындарлы сәтте мойнына үлкен жауапкершілік алып, ел үміті мен сенімін  арқалаған  дара тұлғаның кемеңгерлігінің айғағы. Бұл суреттерде ядролық қарудан бас тарту, мемлекеттік рәміздерді қабылдау, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру сынды ел дамуын айқындаған шешуші сәттер бейнеленген.
Алдағы уақытта бұл жылжымалы көрме Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де ұйымдастырылып, одан әрі  аудандарға жол тартпақшы.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар