Кейде күнделікті өмірде өзгелердің әңгімесін өзіміз әдейі тыңдап тұрмасақ та, кездейсоқ құлағымыз шалып қалатын кездер болады. Бұл жолы қоғамдық көлікпен жұмысқа келе жатқанымда естіген бейтаныс адамның әңгімесі арқама аяздай батты.
Мәселенің мәнісін түсіндіріп өтейін. Жасы шамамен алпыстан енді асқан әлгі ер адам жол бойы қасындағы танысына жақында шет мемлекеттерде болып келгенін, ол жақтағы өмір біздікінен анағұрлым жақсырақ деген секілді әңгімелерді айтып жатты. Шетелде адамдар біз сияқты сығылысып автобуспен жүрмейді екен. Тұрғындар бір-біріне әрдайым күлімдеген көзбен қарап, азаматтар жұмыс істемесе де, есеп шоттарына ай сайын қаржы түсіп тұратын сыңайлы. Мұның рас-өтірігінде шаруам жоқ. Алайда, ол адамның өзіміздің қарагөзіміз бола тұра, қоғамдық көлікте осыларды айтып, өмірге қайта келсе, Қазақстанда емес, басқа бір шетелде тұрғым келеді дегеніне қатты қынжылдым.
Иә, келісемін. Біразымыз таңертең жұмысқа кісі толы автобуспен келеміз. Десек те, бұл біздің еліміз әлемнің басқа мемлекеттерінен кенже қалып отыр деген сөз емес қой. Тіпті, қиындық болған күннің өзінде Отанын шын сүйетін азаматтың аузынан әлгіндей бұрыс сөздер шықпауға тиіс.
Дана халқымыз мұндайда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалды тауып айтқан. Кей адамдар қолда барды қадірлемей, басына қонған бақты бағаламай, бақытты өзге жерден іздеуге неге дайын тұрады екен? Аллаға шүкір, егемен елде молшылықта, береке-бірлікте өмір сүріп келеміз. Осының өзі түсінген жанға зор бақыт.
Содан бері бірнеше күн өтсе де, жүрегімді ауыртқан әлгі сөздер санамнан өшер емес. «Шетелде болып келген отандастарымыздың барлығы әлгі адам секілді ойлай ма екен?» деген күдік маза бермейді. Ағайыннан өтінерім, туған елдей ел болмайтынын жадымызға мықтап тоқып алайықшы.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ