Жас дарындардан үміт мол

Көкшетауда өткен жаратылыстану және математика пәндері бойынша оқушылар арасындағы республикалық олимпиада шеңберінде  дарынды балалардың жасаған жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

 

Көрмеге облыс орталығындағы орта мектептердің оқушылары жасаған жобалардың макеттері қойылды.
Қаладағы №17 орта мектептің физика-математика үйірмесінің жетекшісі Баян Таргенова оқушылардың қолымен жасалған инновациялық жобалар жа-йында әңгімелеп берді. №14 мектептің оқушысы Рафаэль Хисамутдинов жасаған күн батареясының жобасы өндіріске енгізілген жағдайда шағын кәсіпкерлер үшін таптырмас қуат көзі болады десек, артық айтқандық емес. Күн сәулесін электр қуатына айналдыратын құрылғы тұрғын үйді ғана емес, шағын кәсіпкердің шаруашылығына қажетті қуатты қамтамасыз етуге де қауқарлы. Көкшетаудағы №5 орта мектепте бүгінде шағын күн батареясы пайдаланылып, одан түрлі қажеттіліктерге қолданатын электр қуаты алынып отыр.
Көкшетаудағы №3 орта мектептің оқушысы Бибінұр Жанәбіл жасаған қоқыс тазартқыш робот қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлесін қосатын болашақтың техникасы болады деген үміт бар. Әзірге шағын батареямен жұмыс істейтін құлтемір өндіріске енгізілсе, айналаны қоқыстан тазартуда таптырмас құрал болары даусыз.
Облысымыздың әр өңірлерінен келген оқушылардың қолымен жасалған жоба макеттерінің арасында өндірістің дамуына елеулі серпін беретін инновациялық жобалар аз емес екен. Соларға қарап тәуелсіз елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы озық мемлекеттерінің санатына қосуға ықпал ететін дарынды жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын көргендей қуанып қалдық.
Қалкөз ЖҮСІП.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар