Өнімдері шет елге жөнелтілуде

Соңғы жылдары елімізде өңдеу саласы біршама серпінді дамып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатары жер-жерде көптеп бой көтере түскені көңіл қуантады.

 

1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Атбасар ауданындағы «Интер-Трайд» ЖШС бүгінде облысымыздағы сапалы ұн өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі саналады. Серіктестік өнімі Ауғанстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты шет елдерге шығарылуда.
Сонау 1999 жылы еліміздегі экономикалық жағдай қиын болып тұрған шақта кәсіпкер Магомед Дзейтов жиған-терген қаржысына 2-ші Атбасар аумағындағы бос тұрған ғимаратты сатып алып тәуекел деп жаңа істі бастаған еді. Ауданда сол кезде өнімділігі төмен бірлі-жарым диірмендерден басқа өнім өңдейтін кәсіпорын мүлдем жоқ болатын. Түркиядан алынған құрылғыларды орнатып, тәулігіне 150 тонна ұн шығаратын диірмен іске қосылғанда  кәсіпкердің бұл бастамасына күмәнмен қараушылар да болған. Өйткені, егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың дені бидайды ұнға айналдырғаннан гөрі, шикізат күйінде сатып, жан қинамай ақша табуға ниетті еді.
Ұн тарттыруға тапсырыс берушілер қатары аз болғандықтан, Магомед Дзейтов диірменнің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін егіншілікпен де айналысуға мәжбүр болды. Осылайша 7 мың гектар жер алып, дән септі. Түскен өнімді шикізат күйінде емес, ұнға айналдырып сату біршама тиімді болып шықты. Кейін келе тапсырыс берушілер қатары  көбейді. Сөйтіп, Магомедтің тасы өрге домалап, біраз жылдың көлемінде ауданды былай қойып, облыстағы іргелі кәсіпорынға айналды. Бүгінде кәсіпорында сексеннен астам адам еңбек етеді. Жылына 35 мың тоннадай сапалы ұн шығаратын диірмен өнімі ішкі рыноктан шығып, шет елдерге сатылатын болды. Биылғы жылдың наурыз айында ғана серіктестік Ауғанстанға 670 тонна, Тәжікстанға  603 тонна ұн жөнелтті.  Астана мен Алматыда  «Интер-Трайдтың» ұнын көтере сатумен айналысатын дилерлер жұмыс істейді.
– Біз нағыз интернационалист ұжымбыз, – дейді серіктестік директоры. – Менің орынбасарым Иван Бутаков орыс болса, бас технолог Тұмар Райымбек қазақ, ал бас инженер Игорь Лан кәріс, бригадир Хамза Мартазанов ингуш.
Жаз айларында бір айдай уақыт жөндеу жұмыстары кезінде тоқтайтын кәсіпорын басқа уақытта үзбей демалыссыз жұмыс істейді. Диірмен цехын аралап көргенімізде қызу еңбектің куәсі болдық. Сыйымдылығы бір  және екі келілік шағын қораптармен жұмыс жасайтын Гүлжан Сәдуақасова бірнеше жылдан бері диірменде еңбек етіп келеді екен. Әріректе 50 келілік қаптарға ұн толтырып жатқан қаптаушы оператор Светлана Фех пен Валентина Проценконың қимылдарына көз ілеспейді.
Диірменмен жапсарлас салынған ғимаратта дайын өнімдер сақталады. Қойманың сыйымдылығы онша үлкен емес. «Бізге үлкен қойманың қажеті жоқ, негізінен тапсырыс арқылы жұмыс істейтіндіктен, дайын өнім бірден вагондарға тиеліп, жөнелтіледі» – дейді директордың орынбасары.
«Интер-Трайд» серіктестігі сондай-ақ, қала, аудан аумағындағы түрлі көпшілік шараларға белсене қатысып, демеушілік мақсаттарға қомақты қаржы бөліп отырады.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Атбасар ауданы.
Суретте: серіктестік жұмысшысы Гүлжан Сәдуақасова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар