ЕҢБЕКТІҢ ӘМІРШІСІ

Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген кезімде тәжірибе алмасу мақсатында арнайы астанамыз Алматыға барып, идеологияның маңызды саласы – көрнекі үгіттің  жағдайымен танысқан едім. Сондағы тапқан ең  үлкен олжам, «Еңбек – әлемнің әміршісі» деген ұлағатты сөзді алып келіп, Шиелі кентінің тау беткейіндегі ұлы жолдың бойына көрнекті етіп жаздырып қойдым. Менен кейін ауданға жеті әкім келді, бәрін де Тәңір жарылқасын, осы киелі жазу бүгінгі күнге дейін әрбір жолаушының көз алдында солай тұр. Иә, бұл бүкіл адамзатқа арналған ұлағатты ұран барша жұртты адал еңбекке шақырып мәңгілік тұруы керек. Өйткені, онсыз өмір жоқ, әлемдегі бар бақыттың, бар байлықтың атасы да, анасы да еңбек.

 

Еңбексіз ештеңе де болмайды. Сондықтан да, әрбір адамға, азаматқа, басшыға баға бергенде, ең бірінші кезекте оның жеке басының еңбекке деген көзқарасы, еңбекті бағалауы, еңбексүйгіштігі, еңбек ету қабілеті ескерілуі керек деп ойлаймын.     Адал еңбек – бүкіл әлемге, бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Осыған орай, егер «Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, онда бүгінгі мақаланың кейіпкері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков еңбектің әміршісі дегім келеді.
Еркін Нұржанұлы өзін, өмірін жасампаздық, жанқиярлық еңбекке арнаған азамат. Бұл дүниеге тек жұмыс үшін, еңбек ету үшін келгендей. Ол өмірдің адамға қажет басқа да құндылықтарына, қызықтарына, рахатына, ләззатына басын бұрмады, көзін салмады, бойын алдырмады. Ол үшін қаншама қажыр-қайрат, ерік-жігер, ынсап, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тежеу, өзін-өзі сақтандыру, өзін-өзі сақтау керек десеңізші. Бұл екінің бірі, егіздің сыңары түгілі, атқа мінгендердің мыңынан бірінің де қолынан келе бермейтін азаматтық ерлікке пара-пар өнеге емес пе?!
Қосшылардың ішінде де, басшылардың ішінде де жұмысқа жан-тәнімен беріліп, жұмысты өзім, өмірім деп білетін жанкештілер (фанатиктер) болады. Олар жұмысты ернінің ұшымен, саусақтың ұшымен емес, бар күш-қуатымен, ынта-ықыласымен істейді. Олар – ұжымның, саланың көшбасшылары, темірқазығы, өзегі. Жұмысты негізінен осындай адамдар ғана тындырады. Ал, қара көбейтіп, барғанмен барып, келгенмен келіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, сайда саны, құмда ізі жоқ, ұшарымды жел білер, қонарымды сай білер деп қара басының қамын күйттеп жүрген пенделер қаншама?!.
Еркін Әуелбеков осындайлармен жаны қас болды, мейлі, ол жоғарыдағы бастық болсын, мейлі ол төмендегі бағынушы болсын, бәрімен аяусыз күресіп, алысып, арпалысып өтті. Жайдақ атқа мініп алып, жауға жалғыз шапқан ер жүрек батырдай, өмірдің өткел бермес өзеніне қарсы жүзді. Осының бәрінің өзінің жеке басына қаншалықты зиян келтіретініне қарамады, ескермеді, есептеспеді. Ол бұл күресте ешуақытта жалпақшешейлікке, көңілжықпастыққа, көлгірсуге, ымырашылыққа, немкеттілікке, немқұрайлыққа  бармады. Негізінен, шектен шыққан шенеуніктермен, сыбайлас жемқорлармен, жұмысты нашар істейтін жылпостармен, жағымпаздармен,  қолы, жолы таза еместермен күресті.
Ерекеңе Алла тағала ақыл берген, табиғат талант сыйлаған, тағдыр білім мен тәжірибені тарту еткен. Сондықтан да, бүкіл өмірінде қандай да бір қызметті болсын тыңғылықты, нәтижелі атқару үшін қауқар-қабілеті, төрт жағы құбыла, төрт қаруы сай, өз заманының қажырлы да қайратты  мемлекет және қоғам қайраткері болды. Әділеттіліктен аттамау үшін бұл басы ашық шындықты да айтуымыз керек.
Ол Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында ақылы мен табиғи  талантына сай терең, тыңғылықты, тиянақты білім алды. Ал, еңбек жолын МТС-тің (машина-трактор станциясы) бас агрономы, МТС, кеңшар директоры болудан бастап, облыстық  кеңестің атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық партия комитетінің салалық хатшысы, облатком төрағасы, екі министрлікте бірінші  орынбасар, министр, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылығына дейін өсіп, үлкен өмір мектебінен өтті, ұшы-қиыр тәжірибе жинақтады, биліктің ең жоғары сатыларына дейін көтерілді. Ерекең қызметтің  барлық баспалдақтарынан секірмей, аттамай өтіп, дұрыс, ретті, таза, түзу  жолмен өсті.
Қандайда бір талантты, дарынды адам жылдам білімді, білікті бола алады, бірақ, тез тәжірибелі бола алмайды. Тәжірибе деген «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен  боласың» дегендей, елден, халықтан, тарихтан, уақыттан, уақиғалардан үйренетін, мысқылдап жиналатын ерекше құндылық қой. Міне, Қазақстанда кеңес дәуірінде үш облысты нәтижелі басқарған, бай өмір тәжірибесін жинап, республикамыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан хатшылар Еркін Әуелбеков, Асанбай Асқаров, Мұстақым Ықсанов екені баршаға аян. Бұрын да, қазір де өмірде кездесіп отырған келеңсіздіктер мен кемшіліктер кейбір басшылардың өмір мектебінен тиісінше өтпегендігінен, тәжірибесінің жеткіліксіздігінен, көшеден келіп көсем болғысы, есіктен кіріп төрге шыққысы келетіндігінен болған және болып отыр.
Еркін Нұржанұлының басқа басшылардан ерекшелігі мен артықшылығы – көп оқыды, көп ізденіп, көп білді, көп еңбектенді. Өзі жазады, өзі сызады, өзі есептейді, өзін-өзі қамшылайды, өзін-өзі мазалайды, өзін-өзі жазалайды. «Өзін-өзі аямаған адам кісі бетін шиедей қылады» демей ме, ешкімді де аямайды. Жұмысты, қызметтік міндетті, мемлекеттің, халықтың мүддесін бірінші кезекке, бәрінен де жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл, халықшыл азамат еді.
Еркін Әуелбеков халық  шаруашылығының барлық салаларына сол саланың кәсіби мамандарының дәрежесінде талдау жасай алды, міндет қоя, талап ете, баға бере білді, жұмысты ұйымдастыра алды. Ерекеңнің өмірдегі бар табысы, абыройы, атағы, жеңісі, жемісі, сыйынары, сүйенері, сенері тынымсыз, жанқиярлық еңбек, тағы да сол еңбек болды.
Ертедегі бір грек философы «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының ең биігі» деген екен. Сол айтпақшы, елді, халықты басқару деген өнер, өнердің өнері. Облысты қойып, аудан, ауыл басқару, тіптен өзіңді өзің басқару да оңай шаруа емес.
Әдетте, кез келген басшылық қызметте болған адам алғашқыда жұмысты өте қызу, қарқынды, қатты бастайды. Келе-келе белгілі бір дәрежеде бедел жинайды, абыройы артады. Сосын жұмысты жан қинамай істеудің әдістері мен формаларына көше бастайды, бір қолымен жұмыс істеп, бір қолымен орынтағының шайқалмауын ойластырады.
Еркін Нұржанұлы Қызылордаға келгенде, КОКП Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің  депутаты, Социалистік Еңбек Ері, Одаққа белгілі, атынан ат үркетін азулы, қажырлы, қайратты, айбатты хатшылардың бірі еді. Ол кісінің беделі Қызылорда облысын жан қинамай-ақ, жәй отырып та басқаруға әбден жететін еді. Бұрын да Қызылорданы пісте шағып отырып басқарған хатшылар болды ғой.  Алайда, Еркін Әуелбеков олай істемеді.
Ол хатшылыққа жаңа сайланған жас адамдай жұмысқа өте қызу кірісті. Күн демей, түн демей, шаршамай-шалдықпай, қажымай-талмай жұмыс істеді. Еңбекші халықпен етене араласты, облысты түгел аралап шықты, оның өткеніне, сол кездегі жағдайына, болашағына терең талдау жасады, алдымен, өткір проблемалар мен өміршең мәселелерді айқындап алды.
Соларды шешудің жан-жақты, кешенді жолдарын қарастырды, одақ, республика басшылары алдына принципті, батыл мәселелер қоя білді. Соның нәтижесінде  Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде  одақтық, республикалық деңгейде бес бірдей қаулы қабылданды. Нәтижесінде Қызылорда облысы үшінші категориялы облыстан екінші категориялы облыстың қатарына қосылды, шөлейттік коэффициент енгізілді, халықтың жағдайы біршама жақсара түсті. Облыста мұнай өндіру мақсатында ұңғылау жұмыстары басталды. Өнеркәсіп, құрылыс саласында да бірқатар игілікті жұмыстар атқарылды. Заңдылық, тәртіптілік пен әділеттілік ахуалын қалыптастыруға бар күш-жігерін салды. Ерекеңнің ерекше атап өтуге тұрарлық, баршаға өнеге боларлық қасиеті қолының, бүкіл өмір жолының тазалығы еді. Соншама жыл жоғары қызметте жүріп дүниеге қызықпаған, оған көз салмаған, дүние жинамаған кісі. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демей ме. Ерекең таза, адал жолдан ешуақытта ауытқымаған азамат.
Еркін Әуелбеков Мәскеуге көшіп барғанда үйінде дұрыс телевизорының жоқ екенін өз көзімізбен көрдік. Оны мәңгілік сапарға Алматыдағы көп қабатты үйдің үш бөлмелі пәтерінен шығарып салдық. Тіпті, Ерекеңнің шағын ғана отбасының бүгінгі күні орташа күн көру мүмкіншілігінің де жоқ екендігіне Қызылорданың бір топ азаматтары куә болдық.
Ал, енді бұл не деген азаматтық, бұл не деген тазалық, бұл не деген адалдық  десеңізші?!. Періштең немесе пендең осындай-ақ болсын. Қазіргі қазаннан қақпақ, адамдардан қанағат кеткен, небір азаматтар құнығып, кеңірдегі майланып, көзі байланып, байлықтың құлына айналған заманда Ерекеңнің тұлғасы одан сайын биіктеп, аңызға, арманға айналуы әбден мүмкін. Қазақстанда Еркін Әуелбековті білетіндер де, білмейтіндер де, түсінетіндер де, түсінбейтіндер де, жақсы көретіндер де, жек көретіндер де, мақтайтындар да, даттайтындар да аз емес. Бұл заңды құбылыс. Халықта «Жақсының жауы көп, жаманның дауы көп», «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген сөз бар. Ал, басшы болған адамның аласы ішінің де ішінде, одан да әрі жатады.
Еркін Әуелбеков болса, өте күрделі, көп қырлы, өзі, өмірі қатпар-қатпар қарама-қайшылықтан, аңыз бен ақиқаттан тұратын, ешкімге де ұқсамайтын, тек өзі-өзіне ұқсайтын, ерекше, жұмбақ тұлға. Сондықтан, кейбіреулердің Ерекеңе бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып едік, бір рет көріп едім,  қолын алып едім, аяқ киімін қойып едім, шайын әперіп едім, бір рет сапарлас, дәмдес, тұздас болып едім деп, оған баға берумен әуестенушілігі бос әурешілік, әлін білмеген әлек деген сөз. Мәністің де мәнісі бар, әр істің терең сыры, әдісі бар, мәніс білмегеннің мәністе не ісі бар?!.
Құдықтың түбінде жатқан құрбақаға аспан да алақандай болып көрінеді. Ерекеңдей тұлғаларға баға беру үшін құдықтың түбінде тұрып емес, белгілі бір биіктіктен қарау керек, ол  үшін деңгей керек, ол кісімен замандас, тағдырлас, үзеңгілес болу керек, оның өзінің, өмірінің, қызметінің қыр-сырын, құпиясын терең түсіну керек, білу керек. Ерекеңе екіні екіге қосса төрт болады, мынау ақ, мынау қара, мынау жақсы, мынау жаман деп, қарадүрсін, қарабайыр баға бере салудың реті жоқ.
Халық даналығы: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ»  дейді. Бұл даналықтың ет пен сүйектен жаралған, жер бетінде жүрген жұмыр басты пенделердің бәріне де тікелей қатысы бар.  Жақсы адам, ақылды адам қателеспейтін адам емес, кішігірім қате жіберіп, өз қатесін өзі біліп, өзі жөндейтін адам. Атам қазақ: «Өз қатесін білген адам, он кісіге төрелік айтады» дейді.
Иә, барлық адамдар, барлық басшылар, біздің бәріміз сияқты Ерекеңнің де кемшіліктері, қателіктері, ағаттықтары, артық кеткен жерлері, әттеген-айлары, өкініштері мен өкпелері, армандары аз болған жоқ. Қазақтың  данагөй қариялары өлейін деп жатқан ең соңғы сәттерінде көңілін сұрап барып, «қалыңыз қалай?» деген сұраққа «құдайға шүкір, жақсымын» деп жауап береді. «Жақсы сөз, жарым ырыс» деген ғой, жаманмын деп ешуақытта да айтпайды.
«Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ» деген де бар. Шындығында, айналайын қазақ тірісінде ешкімді де аямайды, бірақ, өлгесін ешкімді де жамандамайды. Біріншіден, атам қазақтың осы екі ұлағатты үлгісін, өнегесін  басшылыққа алып, мен Ерекеңнің кемшіліктері мен қателіктерін құлағынан сүйреп, мұрнынан тізіп, көзін жәудіретіп айтқым да, жазғым да жоқ. Екіншіден, Ерекең өз кемшілігін өзі білетін, он кісіге емес, бүкіл Одаққа төрелік айта алған кісі, тірісінде  бәрін де түсініп, бәрін де біліп, бәрін де мойындап кетті.  Үшіншіден, ең негізгісі, Ерекеңнің биік болмысы, оның заманы мен замандастарынан оқ бойы озық мағыналы да мақсатты, қиын да қызықты ғұмыры, артықшылығы мен ерекшелігі, ел, халық, мемлекет алдындағы теңдесі жоқ жасампаз еңбегі оның кемшіліктері мен қателіктерінен мың есе артық екені адамға да, Аллаға да аян. Төртіншіден, бұл дүниеде қолыңмен істеген жақсылығың үшін де, жамандығың үшін де жарылқайтын да, жазғыратын да бір Алла.
Өмір деген өте қызық, өте түсініксіз, кейде жұмысты жаман істейтіндерден гөрі жұмысты жақсы істейтіндердің басшыларға көбірек жақпай қалатыны бар. Жұмысты орташалау, ілініп-салынып істеп, бір батып, бір шығып, сенікі де дұрыс, оныкі де дұрыс деп бас шұлғып, басшының қасы мен қабағын бағып жүретіндердің саяси сахнадағы өмірі ұзақтау болатыны  да ақиқат.
Ерекең өзінің жұмысты жақсы істегені үшін де, жіберген майда-шүйде қателіктері мен кемшіліктері үшін де тағдырдан, Тәңірден жазасын бірнеше есе артық алды. Асыл азамат әділетсіздік пен әлімжеттіліктің, зорлық пен зомбылықтың, қиянат пен қорлықтың, зәбір мен жәбірдің құрбаны болып, өлгеннен басқаның бәрін көріп, дүниеден озды.
Ереке! Халықта «Өлік өлік  емес, тірі өлік» деген сөз бар. Сіз айға да, күнге де, аспанға да, жерге де, елге де, халыққа да әйгілі жәйттердің бәрін біліп, бәрін естіп, бәрін сезіп жатырсыз. Тек Сіздің ғана тағдырыңыз емес, Алаштың бар асылдарының, жақсылары мен жайсаңдарының тағдыры осындай. Сондықтан, ешкімге де, ештеңеге де өкпелеуге болмайды. Бәріне де жоғары мәртебелі халық, уақыт, тарих төреші.
Осы орайда, Ерекеңді жақсы білетін, замандас, тағдырлас, әріптес, үзеңгілес, қолдауын да, қысымын да бастан өткерген, сынасып та, сыйласып та көрген адам есебінде менің айтарым, ешкім Ерекеңді мақтап та, жамандап та бәйге ала алмайды. Мақтап жоғарылата алмайсың, жамандап төмендете алмайсың. Тірісінде де, өлгесін де ол кісіні сынау, мінеу, артынан топырақ шашу Н.С.Хрущевтің сөзімен айтқанда «Айға үргенмен бірдей».
Әділеттілік үшін айтуым керек, күннің жарығын бүркемелеу қандай қиын болса, Еркін Әуелбековтің де азаматтығын, іскерлігін, қайраткерлігін, қажырлылығын, адалдығын, тазалығын, өнегелі өмірін, өшпес ізі мен өлмес ісін, тарихи тағдырлы сөздерін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Сейілбек  ШАУХАМАНОВ.
Қызылорда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар