Мәдениет саласын қолдау – өнерге құштар елді қолдау

 Жаһандық қаржылық дағдарыс пен бюджеттік қаражаттарды  үнемдеу кезінде  орын алып отырған мәселелерді шешудің жаңа үлгісі қажет. Бұл жерде тұрақты дамуға тек мемлекет қана емес, қоғам болып  қол жеткізгеніміз ләзім. Себебі,  аталмыш мәселе барлық азаматтарға ортақ.  Сондықтан, еліміз үшін өзара ықпалдасу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке көшу өзекті мәнге ие болуда.

 

Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі міндеттері – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында  өзара  әрекет ету болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ел экономикасына инвестициялар тарту маңызды. Бұл – көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыруға, инфрақұрылымдарды  жедел жаңартуға бастайтын жаңа бағыт.
Қазіргі уақытта  серіктестік тетігі барлық салада бар. Аталмыш әдіс өзге елдерде ғасырлар бойы  ең тиімді деп танылып, қолданылып келеді.  Халықаралық тәжірибеде  өзара әріптестік нәтижесінде ірілі-ұсақты кәсіпорындар көптеп іске қосылған. Мысалға алар болсақ, Израиль мен Біріккен Араб әмірлігінде  кәсіпкерлердің көмегімен ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мұнда мәдениет саласы да қалыс қалып отырған жоқ. Үнді сәулет өнерінің тамаша үлгісі  саналатын Тәж Махал, Нагасаки қаласындағы тарихи-мәдени мұражай мен Берлиндегі Жеңіс бағанасы соған дәлел. Аталмыш мәдени орындар мемлекет меншігінде болса да, нысандарды жеке кәсіпкерлер жөндеуден өткізіп отырады.
Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік 2005 жылдан бастап жүзеге асуда. Әрине, осы уақыт ішінде облыс аумағында мәдениет саласында қыруар жұмыс атқарылмаса да,  бұл тетікті қолға алуға негіз болатын мәселелер баршылық. Осы мақсатта облыстық мәдениет басқармасы жиі бақылау жүргізіп, қалалар мен аудандарда демеушілік көмек көрсетудің  деңгейін анықтап отырады. Сараптамалардың нәтижесі бойынша,  2013 жылы клубтарға  32 миллион теңгеден астам қаржы жиналса, өткен жылы  139  миллион теңге  ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталыпты. Оған қоса, 2015 жылы  құны 96 миллион теңге болатын 30 меморандумға қол қойылды. Бұл  үш жыл бұрынғы көрсеткіштен біршама жоғары болып отыр. Мәдени ошақтар қаражаттың жетіспеушілігінен тозып жатқаны белгілі. Жеке кәсіпкерлердің қамқорлығының арқасында бұл нысандар  қалпына келтіріліп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлерді ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бұл өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың жергілікті тұрғындар үшін клубтар мен кітапханалардың маңыздылығын ұғынғандықтарынан, әрине.
 Мәселен, Сандықтау ауданы Петровка ауылының тұрғындары жаңа жыл қарсаңында  үлкен қуанышқа кенелді. Мұнда «Сандықтау – Астық» ЖШС, «Балкашинский» асыл тұқымды зауыты» және «Жабай» серіктестіктері өз қаражаттарына  мәдениет үйін жөндеген еді. Оған қоса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пошта, кітапхана, дүкен және фельдшерлік-акушерлік пункт те ел игілігіне берілді.
Целиноград, Аршалы және Есіл аудандарында да  кәсіпкерлермен жұмыс ширатылып, қомақты сомалар жиналған. Керісінше Егіндікөл, Шортанды, Бурабай аудандарында мәдениет саласына инвестиция тарту шаралары мүлдем қолға алынбаған болып шықты. Ал, Бұланды, Еңбекшілдер, Қорғалжын және Зеренді аудандарында  бұл мүмкіндікті толыққанды іске асыра алмай отыр. Осы ретте, Бұланды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Орал Құрымбаеваны сөзге тарттық. Оның айтуын-ша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлер  мәдени шараларды өткізуге қаржылай көмек көрсетіп, қажетті сыйлықтар мен костюмдерді сатып алуға жәрдемдеседі екен. Мұндай кәсіпкерлер қатарында  «Партизанское», «Журавлевка-1», «Новобратское», «Фирма Нанар» серіктестіктерін айтуға болады. Қаржы көлемі өзге аудандарға қарағанда аз болса да, көрсеткіштерді жақсарту мақсатында жұмысты жандандыру қолға алынған.
Атбасар ауданында мәдениет саласына   бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі өткен жылға қарағанда 11,2 пайызға қысқартылыпты. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында мерзімді басылымдарға жазылу, жартылай коммуналдық шығындарды өтеуге бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Осыдан туындайтын ой ауданға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде  инвесторларды тарту ауадай қажет. Бүгінде  өңірдегі 22 клубтың тоғызы серіктестіктердің қарауына өткен. Бұл дегеніміз,  кәсіпкерлер  материалдық-техникалық базаны нығайту, ғимарат маңын абаттандыру, жөндеуден өткізу және отынмен қамтамасыз  ету жұмыстарын өз мойындарына алады деген сөз. 2012 жылы «Отдел строй» серіктестігінің директоры Қадырбек Исин аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында өз қаражатына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп,  жоба 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында орындалды. Одан басқа «Покровка-1», «Шуйское-21», «Полтавка» серіктестіктері де жергілікті жерлердегі мәдениет үйлерін ұстап отыр. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі осы бағыттан жаңылмай, ағымдағы жылға арналған  жұмыс жоспары ауқымдылығымен ерекшеленеді. Соның есебінен тозығы жеткен ғимараттар ретке келтірілмек.
Міне, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуы әр ауданда әр қилы. Бұл кәсіпкерлерге қосымша пайда табудың көзі, одан әрі ірі жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін даңғыл жол десек те болады. Сол себепті, бір тарапқа ғана пайдалы деп жаңсақ пікір қалыптаспағаны жөн.  Мәдениет саласын қолдау ұлттық құндылықтарды ұйыстыруға ықпал ететіні даусыз.

 

Ырысгүл АШУОВА,

Суретте: Сандықтау ауданы Петровка селосында ауылдық клуб мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясында жөндеуден өткізілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар