Терезеден телміріп қарап отырғаныма екі сағаттан асып кетті. Жан-жағыма қарап «әу» деп айтуға да шамам жоқ. Санамдағы «сен қайдасың?» деген сұрақ маза бермейді. Сол ойдың жетегінде көз алдыма сан қилы көріністер елес береді.
Ішімнен сол үміт отын сыйлап, өмірімнің мәнін келтірген бейтаныс жігіт қайда жүр екен деп ойлаймын. Бәлкім, оқу бітіріп шет елге кетті ме, әлде жетімдер үйінде ерікті болып жүр ме екен?
Осы белгісіздік жанымды күйдіріп, өртейді. Өзімді қоярға жер таппай, күйзелемін. Кейде «әйтеуір қара жерді басып жүрсе болғаны» деп қоямын. Әттең… Қазір бір сәтке болсын қара көздеріне үңіліп, өмірімнің жаңалықтарын, ең бастысы, ол өзгерткен өмірімнің бір үзігін мақтанышпен баян етсем ғой. Пойызда кездестірген өзі айтпақшы, «Ерке қыз» еркелігін қойып, үлкен өмірге үлкен мақсат арқалап аяқ басқанын, қолынан енді қуыршақ емес, кітаптың түспейтінін білсе деймін. Бірақ, мен оны оған қалай жеткіземін? Іздеп, табайын десем, не мекен-жайын, тіпті тегін де білмейді екенмін. Тек оның «әрбір сүрінгеніңді бақытсыздық деп санама. Бәлкім, сенің шын бақытың сол жерден басталар» деген Лев Толстойдың тұжырымын көліктен түсіп бара жатқанда айтқаны ғана есімде қалыпты. Шын мәнісінде бұл сөздің жаны бар екенін кейін түсіндім. Ақымақ басым, бәрін кейін түсінсем амал қанша?! Әкем «баланың ісі шала» деп отырушы еді, сонысы рас болғаны ғой.
Бейтаныс жігіт, аспанға сансыз шам іліп, Сізді іздеймін. Ағалық ілтипатыңызды білдірсеңіз, маған одан артық бақыт болмас еді. Сіз аңсаған арман қаласы маған да мекен болды. Менің санамды жаулаған тәтті елес бүгінде менің өмірімнің айнасы іспеттес…
Айман БАЗЫЛХАНОВА.
Сандықтау ауданы.