Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге күш саламыз

Елбасымыздың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланғаннан бері қысқа мерзім ішінде ауқымды шаруа-лар жүзеге асырылып үлгерілді. Ұлт жоспарында екінші  институттық реформа ретінде сот жүйесі аталып өткендігі белгілі. Соған сәйкес биылғы жылдың қаңтарынан бастап Ұлт жоспарын жүзеге асырудың нақты кезеңі басталды.

 

Бұрынғы бес сатылы соттың орнына  үш сатылы сот  құрылды. Аудандық және оған теңестірілген соттар – бірінші саты болып саналады, ал, облыстық соттар апелляциялық саты қызметін атқарады, Жоғарғы сот кассациялық сот болып табылады. Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Қазақстанның барлық тәуелсіз соттары мен құқық органдары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заңдылықтың қатаң сақталып, тәртіптің нығаюына қызмет ететіндігін атап өткен еді. Осы орайда, сот саласы өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауға бағытталған жұмыстарды тиісті дәрежеде жүргізіп отырғанын атап өткен артық болмас.
2014 жылы еліміздің Қылмыстық процессуалдық кодексіне көптеген өзгерістер енгізілсе, өткен жылы Азаматтық кодекске әлемдік талаптарға сай толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Заңдағы бұл өзгерістер сот жұмысын оңтайландырып, оның тиімділігі мен жеделдігін қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізді. Әділ сот төрелігін жүзеге асыруға халық өкілдерін қатыстыруға мүмкіндік беретін алқабилердің қатысуымен өтетін сот ауқымы біршама кеңейтілді. Бұндай қылмыстардың қатарында топ болып кісі өлтіру, қылмыстық топтардың адамдарды қорлап-зорлау немесе бопсалау үшін ұрлауы, топтасып адам ұрлап саудалау, кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту, кәмелетке толмаған балаларды саудаға салу сияқты аса ауыр қылмыстар бар.
Сондай-ақ, тергеу судьяларының да құзыреттері де біршама кеңейтілді. Ендігі уақытта тергеу судьялары азаматтардың жеке басын тінтуге қатысты санкция бере алатын болды. Сондай-ақ, мекеме, ұйымдардан құжаттар сұратып алу да тергеу судьяларының құзырында.
Өткен жылдың қаңтарынан бас-тап күшіне енген жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекстегі өзгерістерге сай облыс судьяларымен бір жылдың ішінде қылмыстық қуғындаушы органдардың әрекетіне байланысты 933 шағым қаралып, 84 шағымға байланысты санкция беруге шешім қабылданған екен.  
Жаңа Қылмыстық кодекстегі тағы бір өзгеріс – сотталған адамның мүлкін тәркілеуге байланысты. Бұрынғы заң бойынша сотталушының иелігіндегі барлық мүлкін тәркілеу қарастырылған болса, жаңа заңға сай оның жеке өзіне қатысты мүлкі ғана тәркілеуге жатқызылады. Егер оның асырауында балалары мен әйелі болса, олардың үлестері және заң талаптарына сай заңдастырылған, заңды жолмен табылған мүлкі мен ақшасы тәркілеуге жатқызылмайды.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстық соттардағы кассациялық саты тәртібімен істерді қарау тоқтатылды. Сол кезеңнен бастап облыстық сот түгелдей апелляциялық тәртіпте сот істерін қарауға көшірілді. Заңдағы жаңа өзгерістерге сай ендігі уақытта апелляциялық тәртіптегі істерді жеке судья емес, судьялар алқасы қарайтын болды. Ал, судьялар алқасы кем дегенде үш судьядан құралуы тиіс. Мұның өзі сот қараған істердің сапасы мен заңдылығына игі ықпалын тигізері анық. Қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» демей ме. Ендеше үш және онан да көп судьялардың бірлесе шешім шығаруы сот шешімдерінің сапасына оң ықпалын тигізетіні даусыз.
Өткен жылғы сот саласындағы елеулі өзгерістердің бірі ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексін қабылдауды айтқан жөн болады. Бұл кодекс әлем елдерінің ең озық заң талаптарына сай жасалған, соған орай сот жұмысын едәуір оңтайландыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жоғары деңгейде қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізетін заңнама болғаны анық. Жаңа кодекс биылғы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді.
Жаңа кодекске сай апелляциялық тәртіпте сот ісін қарауға шағым беру ережесі жалпы алғанда онша өзгере қоймаса да, шағым беру мерзіміне қатысты өзгеріс бар. Бұрын бірінші сатыдағы сот шешімі шығарылғаннан кейін тараптар он бес күннің ішінде апелляциялық қатарға шағым бере алатын болса, енді бұл мерзім бір айға дейін ұзартылған. Бұл түрлі себептермен үлгере алмай қалушылықтарға жол бермейді, яғни, адамдарға неғұрлым қолайлы жағдай жасау мақсатымен жасалған өзгеріс. Сонымен қатар, шағым беруші тараптар мемлекеттік алымнан босатылады.
Сот төрелігін жүзеге асыруды оңтайландыру және бюрократтық  іс-шаралар қатарын азайту мақсатында бірқатар істерді ықшамдалған тәртіпте қарау қарастырылған. Мұндай ықшамдалған істерді сот арыз түскен сәтінен бастап бір ай мерзім ішінде тараптарды шақырмай, жазбаша берілген құжаттарды негізге ала отырып қарайды. Ықшамдалған істердің санатына: ақшаны өндіріп алу (заңды тұлғалар үшін жеті жүз айлық көрсеткіштен, жеке тұлғалар үшін екі жүз айлық көрсеткіштен артық болмаған жағдайда); сомасына қарамастан, шағымданушы жауапкер тараптың ақшалай міндеткерлік жөніндегі құжатын көрсеткен жағдайда шығынды өндіріп алу; сотқа дейінгі дауларды қарау тәртібімен келісімдерді орындауға байланысты істерді қарау бар.
Жаңа Азаматтық кодекстегі тағы бір жаңалық – «Келісімге келу шаралары» деген арнайы тараудың енгізілуі. Аты айтып тұрғандай онда дауласушы тараптарды келісімге келтіру жайы қарастырылған. Өзгерістерге сай судья екі жақты келісімге келтіруге сот процесінің барлық кезеңдерінде ықпал етіп отырады. Қазақтың «елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегеніндей, бүгінгі судьялар заң бұзушыларды түгел жазалауға емес, мүмкіндігіне қарай дауласушы тараптарды екі жақты тиімді келісімге келуге ынталандыруға жете назар аударады.
Жаңа заңдағы тағы бір жаңалық ретінде барлық сот отырыстарының бейне және дыбыс жазбаларын жазуды міндеттеуді атап өткен жөн. Бұл судьяларды заңды бұзып, теріс шешім шығарудан сақтаса, дауласушы тараптарды да заңда белгіленген жауапкершіліктер мен міндеттіліктерді сақтауға мүдделі етеді.

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар