Биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 27 жыл толуына байланыс-ты Макинск қаласындағы саябақта интернационалдық борышын атқарған жауынгерлерге арналған ескерткіштің жанында осы соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен жауынгерлерді еске алу іс-шарасы өткізіліп, оған аудандық әкімдік қыз-меткерлері, ауған соғысының ардагерлері мен қала халқы қатысты.
Жиында сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Шахман Байдүйсенұлы сол кездегі Кеңес Одағы басшыларының саяси шешімінің кесірінен жас боздақтардың қыршынынан қиылғанын тілге тиек ете келіп, сол жауынгерлердің ерлік істері жайлы айтып өтті. Соғыста қаза тапқан бұландылықтарды бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін, боздақтарға арналған ескерткішке мекеме басшылары гүл шоқтарын қойды. Жалпы ауданнан Ауғанстанда 44 жауынгер интернационалдық борыштарын өтесе, И.Қожахметов, Ю.Макаренко, В.Павленко, Ю.Сало тәрізді боздақтар майдан даласында қаза тапты.
Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерді еске алу іс-шарасы мәдениет үйінде жалғасып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қ.Есімов он алты жасқа толған 38 бозбалаға алғашқы тіркеу куәліктерін салтанатты түрде табыс етті. Кеш соңында мәдениет үйінің өнерпаздары жиналғандарға өздері дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.
Бұланды ауданы.