Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты

Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды.
Мемлекет басшысы 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясындағы негізгі жұмыс бағдарының бірі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, агроөнеркәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде теңгенің айырбас бағамын өзгерту есебінен болған үнемдеуді ескере отырып, төмендегідей бағыттар бойынша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданғанына назар аударды.
Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысын жандандыруға «Нұрлы жол» бағдарламасын 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берілді.
Осы қаражаттың 53 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теңгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соның ішінде 22 миллиард теңге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелеуге бағытталады.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету үшін Мемлекет басшысы 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатының бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теңгені бөлуді тапсырды. Осы қаражаттың 78 миллиард теңгесі «Нұрлы жолда» 2016 жылға қарастырылған инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге, соның 28 миллиард теңгесі апат жағдайындағы мектептерден және үш ауысымдағы оқытудан 2017 жылдың аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаңа мектептің құрылысын салуға бағытталады.
Шағын және орта бизнесті, экономиканың базалық салаларын қолдау үшін жеке компаниялардың басқаруына берілгенге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының қаражаттарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды.
Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдау әлеуметтік саясаттың басымдығы бар міндетті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теңге бөлуге тапсырма берілді.
Қазақстан Президенті дағдарыс уақытында отандық экономиканы қолдауға елеулі қаражаттың бөлінуі  Ұлттық қорды дер кезінде құрудың, зейнетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалаудың,  сондай-ақ, теңгенің еркін бағамына көшудің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Қалыптасып отырған сыртқы жағдайды ескере отырып, Үкіметке қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалауды қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекет басшысы өңірлердегі берілген тапсырмалардың орындалуының маңыздылығына, сондықтан, облыстардың әкімдері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді игерілуін қадағалау үшін  қолда бар барлық  ресурсты жұмылдыруға тиістігіне назар  аударды.
Жиын барысында елдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, мемлекеттік бюджеттің 2015 жылғы атқарылуы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов, ақша-несие саясаты жөнінде Д.Ақышев баяндама жасады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар