Көңілден шығатын істер бар

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен Көкшетаудағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, олардың жұмысымен таныс-ты. Сондай-ақ,  2016 жылдың 20 наурызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттарының сайлауы өтетін учаскелердің дайындығына да назар аударды.

  Облыс әкімі алдымен Жайлау шағын ауданындағы №21 орта мектеп ғимаратында орналасқан №25 сайлау учаскесінде болды.  Қазіргі кезде 2 облыстық және 9 қалалық сайлау округінің құрамына кіретін бұл сайлау учаскесінде барлығы 2980 дауыс беруші тіркелген. Аталған учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Қуаныш Нұрғалиеваның айтуынша,  алдағы демалыс күні өтетін сайлауға барлық жағдай жасалынған, дауыс берушілердің тізімі нақтылануда.
– Сайлаушылардың тізімін тағы бір қарап шыққан артық болмайды. Мұндай маңызды шарадан ешкім де тыс қалмай, барлығы бірдей қамтылуы қажет. Дауыс беруге келгендердің барлығына бірдей жағдай жасауды қамтамасыз ету керек,  –  деді өңір басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар,  облыс әкімі аталған білім ордасының мұғалімдері және жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Кездесуде білім беру саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтылды.
Бұдан кейін облыс басшысы Абай және Горький көшелерінің қиылысындағы жаңадан ашылған «Best fast food» қоғамдық тамақтану,  үй жиһаздарына қажетті материалдарды сататын «Комфорт» сауда үйінде болды.  Облыс әкімі шағын және орта бизнестің дамуы-на үлес қосып отырған мекеме басшыларының істеріне оң баға беріп,  сәттілік тіледі.
 «Достар» мәдениет сарайының ғимаратында орналасқан № 40 сайлау учаскесінің дайындығына да назар аударылды. №13 облыстық және №13 қалалық сайлау округтерінің құрамына кіретін аталған сайлау учаскесінде барлығы 1858 дауыс беруші тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Нүгертаеваның айтуына қарағанда, сайлау учаскесі алдағы науқанға толық дайын.
Облыс әкімі «Қазақстанның халық банкі» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының жұмысымен де танысты. Банк  басшысы Гүлнәр Құсайынова өткен жылдары аталған банк филиалының бас ғимаратына 100 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, клиенттерге тәулік бойы қызмет көрсететін төрт бірдей жаңа терминал орнатылғанын, оған қоса, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында өзге де шаралар қолға алынғанын атап өтті.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суретте:  «Қазақстанның халық банкі» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалында.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар