Облысымыздағы ірі аграрлық өңірлердің бірінен саналатын Атбасар ауданы биыл көктемде 424472 гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын себуді жоспарлап отыр. Оның 362174 гектары бидай, 34474 гектары арпа, ал, 5957 гектары сұлы дақылы. Өткен жылдарға қарағанда егіс көлемі сәл кеміген майлы дақылдар 13190 гектар алқапқа себіледі деп жоспарланған.
Атбасарлық диқандар дәнді дақылдарға қоса көкөніс пен картоп егуді де естен шығармай, ішкі рынокты қамтамасыз ететін мөлшерде көкөніс пен картоп отырғызбақ. Сонымен бірге, 6413 гектар алқапқа бір жылдық судан шөбі, 708 гектар жерге жүгері, 542 гектар көпжылдық екпе шөп егу де қолға алынатын болады. Егіншілікпен бірге ауданда мал шаруашылығының да қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, мал азығының жеткілікті қорын дайындаудың маңызды екені түсінікті.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Игібаевтың айтуынша, биыл 51 мың тонна көлемінде тұқым дайындалған. Бұл қажетті мөлшерден біршама артық, яғни, тұқым жеткілікті. Дайындалған тұқымның 94,7 пайызы 1 және 2 сыныпты. Тұқым сапасының жоғары болуына элиталы тұқым дайындаумен айналысатын «Сочинский» серіктестігінің тигізіп отырған ықпалы зор. Бұл серіктестік бүгінде ауданның барлық шаруашылықтарын жоғары сапалы тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етеді.
Қазіргі күні тұқым себетін сеялканың 94 пайызы, тұқым сепкіш кешендердің 100 па-йызы, тұқымды дәрілегіштердің 100 пайызы және тырманың 95 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын. Биыл аудан «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен «ҚазАгро» акционерлік қоғамынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 451 миллион теңге көлемінде несие алып отыр. Жеңілдетілген несиені шаруашылықтар күзде алған егіннің есебінен қайтаратын болады. Ылғал жабу жұмыстары жер кебісімен бірден басталмақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Атбасар ауданы.