Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласының бірқатар білім ошақтарын аралап, олардың материалдық-техникалық базасымен және оқу-тәрбие, ғылыми жұмыстардың барысымен танысты.
Атап айтқанда, облыс әкімі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне барып, басшыларымен және факультет декандарымен жүздесті. Оқу орнында қанша студент білім алып жатқанын, олардың қаншасы ақылы бөлімде, қаншасы мемлекет грантына ие екенін сұрап білді. Әр факультеттің тынысын толық ашып бере алатын көрмелердің алдына тоқталып, егжей-тегжейлі сұхбаттасып, қойылған сұрақтарына толымды жауап алды. Әсіресе, аграрлық-экономикалық факультет ұйымдастырған көрмеге ұзақ бөгелді. Факультет ұстаздарының сұрыпталған бидайдың жаңа түрлерін биыл бірінші рет егістік алқабына сеуіп, өнімін алғалы отырғанын естіп, егіс алқабына арнайы барып, аралап көретінін жеткізді. Сондай-ақ, филология және педагогика факультетінің жетістіктеріне көңілі толатынын жасырған жоқ. Ал, екінші қабаттағы салтанат залында педагогика ғылымдарының докторы, академиялық профессор Тұрсынбек Мәліковті 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, ұлағатты ұстазға гүл шоқтарын сыйлады. Содан кейін университеттегі Шоқан Уәлиханов музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты.
Университеттің мәжіліс залында облыс әкімі әңгімесін жылы шыраймен бастады. Осы өңірдегі ірі оқу орны болып отырған, абыройы мен беделі жоғары аталмыш университеттің профессорлық, докторлық құрамымен мақтанатынын айтты. Олардың біразымен етене таныс екенін сөз ете келіп, университет пен билік арасындағы қарым-қатынасты жандандыру керектігін де тілге тиек етті. Университет басшылығының осы уақытқа дейін бұл оқу орнында арнайы кітапхананың жоқтығы жөніндегі мәселесін де жауапсыз қалдырмады. – Мен берген уәдемде тұратын адаммын. Сондықтан, тап қазір сіздерге кітапхана салып беремін деп айта алмаймын. Айтқан соң орындауым керек. Алдымен, оның жай-жапсарын білу керек. Қолайлы жер табу қажет. Егер осының бәрі ойдағыдай шешіліп, орайы келіп жатса, әрине, көмегімді аянып қалмаспын, – деді Сергей Кулагин.
Бұдан соң облыс әкімі қаладағы №2 орта мектептің жаңа ғимаратын аралады. Ол жердегі мультимедиялық кабинеттерді, кең де жайлы асхананы, спорт залын көрді. Содан кейін сабақ өтіп жатқан сыныптарға кіріп, оқушылармен сөйлесті. Ел ертеңі, білімді жастардың болашағы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, мектептегі оқу үдерісімен кеңінен танысып шықты.
Мерген ТОҚСАНБАЙ