Даңқты жерлесіміз туралы деректі фильм таныстырылды

 Таяуда Астана қаласында «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы түсіріпті. Фильмде Сағадат ағамыздың өмірі жан-жақты қамтылыпты.

 

Өзінің сұхбаты негізінен, соғыс жылдарында кеңес жауынгерлерінің ауыр жолдары, қазақстандықтардың, оның ішінде қазақтардың батыл соғысып, Бас қолбасшының мадақтауына іліккендері туралы өрбиді. Соғыстан кейінгі жылдардағы әскери қызметі жайында баяндай келіп, Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзіне Қорғаныс министрі сияқты өте жа-уапты, өте қиын шаруаны басқаруды сеніп тапсырғандығына ризашылығын білдіреді. Одан әрі алғашқы жылдардағы әскери кадрлардың тапшылығын қалай шешкендіктеріне, тағы басқа да қорғаныс саласындағы жұмыстарға тоқталады. Осы фильмнің тұсаукесер рәсіміне қатысқан генералдар Абай Тасболатов пен Бақытжан Ертаев Сағадат ағаның өздерін жас офицер кездерінде жоғарғы да жауапты қызметтерге ұсынғанын, адамгершілігіне, қарапайымдылығына нақты мысалдар келтіре отырып, бүгінгі дәрежелеріне сол кісінің ағалық қамқорлығының арқасында жеткендіктерін тілге тиек етті.
Фильмнің барысында баласы әкесінің туған жері Еңбек ауылына келіп, ата-анасы, өзінің жас кезінде не байқап, не көргені туралы сол  әкесінің кіндік қаны тамған  шоқ қарағайдың бауырында отырып, біраз сыр шертеді. Бұл да кино туындыдағы жан толқытарлық сәттердің бірі.
Үлкен ақсақалымыз, көрнекті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың Сағадат ағамызбен сырлас болғаны да осы фильмде жақсы аңғарыла түседі.  Әбекең Сағадат Қожахметұлының үй тұрмысының өте қарапайым болғандығын, тіпті, саяжайының жанындағы көршілерінен ешқандай айырмашылығы болмағандығын, министрдің саяжайы деуге келмейтіндігін сүйсіне отырып, көрермендерге жеткізді.
Армия генералының қызы әкесінің кітаптарды көп оқығанын, анасының ол кісінің абыройлы қызмет жасауына барлық жағдайды  жасағанын, саяжайларында жеміс-жидек, көкөністерді өздері өсіріп, қыстық қор жинап алатындығын айта келіп, сөзін  «әкеміз өте адал болды, министр ретінде ешқайдан ештеңе алғызбайтын», – деп қорытындылады.
Ол кісінің музыкаға да талғамы өте жоғары болғандығын консерватория ректоры, белгілі скрипкашы Жәния Әубәкірованың фильмді түсіру кезінде тілшіге берген сұхбатынан білдік.
Республика ардагерлер кеңесінің төрағасы, ғылым докторы Өмірзақ Озғанбаев мырза осы жиында Сағадат Қожахметұлының республикалық ардагерлер кеңесінің аяғынан тік тұруына сіңірген еңбегі туралы айтып берді. Басқа сөйлеушілер де фильмге оң бағаларын беріп, ризашылықтарын білдіріп, қолда бар деректермен әлі де фильмді кеңейтуге болатындығына автордың назарын аударды.
Бұл тұсаукесер рәсімінде Сағадат ағаның жерлесі ретінде маған да үндемей қалуға болмайтын болды. Мінбеге шығып, ағамыздың табиғаты әсем Ақкөл өңірінің қарағайлы, орманды жерінде дүниеге келгенін, 75 жылдық мерейтойы Еңбек ауылында өткенде бізді өзінің туысының үйіне апарып, «мен генералмын» деп қарап отырмай,  қызмет көрсетіп, қарапайымдық танытқанын айтуыма тура келді. Әскери дәрежесі де, шені де жоғары бола тұрып, немере інісінің баласын ауған соғысына баруынан босатқызбай, өзін бұқара халықпен тең санағанын ауызға ала келіп, ол кісіге өзіміз халық маршалы  деген атақ беру туралы ұсыныс енгіздім. Жерлестері атынан «Қазақфильм» ұжымына ризашылығымды білдіруді де ұмытпадым.
Шараның соңында фильм авторы жиналғандардан осы деректі фильмді қазақстандықтарға көрсетуге қолдау жасауын сұрады. Біздің жерлесіміз, мақтанышымыз, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовты ақмолалықтар, әсіресе, соның ішінде ақкөлдіктер кеңірек біле түсуі  үшін облыстық мәдениет басқармасы немесе Ақкөл аудандық тіл және мәдениет бөлімі осы фильмді алғызып, әрбір елді мекенде көрсетсе, даңқты  жерлесімізге деген орынды құрмет болар еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті
азаматы.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар