Балалар қатерлі дертке шалдықпаса екен

Ғылым мен техника шарықтап дамыған қазіргі заманда да туберкулез адамзат баласына үлкен қатер төндіретін дерт күйінде қалып отыр. Елімізде бүгінгі таңда осы қатерлі індет біршама бәсеңсіп, жағдай тұрақтандырылды десек те, атқарар шаруа көп. Осы орайда, туберкулезге қарсы күрес шараларын босаңсытпау басты міндет болып табылады.

Соңғы жылдарда балалар арасында туберкулезбен ауыратындар қатарының өсуі алаңдатады. Осыған байланысты ауруды асқындырмай, алдын ала анықтауға үлкен көңіл бөлінуде. Балалар арасындағы туберкулезді анықтаудың негізгі тәсілі – туберкулин диагностикасы болып табылды. Яғни, иммундық қуаты азайған, дертке шалдығу қаупі бар балалардың терісінің астына манту қою арқылы дерт анықталады. Мантудың реакциясы – бұл егу емес, диагностикалық тест. Манту қолданудың негізгі мақсаты туберкулезбен бірінші рет ауырғандарды, ауруға қарсы егуді қажет ететіндерді анықтау және дерт асқынбай тұрып, алдын ала емдеу шарасын қолдану болып табылады.
2014 жылдың тамыз айынан бастап облысымызда туберкулезбен ауырғандарды анықтаудың инновациялық жаңа тәсілі – диаскинтест қолданыла бастады. Оның ерекшелігі сол адам ағзасында жасанды белоктар болғанда ғана ауруды анықтай алады. Ал, мұндай жасанды белоктар туберкулезді қоздырғышта ғана кездеседі. Осыған орай, бұл тәсіл қатерлі дертпен ауырған адамды дәл анықтауға мүмкіндік береді. Диаскинтест арқылы иммундық қуаты әлсіреген, бірақ бойында ауру қоздырғыш бактериялар жоқ адамдарға дерттің алдын алуға байланысты шаралар кешені белгіленеді. Бұл әсіресе, балаларды қатерлі дерттен сақтауға үлкен игі ықпалын тигізуде. Мұндай жағдайда жас баланың ағзасына залалын тигізетін химиялық препараттармен емдеудің қажеті болмайды.
Туберкулез ауа арқылы таралып, жұғатын дерт. Ауру қоздырғыш бактериялар ауада ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан, дертті жұқтыру қаупі қай жерде де кездеседі. Дегенмен, ауру қоздырғыш ағзаға енгеннен кейін бірден әсер етпейді. Адамның бойындағы иммундық қуаттар оған кедергі келтіреді. Ал, адам әлсіреген кезде ауру да бас көтереді. Әсіресе, дерт әлі бұғанасы қатпаған жас балаларға үлкен қауіп туғызады. Сондықтан да, елімізде, оның ішінде біздің облысымызда балаларды осы қатерлі дерттен сақтау жайына жете көңіл бөлінуде. Облысымыздың әр өңірінде туберкулезден емдейтін мамандандырылған балалар мекемелері жұмыс істейді. Солардың қатарында 150 орындық шипажай типті «Жұлдыз» мектеп-интернаты,
Бұланды ауданындағы 25 орындық «Арай» шипажайы сияқты балалар мекемелері бар. Балаларға арналған емдеу-сауықтыру жұмыстарының бәрі тегін жүргізіледі.

Рысты ШОЛАТАЕВА,
Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола
облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері
балалар бөлімшесінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар