Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Сандықтау, Атбасар және Зеренді аудандарында болып, биыл да қауіп төндіріп отырған көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына баса көңіл бөлді, сондай-ақ, төтенше жағдайды болдырмауға жұмылдырылған адам және техника күші мен олардың жұмысын пысықтап, осы бағытта алда тұрған кезек күттірмес міндеттерді қарастырды.
Өңір басшысы алдымен Сандықтау ауданындағы Сандықтау ауылы арқылы өтетін Жабай өзені бойындағы көпірдің жағдайымен танысты. Осы жерде аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов қолға алынған шаралар мен қазіргі жағдайды картадан көрсетіп, баяндап берді. Оның айтуына қарағанда, Жабай өзені Спасский, Максимовка, Новый городок, Владимировка, Сандықтау және Балкашино селоларына үлкен қауіп төндіріп отыр. Қазіргі кезде қауіптің алдын алу жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде.
Одан әрі аудан орталығы Балкашин селосынан шыға берісте төтенше жағдайлар бойынша су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған құтқару бригадалары және апаттық-құтқару, коммуналдық сала техникасының дайындығы пысықталды. Осы орайда, аудан әкіміне алдын алу шарасы барысында су қоймасы мен өзендерге жақын орналасқан елді мекендер мен
ауылдарда су басу қаупін болдырмас үшін ондағы жағдайды қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
– Қазір жағдай өте күрделі. Даладағы қар әлі еріген жоқ. Зеренді ауданында әлі 75 пайыз, Сандықтау ауданында 80 пайыз қар жатыр. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Сондықтан, күн-түн демей, су тасқыны қаупі бар. 4-12 сәуір аралығын ойдағыдай өткізуіміз керек. Ол үшін қауіпті аймаққа жататын елді мекендерді, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді аман сақтап қалуға барлық күшті жұмылдыру қажет, – деді облыс әкімі жағдайға байланысты.
Бұл күнде атбасарлықтар да көктемгі су тасқынына қарсы тайлы-тұяғы қалмай дайындалуда. Аудан облыстағы көктемгі су тасқынының қаупі жоғары өңірлердің бірі саналады. Бүгінгі таңда негізгі күш осында жұмылдырылуда.
– Биыл өңірде қар көп түсті. Сол себепті су тасқынының қаупі де жоғары. Алдыңғы жылғы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастап кеттік. Қазіргі кезде қалаға Жабай өзенінен қауіп төніп тұр. Осыған орай, өзен жағасын бойлай ұзындығы 5,6 шақырым, биіктігі 4-7 метр бөгет (дамба) тұрғызылуда. Оған 12 экскаватор тартылған. Оған қоса, қауіпті аймақтарда тұрған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалды. Апаттың алдын алу жұмыстарына тұрғындар да бір кісідей атсалысуда, – дейді аудан әкімі.
Осы облыс әкімі Сергей Кулагин Заречный ауылында Жабай өзенін бойлай жасалған бөгеттердің беріктігін бақылап, оның ұзындығын 7 шақырымға дейін ұзартуды тапсырды. Оған қоса, су басу қаупі бар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңын құм толтырылған қаптармен қоршау, арықтар мен су жіберу нысандарының тазалануын да естен шығармауды ескертті.
Сонымен қатар, ол бұл шараларға бірер күнде 20 миллион теңге, сәл кейін тағы 20 миллион теңге қаражат бөлінетінін атап өтті. Ал, жаңадан тағайындалған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Алексей Советовтың айтуына қарағанда, Атбасарға Алматы және Қызылорда облыстарынан қосымша 100 адам және 19 арнайы техника көмекке келмекші.
Сапар соныңда Зеренді ауданында болған облыс басшысы аудан әкімі Асқар Мұратұлына жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары және жауапты қызметтердің басшыларының басын қосып, су тасқынының алдын алу шараларын тағы бір рет мұқият пысықтауды тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.