120 мың жұмыс орны сақталады

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен өңірде өнеркәсіптік үрдістерді тұрақтандыру және жұмыс орындарының қысқартылуын болдырмау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Көкшетаудағы «НовоПЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратында өткен шараға облыстық кәсіподақ федерациясының және жергілікті кәсіпорындардың басшылары қатысты. Шара барысында жиналғандар алдымен, облыстағы полиэтилен қаптарды шығаратын өңірдегі ірі кәсіпорынның тігін цехтарында болып, жұмыс үрдістерімен жақын танысты. 2003 жылы құрылған кәсіпорын алғашында «Көкшетау Пластик» серіктестігі деп аталған болатын. Кейін өндіріс көлемі ұлғайған кезде яғни, 2007 жылы «НовоПЭК» деп ауыстырылды. Бүгінгі таңда кәсіпорын полиэтилен, полипропилен және кальций карбонаттарынан жоғары сапалы әрі мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай түрлі қапшықтар шығаруды дұрыс жолға қойған.

Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, Ресейдің ірі кәсіпорындарынан полиэтилен, полипропилен түйіршіктерін алып, фабрика өндірісіне пайдаланып отырған кәсіпорын өз өнімдерін шығаруды кеңейтіп отыр. Қазіргі кезде 500 келіден екі тоннаға дейін сусымалы жүк таситын 120 миллион дана қаптар мен «Биг-бэг» контейнерлері тігілуде. Дайын өнім негізінен елімізге, одан қалды Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріне экспортқа шығарылады.
– Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі және Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіруіміз бұл біздің іскерлік белсенділігімізге үлкен қолдау болып, өндірісіміздің экономикалық жағынан өркендеуіне зор үлес қосып отыр. Бүгінгі күні кәсіпорында 800-ге жуық біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Фабрика айына он миллионнан астам беріктілігі жоғары қаптар мен жүз мыңға жуық «Биг-бэг» контейнерлерін шығарады. Өнім Қазақстаннан басқа ТМД елдері, Қытай және өзге де шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Өнімнің 40 пайызы алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмысшылар санын арттыруды дұрыс мақсат тұтып отыр, – дейді «НовоПЭК» серіктестігінің атқарушы директоры Нұрбол Нұрходжаев.
Одан әрі өнеркәсіптік үрдістерді тұрақтандыру және жұмыс орындарының қысқартылуын болдырмау мақсатында облыс әкімі Сергей Кулагин мен «Ақмола облысының кәсіподақ орталығы» кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы Кеңес Бекішев және «Тыныс», «Степногорск подшипник зауыты»,
«КамАЗ инжиниринг» акционерлік қоғамы мен «ҚазГерҚұс» серіктестігі тәрізді өңірдегі ірі өндіріс ошақтары басшыларының қатысуымен меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум аясында жекелеген кәсіпорындармен айлық жалақыны көбейту, сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарын ашу бойынша келісімдер де қарастырылатын болады.
Осы орайда, облыс әкімі меморандумға қол қою жұмыстары  3 деңгейде өтетінін атап өтті.
– Алдымен облыс орталығында, кейін қала және аудандардағы ірі кәсіпорындармен барлығы 120 мың жұмыс орнын сақтап қалатын 4500 үш жақты меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Меморандум аясында өңірде жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді де шешетін боламыз, – деді Сергей Кулагин өз сөзінде.

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар