57-қадам. Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту.
60-қадам. Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Жұмыс селода кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылды.
61-қадам. Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау.
Астаналық облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өңірде туристік кластерді құру маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағытында ойын-сауық кешендерін құру үшін отандық және шетелдік инвесторларды тарту қарастырылған.
Бурабайдағы «Rixos Borovoe» қонақ үй кешені аумағында демалушыларға жыл бойы қызмет көрсететін Қазақстандағы тұңғыш «Cable Park BURABAY» вейк-парк іске қосылды. Аталған нысан немістің Sesitec компаниясының қазіргі заманғы «System 2.0» арқан жолымен жабдықталған. Сонымен қатар, қонақтарға жабық теннис кортында пейнтбол, теннис, футбол, баскетбол және волейбол тәрізді кәсіби спорт түрлері бойынша қызмет көрсетіледі.
Оған қоса Бурабай курортында Burabay Marine Club» яхт-клубы ашылды. Қазақстан және Ресей Федерациясынан келген 20-ға жуық яхташылардың қатысуымен тұңғыш желкенді регаты өтті. Демалушыларға қысы-жазы үзіліссіз қызмет көрсету үшін неміс және фин компанияларымен бірлесіп автономды жылыту қондырғысымен жабдықталған гриль үйлер, «Jalotakka» технологиялық биодәретханалар салу тәрізді бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Бұл өз кезегінде туристердің корпоративтік және жекелей демалуы үшін қолайлы болып отыр. Сондықтан, бұл үйлер Ақмола облысының өзге де демалу орындарында кеңінен пайдаланылуда.
Сонымен қатар, сауықтыру туризмін дамыту мақсатында Бурабай курортында шипажай базасының ауқымы кеңейе түсуде. Қазіргі кезде мұнда 20 шипажай қызмет көрсетеді. Онда ас қорыту органдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі, тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеу жүзеге асырылады.
Аталған қызмет аясын кеңейту бағытында «Алмаз» шипажайы аумағында қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталған жаңа емдеу кешені іске қосылды. Сондай-ақ, «Терасса Парк» қонақ үй кешені базасында жүрек, буын және омыртқа сырқаттарын пантомен емдеу орталығы ретінде мамандандырылған емдеу кешені қалпына келтіріліп, қызмет көрсете бастады. Инвестициялық тиімді жағдайды қалыптастыру, туристерді көптеп тарту мақсатында Ақмола облысында жалпы сомасы 47,5 миллиард теңге болатын 85 іс-шараны қамтыған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары (екінші кезең) жүзеге асырылуда.
Елбасының Ұлт жоспарында айтылғандай облыста ет өндіретін мал шаруашылығын дамыту арқылы болашақта ет және сүт өнімдерінің ірі көлемін экспорттау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні ЕврАзЭҚ елдеріне «Молоко Синегорья», Көкшетау май зауыты, «Milk Prodject», «Астана Агроазық», «ҚазГерҚұс», «Agro Trading» серіктестіктері жаңа өнімдерін шығарып отыр.
Әсіресе, облыс үшін Сауд Арабиясы мен Қытай сияқты алпауыт елдерге экспорт жасау маңызды оқиға болмақ. Осы орайда, өндіріс көлемін ұлғайтудың резерві мал шаруашылығын дамытудың мақсатты несиелік бағдарламаларына белсенді қатысу болып табылады. Әртүрлі қуаттағы 18 тауарлы сүт фермасын құру және «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы малын сатып алудың жос-парлы көрсеткіштерін орындау жөнінде міндеттер қойылды (50-ден 1000 басқа дейінгі сүтті сиыр бағытында).
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды толық қуатына көшіруді қамтамасыз ету, сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың қуатын 65 пайызға, ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың қуатын 70 пайызға, ұн өндірісінің қуатын 35 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Осы бағытта өткен жылы облыс экономикасына 199,3 миллиард теңге инвестиция, соның ішінде сырттан 14,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биыл да бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
Атап айтсақ, инвесторларды тарту мақсатында ағымдағы жылы ірі шетелдік инвесторларды, шетел елшіліктері мен дипломатиялық миссия өкілдерінің қатысуымен халықаралық инвестициялық форум өткізу жоспарланып отыр. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде құны 461 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оған шетел капиталы да тартылатын болады.
Ағымдағы жылы құны 73 миллиард теңгені құрайтын қайта өңдеуші 14 нысан іске қосылады. Қуаты жылына 4,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника құрастыратын Қазақстан-Беларусь индустриалдық-технологиялық паркін іске қосу жоспарланған. «Вектор» комбайн зауыты ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруды жылына 300 бірлікке жеткізуді жоспарлап отыр. Мұның бәрі астаналық облыстың Ұлт жоспарында айтылған міндеттердің үдесінен шығуына көмектесетін болады.
Берік МҰСТАФИН,
облыстық кәсіпкерлік
және өнеркәсіп
басқармасының басшысы.