Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірлікті нығайтып, ертеден келе жатқан дәстүрді жалғастыру мақсатында облысымыздың қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты еңбекпен түзеу мекемелерінде Наурыз мейрамы өз деңгейінде атап өтілді.
Наурыз мейрамын қазақ халқы бір ай бойы тойлаған. Сол себепті темір тордың арғы жағында бостандыққа шығар күндерін аңсап, тиісті жазасын өтеп жатқан жандар үшін бұл шуақты мерекені атап өтудің кештігі болған жоқ.
Бұл күні олар да қарап қалмай, өз тараптарынан барынша атсалысуға тырысты. Іс-шараның салтанатты бөлігі, мекемелердегі сотталғандардың шығармашылық тобымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен ашылды. Мекеме әкімшілігі арнайы контингентке құттықтау сөздерін айтты. Мерекенің тарихы жайлы дәрістер оқылып, викториналар өткізіліп қана қоймай, ұлттық нақыштағы әндер де айтылды. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» тақырыбында сахналық қойылымдар қойылды. Концерт аяқталысымен «22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» тақырыбына қабырға газеттерінің сайысы өтті.
Шараның салтанатты бөлігі аяқталған соң қазақ халқының арқан тарту, қол күрестіру, асық ату сияқты ұлттық ойындары ойнатылды. Оған қоса жасақ арасында үстел теннисінен, шахматтан, дойбыдан, гір көтеруден де сайыстар
өтті.
Халқымыздың қасиетті мерекесін, ұлыстың ұлы күнін тойлауға белсенді қатысқан және сайыстарда жеңімпаз атанғандарды мекеме басшылығы мадақтамалармен марапаттады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: арқан тартудан көрініс.