Астананың іргесіндегі ауданның атына заты сай болуы керек

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономика-лық жағдайымен танысты, аудан активімен кездесіп, жыл қорытындысы жөнінде аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің есебін тыңдады.

Өңір басшысы алдымен, Қосшы ауылындағы «Қазына-SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жиҺаз цехының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Осында жасалатын металл бұйымдары, оқушылар партасы, орындық тәрізді өнімдерге облыс аумағындағы әлеуметтік саланың мекемелері тапсырыс беретінін әрі кәсіпорынға  қосымша жер телімі бөлінетінін атап өтті. Өндіріс орнының басшысы Сайра Матайбаева өз сөзінде жобаны жүзеге асыру үшін 378 миллион теңге қаржы жұмсалғанын, оның 268 миллион теңгесі жекеменшіктікі екенін атап өтті. Қондырғылар «Өндіріс» бағдарламасы бойынша Германия мен Италиядан сатып алыныпты. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 120 мың теңгені құрайды.
Цехта жылына 30 мың дана жиһаз өнімдері шығарылады деп жоспарланған. Бұл өнімдер Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылатын болады. 2014 жылы 7223 дана жиһаз сатылса, өткен жылы бұл көрсеткіш  10517 дананы құраған. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қосымша қаржыландыруды және жобаны өңірлік Индустрияландыру картасына енгізуді қажет етеді. Облыс басшысы шетелдік станоктардың жұмысымен таныса келе, осындай кәсіпорындардың санын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды.
Төңкеріс ауылында 2004 жылдан бері «Қадам НС» серіктестігінің мал бордақылау алаңы жұмыс істеп келеді. Мұнда қазақтың ақбас
сиырлары бағылып күтілуде. Өткен жылы 27 тонна ет өндірілген. Кәсіпорынның 14 мың гектарға жуық егістік алқабында бидай, арпа, сұлы тәрізді дәнді-дақылдары, картоп пен көкөніс өсіріледі. Облыс әкімі аталмыш мал бордақылау алаңында да болып, малдың қоңдылығына назар аударды. Серіктестік басшысы Ыдырыс Қожабаевқа мал басын көбейтуді тапсырды. Қажет болған жағдайда өзге аудандардан жайылым жер мен егістік алқабын бөліп беретінін де атап өтті.
Өңір басшысы Новоишимка селосындағы
№ 32 орта мектепте болып, оқу бөлмелерін аралап көрді. Асханадағы азық-түлік тағамдарының бағасына назар аударды. Мұнда көпбалалы отбасылардан шыққан және асыраушысынан айырылған оқушыларға ыстық ас тегін беріледі. Мемлекеттік және ресми тілде білім беретін мектепте 327 оқушы оқып жатыр. Облыс басшысы педагогтар ұжымымен кездесіп,  олардың хал-жағдайларын сұрап білді. Сатылатын жемшөп құны қалыпқа келтірілген соң, мұғалімдердің де мал басын көбейтуге атсалысуларын өтінді.
Бүгінгі таңда Иван Сауэр басқаратын «Родина» АФ» серіктестігінің жұмысы өзге кәсіпорындарға үлгі-өнеге боларлықтай десек, артық айтқандық емес. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында аталмыш серіктестіктің «КЗСВ-40» астық тазалағыш және кептіргіш кешенінің жұмысымен танысты. Өткен жылдың тамызында пайдалануға берілген астық терминалына 20 мың тонна астық сыяды. Мұнда алты адам жұмыс істеп, сағатына 60 тонна астық тазаланады және оның 40 тоннасы кептіріледі. Кешенге қатысты жұмыстардың барлығы бір орталықтан бақыланады.
Одан әрі өңір басшысы Родина селосында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан 18 тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Бүгінгі таңда оның төртеуі салынып біткен. Тағы тоғыз тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бес үйдің іргетасы қаланыпты. Құрылыста 90 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі жас мамандар отбасына жаңа үйдің кілтін тапсырды. Бұл ауылда мұндай жаңа үйлердің өзі тұтастай бір көше екенін атап өткен жөн. Облыс басшысы аталмыш село іргесінде 1000 басқа арналып салынып жатқан жаңа сүт кешенінің құрылысын да аралап көрді. Жобаға серіктестік есебінен
1 миллиард 10 миллион теңге қаржы жұмсалған. Арнайы қондырғыларға дейін сатып алынған кешен биылғы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі мұндағы дәрігерлік амбула-торияға да ат басын бұрды. Ауданның бас дәрігері Әбдібек Бектұрғановтың айтуынша, шаруашылық өз қаржысы есебінен мекеме ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. АҚШ-тан стоматологиялық қондырғы сатып әперілген көрінеді. Амбулатория Родина және Тасты ауылдық округтерінің 3 мыңнан аса тұрғынына дәрігерлік көмек көрсетеді. Ғимараттың өзі орталық жылу жүйесі арқылы жылытылады. Суы да бір орталықтан. Одан әрі облыс басшысы жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады.
Аудан активімен де Родина селосындағы 340 орындық мәдениет үйінде кездесіп, өңірдің 2015 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің есебін тыңдады. Актив жиналысын қорытындылаған облыс басшысы өз сөзінде өткен жылы облыс бюджеті қаржысының басым бөлігі су тасқыны мен «ұйқы» ауруынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалғанын айта келе, осы іске қол ұшын созған азаматтарға алғысын білдірді. Бұдан әрі тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесіне және Астананың іргесінде орналасқан ауданның өнім өндіріп, оны іске асыру мүмкіндігінің молдығына назар аударды. Кәсіпкерлерді мектеп, аурухана, клуб тәрізді әлеуметтік сала нысандарының  материалдық-техникалық базасын жаңартуға  көмек көрсетіп, жан-жақты қолдауға шақырды.
Әлеуметтік-экономикалық салаларды дамыту үшін инвестиция тарту мәселесіне де кеңінен тоқталды. Өткен жылы Целиноград ауданында үш кәсіпорын пайдалануға берілгенін, «Сыбаға», «Құлан» бағдарламасы бойынша мал басының көбейгенін  атап өтті. Аудандағы 58 карьердің жұмысын заңдастыруды, олардың иелері ауданның әлеуметтік өміріне неғұрлым белсене қатысуын тапсырды. Аудан көрсеткіштері әлі де болса ала-құла екеніне, кірістің аздығына, шығынның көптігіне назар аударды. Қорыта айтқанда, облыс әкімінің  осы өңірге бұл кезекті жұмыс сапары да  Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен басқа да маңызды бастамаларынан туындаған іргелі міндеттерді аудан еңбеккерлерінің тағы бір бекем сезіне түсулеріне, сөйтіп, алдағы күнге нық қадам басуды мұрат тұтуларына игі септігін тигізбей қоймайтынына анық көзіміз жете түсті.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Целиноград ауданы.

Суреттерде: Қосшы ауылындағы жиһаз цехында; Родина селосында салынған жаңа тұрғын үйлер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар