Ардақты ауылдастары мақтан тұтады

«Мемлекет еңбек  адамы үшін біраз жағдайлар жасауда, тек еріншектер ғана осы мүмкіндікті пайдаланғысы келмейді, – деп есептейді  «Нұржамал» шаруа қожалығының басшысы Ардақ Ноғаспаев.

  Бүгінгі күні оның шаруашылығындағы жылы қораларда 210 бас етті тұқымды ірі қара, 60 қой, 10 жылқы бағылуда. Жемшөп қоры екі жылға еркін жетеді. Жалға алынған 2 мың гектар жердің шөбі шабылады. Ардақ Оразғалиұлы ауылға бауыр басып қалған. Әуелде жерлестерінің сынған телевизорын жөндеп шебер атанды. 1995 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралды. Өзіне лайықты жұмыс таба алмай, үш жыл бойы көлден балық аулаумен айналысты. Кейін азық-түлік дүкенін ашты. Құдай қосқан қосағы Нұрсұлу Ноғаспаева мектепте сабақ беретін. Ол да мамандығын ауыстырып сатушы болды. Отағасы жалға 165 гектар жер алып, егіншілікпен айналысты. Мол өнім алды. Он жыл бойы ірі қара малдың санын өсірді. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеті жылға 20 миллион теңге несие алып, жүз сауынды сиыр мен асыл тұқымды бұқалар сатып алды. Егістік алқабын он есе ұлғайтты.
Мал қораларының айналасы биік дуалмен қоршалып, жарық тартылған. Әскери бөлімшелердегі тәрізді барлық жерге бейнебақылау камерасын орнатты. Мал қораларында күзетші деген атымен жоқ. Операторлар бақылайды. Бұдан үш жыл бұрын бұл жерде қираған мал қораларының қаңқасы тұратын. «Оны жөндеп, қалпына келтіруге сегіз миллион теңге жұмсалды», – дейді шаруашылық басшысы әңгімесін сабақтап.
– Өткен жылдың соңында «АгроЭкспорт ЛТД» серіктестігінің Екпінді ауылындағы мал бордақылау алаңына 20 ірі қара мал өткіздім. Әрбір басқа 24 мың теңгеден субсидия алдым. 20 қойды заңдастырдым. Ақпан айында 120 сиырдың 80-і төлдейді. Әрбіреуіне қаржылық қолдау қоры 18 мың теңге береді. Бәрі жақсы болғанымен, өткен жылы бұршақ жауып,
астықты аз алдық. Соның салдарынан алған несиемнің ширегін ғана қайтардым. Биылғы жылы несиемді толық өтеуді және жылқы мен қой сатып алуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.
– Ардақ Ноғаспаев сияқты кәсіпкерлер ауылдың іргесі сөгілмеуіне, ауылдастарының жұмыспен қамтылуына септігін тигізуде, – дейді Арықты ауылдық округінің әкімі Ақсанбай Ысқақов. – Қараша айында облыс әкімі Сергей Кулагин еңбекқор жанға алғысын білдіргеніне қуандық. Ардақтың ата-анасы да жерлестерінің құрметіне бөленді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Ардақ та көпшіл болып өсті.  Қажет кезінде ауылдастарына көмек қолын созады. Қарттар айлығында 103 зейнеткерге ақшалай көмек көрсетті.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Қорғалжын ауданы.

Суретте: Ардақ Ноғаспаев (оң жақта) өзінің мал фермасында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар