НҰРҒОЖАМЕН ҚОШТАСУ

Бұл өмір асу ма екен,
Белес пе екен?!
Есілдің ерке самал
Желі ессе екен.
Ағажан!
Мынау сайын сары даланы,
Өзіңсіз көзге қалай елестетем?!.

Сексеннің сеңгіріне енді өрлеген,
Кезіңді сызып қойып шеңберменен,
Әлі де жол бар еді сен жүрмеген,
Әлі де жер бар еді сен көрмеген.

Сөйлесең асып кетіп айдан әрі,
Қайтпаушы ең бір ән салмай тойдан әлі.
Сарыкөл сағыныштың көз жасындай,
Сарыарқа тағдырыңа байланады.

Мән бермей бұл өмірдің ұсағына,
Болдың сен қапалы да, құсалы да.
Бойынан Обағанның оза шауып,
Кіріп ең Қызылжардың құшағына.

Көтеріп ақындықтың асқақ атын,
Бақ тілеп сапарыңа басталатын.
Самғадың Ақмолаға қырандайын,
Дем беріп Ғабең, Сәбең қос қанатың.

Атанып ақын жігіт аймағыңда,
Киіктей орағытып ойға-қырға.
Жүрдің сен жарқ-жұрқ етіп хас батырдай,
Арқаның өлең-өнер майданында.

Болғанда ұлттың қамы дертің анық,
Жүректе ақындықтың өрті жанып.
Жарқырап ақ маңдайың жүруші едің,
Ақмаңдай жеңешемді ертіп алып.

 Тәуелсіз өмір сүру бақыттылық,
Сол сәтте жанарыңнан жақұт тұнып.
Тіреліп тұрған шақта тығырыққа,
Орныңнан сөйлеуші едің атып тұрып.

Ұрпағы Нарынбайдың нар ма екен деп,
Артушы ең намысыңды арға теңдеп.
Қараймын жан-жағыма алаң болып,
Тағы да сендей аға бар ма екен деп?!

Ел-жұртын өлеңімен асыраған,
Азайып бара жатыр асыл адам.
Көрінді бір өркеші кемігендей,
Қасыңда нар тұлғалы Қасым ағам.

Даланың бір тынбаған дауыл-желі,
Ер едің біздің заман – дәуірдегі.
Аттанып бара жатыр Мәңгілікке,
Ең соңғы Сарыарқаның жауынгері!
   Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар