Әке ісін жалғастырды

Анатолий Тыщенко ширек ғасырдан бері бүгінде «Полтавка-2» ЖШС аталатын шаруашылықта механизатор болып еңбек етіп келеді. Осы ауылда туып-өсіп, орта мектепті бітірген ол Атбасар кеңшар-техникумында оқыды. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп оралған соң механизатор болып жұмысқа кірісті.

Оның мамандық таңдауына қырық жылдан астам механизатор  болған әкесі Анатолий Николаевичтің ықпалы аз болмаған. Басқа қатарластары сияқты мектептен соң жоғары оқу орнына түсіп, үлкен қызметтер атқаруға талпынбады. Атбасар техникумын механизация мамандығы бойынша бітірген жігіт туып-өскен ауылында әке жолын қуып, трактор руліне отырды. Бұл  1991 жылдың күзі болатын. Одақтың құлар сәті жақындап, дүкен сөрелері жылан жалағандай, іздеген затыңды ақшаңа сатып алу қиын болды. Міне, осындай ауыр сәтте еңбек жолын бастаған жас өмірінде көп қиындықтар мен ауыр сындардың күтіп тұрғанын сезбеген.
Көп ұзамай Одақ ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Ел нарыққа көшіп, жекешелендіру басталды. Жекешелендірудің жолы осы деп бұрын дүрілдеп тұрған шаруашылықтарды талан-таражға салып, әркім өз пайларын алып көп ұзамай тақырға отырып қалғандар аз болмады. Бұл жағынан алғанда аудандағы ортақол шаруашылықтардың санатындағы Полтавканың жолы болды. Тұрғындар бөлініп-жарылмай бар пайларын бір қолға беріп, соның арқасында шаруашылық сақталып қалды. Рас, алғашқы жылдарда біраз қиындықтарды бастан өткеруге тура келді. Айлап, жылдап ақша алмай, жалақыны азық-түлік, басқа да тауарлармен алған кездер аз болмады. Сол тұста қиындыққа төзбей Германияға, Ресейге, басқа да шетелдерге көшкендер де болды. Дегенмен, сонау тың игеру жылдарында келіп, осы жерге орнығып қалған Тыщенколар отбасы үйренген жерін тастап кетуді ойламаған.
Әкесі Анатолий Николаевич өткен жылы зейнеткерлікке шықты. Дегенмен, ол жұмыстан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Науқан жұмыстарына әлі де қатысады. Қырықтың қырқасына шыққан Анатолий Анатольевич болса әке жолын қуып, үйренген К-700-бен серіктестіктің қысы-жазы үзілмейтін науқандарының жұмысы бірқалыпты жүріп жатыр.
К-700-ін таяуда ғана жөндеуден өткізген Анатолий көктемгі дала жұмыстарына кірісуге сақадай сай. Биыл қыста қар қалың түсті. Ылғал мол болады, яғни, жақсы егіннен үміт күтуге негіз бар.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Атбасар ауданы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар