Облысымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – тәуелсіз Қазақстан» ұранымен «Ақмола жұлдыздары» атты облыстық халық шығармашылығы байқауы өтуде. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі байқау барысында ел ішінде елеусіз жүрген талантты жандардың өз өнерлерін көрсетулеріне, халық шығармашылығын насихаттауға, жергілікті жердегі мәдениет пен өнерді дамытуға мол мүмкіндіктер туғызылуда.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылып отырған биылғы байқау сәуірдің 1-24 аралығында өткізілмек. Бүгінгі күнге дейін Ақкөл, Ерейментау, Целиноград сияқты бірнеше аудандарда байқау басталып кетті. Биылғы «Ақмола жұлдыздары» жаңа есімдерді, таланттарды ашуға ықпалын тигізеді деген үміт бар. «Ел іші – өнер кеніші» деп халқымыз текке айтпаған ғой. Осы байқау барысында жылда көптеген жергілікті өнер жұлдыздары жарқырап көрініп жататын. Биыл да солай болады деп
ойлаймын.
Біраз жылдардан бері үзбей өткізіліп келе жатқан «Ақмола жұлдыздары» байқауы не береді деген сауалға келсек, шын мәнінде байқаудың берері өте көп. Мәселен, еліміздің ең басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз десек, ұлттар мен ұлыстарды жақындастырып, мәдениет, өнер саласындағы құндылықтарымызды халыққа танытатын байқаудың ел бірлігін дамытуға, мәдениет арқылы халықтарды жақындастыруға, ортақ Отанымызды сүйіп, қадірлеуге насихаттауға тигізер ықпалы аз емес. Халқымыздың өткен тарихына құрметпен қарау, дәстүрлі ұлттық мәдениетпен, халық шығармашылығымен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, халық шығармашылығының барлық жанрлары бойынша өнер көрсететін көркемөнерпаздар ұжымдары мен жеке орындаушылардың шеберлігін шыңдау, талантты өнер иелерін қолдау, мәдени мұраларымызды сақтау және дамыту – осылардың бәрі аталмыш дәстүрлі байқау шеңберінде жүзеге асып жатқан
игіліктер. Содан болар, жергілікті өнерпаздар, жалпы өнерсүйер қауым көктемнің жаймашуақ күндерінде өтетін осы дәстүрлі байқауды асыға күтеді.
«Ақмола жұлдыздары» байқауы үш топ бойынша өткізіледі. Бірінші – облыстық маңыздағы қалалар, екінші – орталығы қала болып табылатын аудандар және үшіншісі – ауылдық аудандар. Үздік өнер ұжымдары қорытынды гала концерт барысында осы үш топтың негізінде іріктеледі.
Биыл Ақкөл және Целиноград аудандарында «Ақмола жұлдыздары» байқауы сәуірдің 1-інде басталды. Ал, ерейментаулықтар алғашқы концерттерін 2 сәуірде өткізді. Қатысқан өнерпаздардың саны мен көрсеткен өнерлеріне, костюмдері мен сахнаның безендірулеріне қарап, байқауға үлкен дайындықпен келгендігі анық көрінді. Байқау барысында жыл өткен сайын жергілікті өнерпаздардың деңгейінің өсіп келе жатқаны анық байқалуда. Биыл да сондай жағымды өзгерістерді байқап, шараның тартысты және жоғары деңгейде өтетініне сенгендей болдық.
Алда ең тартысты өнер сайыстары тұр. Жүзден жүйрік шығып, бағы жанып қорытынды гала концертке қатысатындардың да есімдері көп ұзамай белгілі болмақ. Ендеше, байқауға қатысып, бақ сынасқан өнерпаздарымызға сәттілік пен табыс тілейік.
Сәуле БӨРІБАЕВА,
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы.