Алып шығатын мамандықтары үшін өкінбейді

Атбасар индустриалдық-техникалық колледжінің іргесі өткен ғасырда қаланған. 1959 жылы кәсіптік-техникалық училище болып ашылған оқу орны ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығына қажетті орта буынды кәсіби мамандар даярлаумен айналысты.

 

Бүгінде Атбасар индустриалдық-техникалық колледжі болып қайта құрылған оқу орны бұрынғы кеңшар-техникумның төрт қабатты ғимаратында орналасқан. Заман талабына сай жақсы жабдықталған оқу аудиториялары мен практикалық зертханалары, шеберханалары, оған қоса қомақты қоры бар техникалық кітапхана мен асханасы бар оқу орны еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие 14 орта буынды мамандар даярлайды. Ол мамандықтардың ішінде автокөліктерді күту, жөндеу; киім тігу және пішу; ғимараттарды салу және пайдалануға беру; металл өңдеу және токарь ісі; шаштараз; іс қағаздарын жүргізу; электрмен жабдықтау; фермер шаруашылығы сияқты бүгінде еңбек нарығында үлкен сұраныс туғызып отырған мамандықтар бар.  
Колледж директоры Зәуреш Асқарова оқу орны туралы жан-жақты баяндап берді және оқу кабинеттері мен зертханаларды аралатып көрсетті. Облыстағы орта буын мамандарды даярлайтын іргелі оқу орнымен кеңірек танысқан сайын заман талабына сай жарақталған және теориялық білім мен практиканы қатар жүргізіп отырған колледждің жетістіктері жайында қаныға түстік. Мұнда оқу түгел тегін жүргізіледі. Оған қосымша, оқушылардың қалаішілік автобустарда жүруіне қажетті бір айлық билеттерді сатып алып береді. Тұрмыстары төмен отбасылардың балалары колледж асханасынан тегін тамақтанады. Ай сайын төлеп тұратын стипендиялары тағы бар.
Колледжде қазіргі күні 654 бала білім алып жатыр. Жылына 300 бала қабылданады. Негізінен Атбасар қаласы мен ауданынан, іргелес Жақсы, Есіл, Егіндікөл аудандарынан келіп оқитындар да бар. Мектептің тоғызыншы сыныбынан кейін келген балалар мұнда кәсіби білімге қоса жалпы орта білім де алып шығады. Ал, білім сапасына келсек, колледжде қызмет ететін оқытушылар мен өндірістік шеберлердің бәрі көпжылдық тәжірибесі бар өз саласының білікті мамандары болғандықтан, олардан тәлім алған оқушылардың да білім деңгейі жоғары болатынын бағамдауға болады. Қызмет істеп жүрген 66 ұстаздың бәрі жоғары білімді және түрлі санаттағы мамандар және олардың көбі  ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибесі мол адамдар.
Колледждегі оқу екі деңгейлі өлшеммен өлшенеді. Соған орай, оқу мерзімі 2 жыл 10 айдан  3 жыл 6 айға дейін. Бюджет тарапынан оқу-әдістемелік құралдар сатып алуға, шеберханалар мен зертханаларды жабдықтауға қажетті құрылғыларды алуға керекті қаржы үнемі бөлініп тұрады. Өткен жылы ғана осындай мақсат үшін колледжге 25 миллион теңге қаржы бөлініпті.
Оқу кабинеттері мен өндірістік шеберханаларды аралап көргенімізде мұндағы білім беру деңгейінің жоғары екендігіне көз жеткізгендей болдық. Болашақ электрик-техник мамандарға арналған зертханада оқушылар зертхана жағдайындағы өндірістік жұмыстармен айналысады екен. Электр құрылғылары мен желілері тартылып, онымен жұмыс істеуге бар мүмкіндік жасалған. Осыған орай балалар осы зертханада отырып-ақ өндірістік жағдайда жұмыс істеудің қыр-сырын толық меңгеріп шығады. Балаларға тәлім беріп жатқан өндірістік шебер Григорий Яшин осы салада 42 жылдан бері үзбей еңбек етіп келеді екен. Ол «Общеэлектротехника и эксплуатация» деп аталатын оқулықтың авторларының бірі. Тәжірибелі маманнан тәлім алған оқушылар да қолдары қолдарына жұқпай электр құрылғыларымен еркін жұмыс жасауда. Осы бөлімде үшінші курста оқып жүрген 17 оқушының 8-і үздіктер санатында болса, қалған 11-і жақсы оқитын оқушылар.
Металл және токарь ісі мамандығы бойынша білім алып жүрген екінші курс оқушыларына өндіріс шебері Зайыржан Аяпбергенов тәлім беруде. Балалар шеберханада темірді кесіп, түрлі формалар жасайды. Осылайша теориялық білімдерін практикамен бекітіп, өз мамандықтарының қыр-сырын меңгереді. Ал, тігіншілер тобында оқитын қыздар он саусағынан өнер тамған нағыз шеберлер екен. Олардың өз қолдарымен тіккен ұлттық киімдерін бүгінде аудандық мәдениет үйінде көркемөнерпаздар сахнаға киіп шығады. Шаштараз тобында оқитын қыздардың арасында қаладағы түрлі салондарда бос уақытында жұмыс жасап, қосымша ақша тауып жүргендер бар болып шықты. Оқу орны басшылығы оқушылардың мұндай әрекеттерін құптамаса, қарсы болмайды екен. Өйткені, олар колледжден алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолданып, оқу бітіргенде нағыз маман болып шығады.
Маман демекші, колледжді жыл са-йын екі жүзден астам бала бітіріп, орта буынды мамандық алып шығатын болса, солардың 95 пайызы еш қиындықсыз өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасады екен. Яғни, оқу бітіргендердің жұмысқа тұруы еш қиындық туғызбайды деген сөз.
Колледж директоры жоғары оқу орнын бітіргендер өз мамандықтарын толық меңгеруі үшін кем дегенде бір-екі жыл өндірістік тәжірибеден өтетін болса, колледж түлектері бірден кәсіби маман ретінде жұмысқа кірісетіндігін айтты. Мұнда теориялық оқу мен практиканың қатар жүргізілетіні өз алдына, балалар өндірістік тәжірибеден өтіп, өз мамандықтарына сай жұмыс істеуді толық меңгеріп шығады. Осы тұрғыдан алғанда орта буынды кәсіби мамандар даярлайтын колледждердегі оқу үдерісі заман талабымен үндескен, қазіргі нарыққа бейімделген бе деп ойлайсың.
Оқу түгел тегін жүргізілетін, басқа да көптеген жеңілдіктері бар және еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандар даярлайтын колледждер қазір қарапайым халық  үшін таптырмас игілік болып отырған жайы бар.

Атбасар ауданы.
Суреттерде:  колледж директоры Зәуреш Асқарова; тәжірибелі оқытушы Григорий Яшин болашақ электриктермен сабақ өткізуде; киім пішу және тігу мамандығы оқушылары; болашақ шаштаразшылар; металл өңдеу және токарь ісі мамандығы бойынша теориялық сабақ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар