Көпшілікке танымал ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Сабырұлы Мәліков 70 жасқа толды. Осыған байланысты өзі қызмет атқаратын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ұлағатты ұстазды осы мерейтойымен құттықтау салтанаты болып өтті.
Кешті жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Айна Хамитова жүргізіп отырды. Ол мерейтой иесінің өнегелі өмір жолына тоқтала келіп, байырғы әрі жетекші оқу орнындағы көрнекті тұлғалардың бірінің 70 жастың биігіне көтеріліп жатқаны бүкіл университет үшін қуанышты оқиға екендігін атап өтті.
Шынында да, бұл сөздің жаны бар. Ғылыми ортада, әсіресе, Ресейдің математика мен физика саласында жүрген белгілі оқытушы ғалымдарының арасында бұл есім құрметпен аталады. Тұрсынбек Сабырұлы Мәліков институт қабырғасындағы білімін де кезінде көрші мемлекетте алған. Барлық ғылыми атақтарын, атап айтқанда, кандидаттығы мен докторлығын осы елдің белді оқу орындарында, білікті ғылыми кеңестерінің алдында қорғаған адам. Өз саласы бойынша жазған еңбектері сол Ресейде де сұранысқа ие болып, математикадан кейбір есептерінің шешімі сондағы жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарының бағдарламасына енген.
Арғы атасы – он тоғызыншы ғасырдың аяғы, жиырмасыншы ғасырдың басында Ақмола облысы Көкшетау уезінің үлкен Қараой аймағында өмір сүрген қазақтың белгілі ағартушы ғалымы Зейнел Ғабиден әл-Жаухари (әл-Омскауи). Әкесі Сабыр Мәліков те кезінде есімі бүкіл Көкше өңіріне танылған ұлағатты ұстаз. Кеңес өкіметі тұсында білім беру саласындағы қажырлы еңбегі қос бірдей орденмен аталып өтіп, оған қоса, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болған тұлға. Жалпы, бұл әулетті ұстаздар мен ғалымдар әулеті десек, қателеспейміз. Әке жолын қуған қарындасы Сая Сабырқызы Досанова да педагогика ғылымдарының докторы. Бүгінгі таңда Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің проректоры болып жемісті қызмет атқарып келеді. Осындай ортадан шыққан Тұрсынбек ағаның да бұл кеште «есейіп, ер жеткеннен өз білуімше, мойнымдағы жауапкершілік жүгі зор еді. Маған арғысы үлкен аталарым, бергісі әкемнің жақсы атына кір келтірмей, өмірде өзімнің дұрыс бір жолымды таңдауым керек болды»
деп ағынан жарылуы тегін емес.
Табанды талап, адал да тынымсыз еңбекпен сол мақсатына жеткен математик ғалымға атамыз қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген мағыналы сөзі де дөп келіп тұр. Кезінде тірлігі мимырт халқымыздың оянуына, ел болуына септескен «Насихат қазақия» кітабын жазып, оны Уфадан бастырып шығартқан Зейнел Ғабиден атасынан дарыған қасиет шығар, Тұрсынбек Мәліков есімі біраз ортаға физика, математика сияқты дәл ғылымдардың, педагогика саласының ғана білгірі емес, сонымен бірге, орыс тілінде жазатын прозаик қаламгер ретінде де жақсы танымал. Бұған өмірдің өзіндей шынайы да көркем әңгімелерінің әрісі республикалық «Простор», «Нива», берісі екі тілде шығатын «Көкшетау» әдеби-көркем журналдарында жарияланып тұратындығы дәлел. Сондықтан, осы кеште мерейтой иесін аталмыш «Көкшетау» журналы әрі «Арқа ажары» газетінің атынан біздің де құттықтап, жазар көбейсін деген тілегімізді жеткізуіміз де әбден орынды еді.
Сондай-ақ, салтанат барысында университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты Темірхан Жарқынбеков, басқа да қызметтес әріптестері, «Бұқпа!» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Төлеген Қажыбаев, облыстық
«Акмолинская правда» газетінің қызметкері Дәулетжан Ахметжанов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есілбай Қадірәлин бастап келген қызылтулық жерлестері атынан белгілі ел ағасы Қазбек Асқаров та ақ көңілдерінің ақадал лебіздерін риясыз ақтарып жатқанда, есте қаларлық мынадай бір ерекше оқиға болды.
Сол күні осы салтанатты шарамен бір мезгілде облыс әкімі
Сергей Кулагин Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін осынау жоғары оқу орнына арнайы ат басын тіреген еді. Бір кезде осы жиын өтіп жатқан мәжіліс залына университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың бастауымен өңір басшысы кіріп келді.
– Сіз облысқа белгілі адамсыз. Әрі өзім де сізді танимын. Оқу орнын аралап жүріп, бүгін мерейтойыңыз аталып өтіп жатқанын естігенде, құттықтамай кетудің ретін таба алмадым, – дей келе, Сергей Кулагин қуаныш иесіне гүл шоғын тапсырды. Әрі көтеріңкі көңіл-күймен «Сізге енді қарыздар болдым» деген ізетін де қосып қойды. Міне, облыстың
басты білім ордасында кейінгі кезде игі дәстүрге айналған тағы бір жұлдызы жарық жанның мерейтойы осылайша айналасына ізгілік нұрын шашып, өте әсерлі, кейінгілер, соның ішінде әсіресе, студент жастар мол тағылым аларлықтай жоғары деңгейде аталып өтті.
Қ.КӘКЕНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.