Газ қондырғылары қалпына келтірілуде

Облыс орталығында 2012 жылдан бері жұмыс істейтін «Көкшетау-Транс-Газ» серіктестігі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Қызмет көрсету саласында өзін таныта білген  ұжым мүшелері  қаланың өтпелі кезеңде қираған газ шаруашылығын қайта қалпына келтіруде ыждаһаттылық танытуда. Серіктестіктің құрылыс монтаж жұмыстарымен айналысуына тиісті құжаттары бар.

 

Кәсіпорынның есебінде газ жинақтайтын станция мен он алты мыңға жуық тұтынушыны қамти алатын жүзден аса газ тарататын қондырғы бар. Біздің қарамағымызда газ шаруашылығы саласында еңбек еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Бүгінгі таңда кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Компания тек қана жұмыс орнын сақтап қалмай, ай сайын жұмысшылар санын көбейтуде. Серіктестік өз меншігіндегі газ тарататын қондырғылардың 36-сын, газ тұтынушылар жүйесі мен төрт мыңға жуық пәтер ішіндегі көк алау қондырғыларын қалпына келтіріп, пайдалануға берді. Алғашында газды орталықтандырған жүйемен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруға тұрғындар бейжай қараса, кейін бұл көзқарастары өзгерді. 2013-2014 жылдары тұрғындар баллон газынан орталықтандырған газбен қамтамасыз етуге сенімсіздік танытты. Қала әкімдігімен бірлескен жұмыстың арқасында 2015 жылы тұрғындардың сенімі мен тілегі артты. Мәселен, Қазақстан Республикасының бірінші Президенті күні «Центральный» шағын ауданы орталықтандырған газбен қамтамасыз етілді.
Көкшетау қаласы әкімдігі мен біздің кәсіпорын арасындағы келісілген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі меморандумына сәйкес, әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындар үшін жеңілдік жасау жөнінде міндеттеме қабылдадық. Меморандумға сәйкес, әлеуметтік көмекті қажет ететін 150 абонентке газ есептеу аспабы орнатылды. Әлемдегі қиын экономикалық жағдайға қарамастан, компания өндіріс қарқынын арттыруда. Өнімділікті арттыру үшін компания басшылары мен мамандары инновациялық шешім қабылдап, алға қойған міндеттерді орындау жұмысындағы концепцияны өзгертті. Тапсырмаларды жедел шешу тәрізді өзге де сапа есебінен біздің мамандар тұрғындарға сервистік қызмет көрсету деңгейін арттырды. Негізгі әріптестер – газ жүйесін қалпына келтіруге қажетті қондырғы мен материалдар тасымалдаушылардың 90 пайызы анықталды.
Кәсіпорын келесі жылы абоненттер санын 7 мың пәтерге дейін көбейтуді және 55-ке дейінгі газ тарататын қондырғы орнатуды бюджет қаржысынан тыс жоспарлап отыр. Сатылған газдан түскен ақшаны серіктестік Көкшетау қаласының орталықтандырған газбен қамтамасыз етуді қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыру үшін пайдаланбақшы. Компания мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бағдарламасын жүзеге асыруға дайын. Біз тек газ тарататын қондырғыларды ғана емес, Көкшетау қаласының үй ішіндегі газ тұтынушылар жүйесін қалпына келтіреміз. Біздің компанияның басты мақсаты тек газ тарататын қондырғыларды және Көкшетау қаласының қауіпсіз, сапалы газ тұтыну жүйесін қалпына келтіру емес, жаңа инженерлік газ тарататын жүйенің құрылысы мен табиғи газбен қала мен өңірді одан әрі қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру. Сондай-ақ, әртүрлі көлікті, ауыл шаруашылығы техникасын осындай отынмен қамтамасыз ететін автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станция жүйесінің құрылысын жүргізуді межелеп отырмыз. Табиғи газ қызметінің терминалы – газ тарататын станциясымен бірге сұйық табиғи газ қоймасы осы отынмен облыс-ты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Батыр ӘШІРОВ,
«Көкшетау-Транс-Газ»
серіктестігінің директоры.

Суреттерде: пәтерлерге газ есептеу аспабын орнату сәті;  көп қабатты тұрғын үй ауласындағы газ қондырылары қалпына келтірілуде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар