Атбасарлықтар көктемгі су тасқынының алдын алуға бар күштерін салуда. Бүгінгі таңда облыстық әкімдік тарапынан қолға алынған нақты шаралардың нәтижесінде төтенше жағдай көріністері бірден ауыздықталуда.
Соңғы екі жыл қатарынан көктемгі су тасқыны орын алған облысымызда биыл да осындай қауіп бар. Әсіресе, Атбасар ауданында жағдай күрделі болып отыр. Сәуірдің 7-і күні кешкі сағат 20.30-дар шамасында Атбасар қаласының Челюскин көшесі бо-
йында Жабай өзенінің суы көтеріліп, тұрғын үйлерді қоршай тұрғызылған бөгетті бұзып кеткен болатын. Осыған байланысты жедел жұмыстар мен алдын алу шаралары қолға алынды. Нәтижесінде бөгеттің бұзылған жеріне инертті материалдар толтырылған қаптар төселіп, топырақ төгіліп, су тоқтатылды. Қазіргі кезде бөгеттің осал тұсы нығайтылуда. Абырой болғанда тұрғындардың зардап шегуіне және үйлерді су басуына жол берілген жоқ. Бұл маңдағы үйлерде тұратын 70 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Осы күні Атбасарда көктемгі су тасқынының қаупіне байланысты Жабай өзені суының апатсыз ағуы үшін барлық күш жұмылдырылып, тәулік бойы судың деңгейі бақылануда. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға су жібермеу үшін биіктігі 7 метр, ені 10 метр және ұзындығы 7,5 шақырым бөгет тұрғызылды. Қауіпті аймақтағы 21 үйдің тұрғындары алдын ала ескертіліп, адамдар мен мал-мүлік қауіпсіз жерге шығарылды. Алдын алу шараларына барлығы 300-ге жуық адам және 55 арнайы техника жұмылдырылып отыр. Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, мұндағы су көп жиналатын көшелердің тізімі жасалынған. Бұл көшелерде жыл сайын қиындықтар туындайтын болғандықтан, басты күш осыларға жұмсалуда. Осыған байланысты мамандар да бұл жерлерді жіті қадағалауда.
Қазірден бастап қаланың әр ауданында су тасқынын бақылауға алатын күштердің жұмылдырылуы, арнайы іс-шаралар жоспарының бекітілуі тұрғындар көкейінде су тасқыны бола қоймас деген сенімді нығайта түсуде.
Аслан ОСПАНОВ
Атбасар ауданы.