Арналар «KazSat-3» жерсерігіне көшеді

Бүгінгі таңда телерадио арналары еліміздің рухани дамуына, экономикалық өсуіне, әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық институттардың өз жұмысын жетілдіруіне  барынша ықпал ететін маңызды ақпарат құралдары айналуда. Қазақстан Республикасында бірегей ақпараттық кеңістік құру аясында телерадиохабарлар таралымын ең алдымен, азаматтардың конституциялық құқығы мен еркіндігі тұрғысынан қарастыру қажет.

Соңғы 5 жылда электрондық ақпарат құралдары мен жаппай коммуникацияны өндіру және тарату саласында бірқатар өзгерістер болды. Негізінен жерсеріктік телехабар тарату желісінің дамуы, аналогтық жүйеден сандық желіге көшу, сандық ағымдарды сығу, кодтау және мультиплексиялау, интерактивті қызметтердің пайда болуы, ғаламтор желісі мен ұялы байланыс дамуына байланысты өзгерістер.  
Барлық мемлекеттер ең алдымен, байланысты тәуелсіз етуге тырысады, өйткені, байланыс – мемлекетті басқарудың маңызды жүйесі. Қазақстан Республикасының Ұлттық операторы – «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы өзінің сандық телеарналарының хабар таратуын шетелдік жерсеріктен отандық жерсерікке көшіруді бастады. Ұлттық «KazSat» жүйесі қазақстандық операторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған еді. Телекоммуникациялық «KazSat-3» ғарыш аппараты байланыс, телехабар тарату және Қазақстан мен жақын шетелдерге жоғары жылдамдықты Интернет жеткізу қызметтерін қамтамасыз етуге бағытталған. Енді барлық сандық телеарналар қазақстандық «KazSat-3» жерсерігінің байланыс арналары арқылы өтетін болады.
«KazSat-3» жерсерігі арнайы телехабар тарату үшін жобаланған, әрі еліміздің барлық аумағына телевизияны таратуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, жүйе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін арттырып, мемлекеттік органдарды тәуелсіз байланыс арналарымен қамтамасыз етеді, шетелдік жерсеріктерді жалға алуға қаражат ағымын тоқтатады. «KazSat-3» жерсерігінде жиіліктің Ku-диапазонындағы 28 транспондер орнатылған, олар Қазақстан аумағын байланыс қызметімен қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен 1 миллионнан астам отбасы «Otau TV» желісіне қосылған, ал бұл 4 миллионнан астам қазақстандық үшін телеарналар мен радиостансаларды тыңдайтын ақпарат көзі – «OTAU TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі деген сөз.  Барлық абоненттер үшін қондырғыны қалыпты күйге келтірген кезде 58,5 градусқа жаңа геостационарлық позиция тіркелуі керек. Көрермендер Қазақстанның барлық жерінде қосымша арналар көре алады. Отандық жерсерікке көшудің арқасында сандық арналар қолжетімді болады. Отандық өндірісті қолдау бағдарламасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған болатын, бағдарлама мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясатының маңызды бір бағыты болып табылады.   
Әлемдік экономиканың қазіргі
ахуалында жаңа отандық өндірістердің пайда болуын күшейту керек. «Қазақстандық өнімді таңда!» немесе «Қазақстанда жасалған» – жай ғана патриоттық ұран емес, әрбір қазақстандықтың өз болашағына, өскелең ұрпақтың келешегіне қосқан үлесі деп бағалауға болады.

Винер АРЫСЛАНБЕКОВ,
«Қазтелерадио» акционерлік
 қоғамының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар