Аудан орталығындағы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалы Асқаровтың туғанына 85 жыл толуына орай, еске алу кеші болып өтті.
Шарада ұлағатты ұстаздың жастар тәрбиесіне сіңірген еңбегі жөнінде үзеңгілес әріптестері, тәлім алған шәкірттері кеңінен әңгімелей түсті. Кеш қонақтары, Ғалы ағаның бауыры Қанапия ата, жеңгесі Фатима, қарындасы Гауһартас мазмұнды да тартымды естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Әрі ұстаздың құжаттары мен әр жылдары алған марапаттарын музейге табыс етті.
Білікті маманнан тәлім алған әріптестері, бүгінде өздері де ардагер ұстаз атанған
Раушан Бекмолдақызы, Қайрат Өсіпов, Валентина Волкова өткен күндердің қызықты сәтін, тәлімгердің барлық ізгі қасиеттерін естеліктеріне арқау етті. Сонымен бірге, институтта дәрісін тыңдаған, қолынан диплом алып, осы салада еңбек етіп жүрген кешегі студенттері де жан толқытарлық тартымды әңгімелерін ортаға салды.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов өз сөзінде есте қаларлық, келешек ұрпаққа мол тәлім боларлық осы кешті ұйымдастырған музей директоры Ләззәт Түгелбаеваға алғысын білдірді. Кездесу көпшілік арасында кең тараған халықтың сүйікті әндерінің бірі «Ұстазым» әнімен аяқталды.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.
Ерейментау ауданы.