Қилы заман

«Ауылыңда ақсақалың болса, жазылып қойған хатпен тең» деген сөзді бабаларымыз бекерге айтпаған ғой. Әр елдің, сол өңірдің өзіне тән тарихы, айтылмай қалған құпия сырлары болады. Біз білмейтін өткен замандағы оқиғаларды, алдыңғы буын ағаларымыз бен аталарымыздан естіп жатамыз.

Сондай аға буын өкілі, ел сыйлаған, аймағына қадірлі ағаларымыздың бірі, Хасен Тықанұлы көкірегі сырға толы, көргені мен оқығаны, тоқығаны көп ақсақал. Кейде әртүрлі басқосуларда кездесе кеткен жерде Хасен аға әңгіме тиегін ағытқанда, аузым ашылып, қалай беріле тыңдағанымды сезбей қаламын. Ақсақал халқымыздың арғы-бергі тарихынан сыр шерткенде, дәл сол дәуірге барып келгендей әсер аласың.
 Қазақта тектінің ұрпағы, негізі жақсы деп жатады. Хасен Қалменбаевтың шыққан тегі негізі Орта жүз Найман, Бағаналы, оның ішінде Жырық атадан тарайды екен. Бергі аталары Байдәулет, одан Төбет, Қалменде, Шәйкен, Нүреке есімді төрт ағайынды болған. Қалменде (Қалменбай) жасынан өнерпаз, қыран бүркіт, құмай тазы, жүйрік ат ұстаған, өзі сері адам болыпты. Ол кісі сауық-сайранмен жүріп, 49 жасында он үштегі Бөпежан есімді жас қызға үйленеді. Оның тұңғыш ұлы Тықан. Бөпежан он үш баланы өмірге әкелген, оның екеуі егіздер болыпты. Алпыс жеті жасында Қалменде өмірден өтеді.
Атбасар дуанының аға сұлтаны Ерден Сандыбайұлының тікелей ұрпақтарының біріміз, – дейді ата-бабаларын есіне алып өткен Хасен ағамыз. Сол өмірге келген он үш баланың төртеуі – Тықан, Зәрер, Мұқыш, Шекер тірі қалады. Шекер  Алматыда, сән үлгісінен киімдер тігетін кәсіпкер болған. «Әкем жасынан малсақ, әсіресе жылқы баласын өте жақсы көріпті. Негізгі еліміз, ата-бабамыздың қонысы Ұлытау өңіріндегі Қаракеңгір жайлауы. Ал, арғы ата-бабаларымыз Талдықорған өңірінде көшіп-қонып жүріпті. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманында Ұлытауға қоныс аударған екен» – дейді  Хасен аға.
 Оның әкесі Тықан Қалменұлы он үш жасында Атбасар шаһарындағы атақты көпес Петр Беловқа малшы болады. Кейін жылқышы, одан кейін атқосшы болып көпестің сеніміне кіреді. Көпес Тықанға сенгендігі соншалық, қарамағындағы шаруашылықты басқартып қояды. Көпестің Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Семей, Қызылжар, Қарқаралыда сауда жасайтын дүкендері болған. Осы сауда дүкендерін бір айда, кейде екі айда бір рет аралап шығып, саудадан түскен қаражатты жинайды екен.
Әкей көпестің әйелін бәйбіше деп атайтын көрінеді.  Атбасардың қақ ортасында керемет ғажап салынған орыс шіркеуі бар болатын. Кеңес үкіметі орнаған соң, большевиктер тас-талқан  қылып бұзып тастаған. Қазір орны да, жұрнағы да қалмаған. Мейрам қажының  немересі Сейілбек көпес Беловтың үлкен қызына үйленеді. Әкем айтып отырушы еді: Көпестің қызы керемет сұлу болатын. Ай десе аузы, күн десе көзі бар нағыз періште, адам баласы жүзіне қарағанда шыдамайтын. Хор қызындай алмамойын, ақша жүздің өзі.
 Аумалы-төкпелі заман басталғанда әлгі сұлу Сейілбекке қарамай басқамен кетіп қалады. Сонда, Сейілбек өмірінің соңында «ит те болса, өзімнің қазағымнан алуым керек еді, өмірлік жарды шіркін-ай!» – деп өзегі өртене өкініпті. Он жеті жастағы атқосшы Тықан шылымды жәшіктеп шеккендіктен болар, екі өкпесі бітеліп, көк жөтелден алқынып, жүре алмайтын жағдайға жетеді. Содан Беловтың ұлы оны екі қабатты үйіне жеткізеді. Соның жертөлесіне алып келіп, екі қолын екі жаққа керіп байлап тастайды. Татар емшісі қолтықтың астын тесіп,  өкпеден екі кесе ірің алып шыққан. Әлгі іріңді алып жатқанда, өзін жайлы, жақсы сезіне бастайды. Содан бері шылымды шекпей кетеді. Анадан жаңа туғандай, дүние есігін қайта ашқандай күйге түстім деп айтып отырушы еді әкей, – деп есіне алады ол.
1925-1927 жылдары бай кулактарды кәмпескелеу басталады. Бұл тұс кеңес үкіметі орнап, жер-жерлерде ұжымдастыру жүріп жатқан. Үйде көпестің бәйбішесі және кіші қызы шаруашылықпен айналысып жүр екен. Қызыл әскер киімін киген татар  үйге келіп: «Кеңес үкіметі атынан сіздердің барлық дүние-мүліктеріңіз кәмпескеленіп, мемлекет қарамағына өтеді. Өздеріңізге керекті киім-кешек, тағы басқа жабдықтарыңызды алуға рұқсат» – дейді. Содан кейін  қос өгіз жегілген он екі арбаға қоймадан парсы, иран, бұхар кілемдерін алып шығып тиейді.
 Сонда, көпестің бәйбішесінің айтқаны: «Менің төркінімнен келген үш пар ат пен пәуескемді қалдырыңыздар». Бірақ, қызыл әскер оның сөзіне құлақ аспаған. Үйден қызы екеуі екі чемодан мен бір буманы көтеріп алып шығады. Киім-кешектері болуы керек. Тықанның жолдасы Әбен деген жігіт Қызылжарға жеткізіп салады. Қайтарында Әбенге үш аттың біреуін мінгізіп жібереді.
П.Беловтың бәйбішесі кетерінде әдемі күмістен апталған жүген және алтынмен әшекейленген ер тоқымды Тықанға сыйлайды. Байларды жер аударып тұтқындап, елден қуып жатқан аласапыранда, қатты қорыққан ол ерді әбдіреге салып Калиновка ауылының маңында Сартау деген жерге көміп тастайды. Заман түзеліп, ел тынышталғанда, бірнеше рет іздеп барып, жәдігерді таба алмайды. Ал, күмістен апталған жүгенді сұраған жандарға бермей жүрген екен. Базыл нағашысы сұрап қоймаған соң береді. Ол біреуге әлгі күміс жүгенді бір биеге айырбастап жібереді. Сөйтіп, Беловтың көзі ретінде қалған соңғы жәдігерден осылай айырылады.
 «Тықан әкей 1888 жылы туған, жасы 82-ден асқанда ауырмай-сырқамай 1970 жылы қайтыс болады. Інілері Зәрер, Мұқыш та ұзақ жасаған жандар. Қарындасы Шекерді әңгімеміздің басында айтқанбыз 93 жасқа келіп қайтыс болды. Зәрер ақсақал 85 жасқа келгенше, аттан түспей өтті, – деді сөзін түйіндей келе Хасен аға.
«Жылқыны қазақ жеті қазынаның біріне жатқызған. Ішсең қымызы, жесең еті ем, денсаулыққа тигізетін пайдасы да зор. Жылқының тағы бір қасиеті, қорыққан адамды біледі. Ал, қорықпаған адамға көнеді. Сол аталарымыздың ұзақ жасауы, ат үстінде жүргендіктен болар» – деп, Хасен аға жылқы баласының ерекшеліктерін, қасиетін келешек ұрпақ біліп жүрсін деген ойын да жеткізді. Өткен жылы  Атбасар шаһарының іргетасы қаланғанына 170 жыл толды. Шежірелі өңірдің өткен тарихын жақсы білер ақсақалдар қатары азайып барады. Олардың көрген-түйгендерін жазып алып қалу, бүгінгі ұрпақ біздің парызымыз. Жас ұрпақтың өткен тарихымызды біліп өскені жөн деген оймен ақсақалдан естігенімді жазып отырмын.
     Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.

Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар