Ауылдың наны

Ауылда тұратын Гүлжан жеңгеміз Көкшетауға біздің үйге келгенде ылғи май, қаймағын және өзі пеште пісірген нанды бірге ала келеді. Бұл жолы келгенінде де ауылдың иісі аңқитын табиғи тағамдармен дастарханымызды толтырып тастады. Үстел басында шай ішіп отырғанда бәріміз дүкеннің тоқашына емес, Гүлжан жеңгей пісірген ауылдың нанына қолымызды созып, оны қалай тез бітіріп тастағанымызды байқамай қалыппыз.

  Ауылдың наны! Оны жей отырып, ауылға деген сағынышымызды бір басқандаймыз. Шіркін, мен де Ортағашымда өткен балалық шағыма бір қайтып барсам ғой. Анамның пісірген ыстық таба нанын бауырларымызбен үзіп-үзіп алып, оны қаймаққа малып жеп, далаға ойнауға жүгіріп кететінбіз. Біраздан соң тағы үйге кіріп, нанды сумен жұта салып, бір-бірімізді қуалайтын едік. Неткен тәтті кез десеңізші. Өмірімнің ең керемет шақтары.
Қарап отырсам, қазіргі балалар мүлде басқаша. Бұрынғы біз секілді ойнамайды, ал, олардың тамақ ішуі жайлы әңгіме мүлде бөлек. Өзімнің екі жасар қызым нанды аузына да алғысы келмейді. Қалайтыны тек дүкенде арнайы бәңкелерде сатылатын езбелер, шырын, кәмпит. Оның өзін «әке-көке» деп, ұялы телефондағы мультфильмдерді қаратып отырып әрең жегіземіз. Тек, менің қызым ғана емес, қазіргі балалардың бәрі солай сияқты. Дастархан басында осыларды айтып отырғанымызда, үйдегі қарт апамыз да баяғы ауылда тұрған кезін сағына еске алып, біраз шер тарқатты.
–Күн сайын екі үлкен шараға нан илеп, бауырсақ пісіретінмін. Нансаңдар айтайын, әлгі екі шара толы бауырсақтар түс ауа жоқ болатын. Балалар үйге кіріп-шығып, қолдарына бір-бірден ала кетіп, тауысып қоятын. Балалар қарындары ашса, тамақты асап-асап өздері  жейтін. Оларға күштеп тамақ жегізуді білмейтінбіз. Ал, қазіргі жас аналар болса, ұл-қыздарына не береміз деп әлек. Осының бәрі адам баласының ауылдан алыстап бара жатқанынан орын алып отырған жайттар, – деп, кейуана бір күрсініп алды.
Шынымен де, апамыздың сөзінің жаны бар. Қалада тұрып, табиғи таза тағамның қандай болатынын ұмыттық. Бәріміз нанды үйде пісіріп жатқаннан  гөрі дүкеннен сатып алғанды жөн көреміз. Алайда, техниканың дамыған заманында таба нанды пештегідей етіп, пәтерде де пісіруге болады ғой. Есесіне, адамның өз қолымен жасалған асы қашанда дәмдірек.
Айтпақшы, Гүлжан жеңгей әкелген ауылдың нанын қызым да сүйсіне жеді. Мәселе қазіргі балалардың өзгешелігінде емес, өз аналарымыз секілді біздің өз балаларымызға бар мейірімімізді төгіп, өз қолымызбен ас әзірлемеуімізде. Қой, балапаныма таба нан пісіріп берейін…  
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар