Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованың қатысуымен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы №2 Көкшетау қалалық ауруханасында «Адам саудасының құрбандарына жол көрсету тетіктері» атты тақырыпта семинар өткізді.
Іс-шараны «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігі аталған басқармалармен бірлесіп ұйымдастырды. Алдымен осынау қылмыстың құрбандары жайлы түсірілген бейнефильм көрсетілді. Ондағы кейіпкерлердің бастан кешкен оқиғалары, шынымен де, жан түршігерліктей. Адам саудасымен айналысатындар бейкүнә жандарды жақсы жұмыс істеп, ақшаға қарық боласың деп алдап, өздерінің арам ойларын қалай жүзеге асыратындығы, адамдардың бақуатты өмірді армандап, сондай жалған сөздерге сеніп, артынша сан соғып қалатыны жайлы бейнефильмде кеңінен айтылды. Өкінішке орай, қазіргі қоғамымызда ондай жайттар аз емес. Мәселен, «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігі 1998 жылдан бері адам саудасының құрбанына айналған 400-ге жуық жерлесімізге рухани, психологиялық көмек көрсеткен. Олардың ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар.
Семинарда сөйлеген сөзінде Айна Мысырәлімова бүгінгі таңда күллі әлемді алаңдатып отырған аса ауыр қылмыс – адам саудасымен күресте үкіметтік емес ұйымдардың да көмегі қажет екенін айтып, семинарға қатысушыларды айналада болып жатқан жайларға бейжай қарамауға шақырды. Айта кетейік, семинардың Көкшетау қалалық ауруханасында өткізілуі бекер емес. Өйткені, емдеу мекемесінде осымен үш жыл қатарынан сырқат, оның үстіне не құжаттары, не барар жері жоқ жасы 65-тен асқан қарттарды оңалтуға арналған медбикелік күту бөлімшесі жұмыс істейді. Ол туралы жүздесуде аталмыш аурухананың бас дәрігері Сағынтай Гельманов айтып берді. Бөлімше 2013 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 22 миллион теңгеге 20 орынға лайықталып ашылса, келер жылы ол 50 орынға дейін кеңейтілмекші. Мұндағы әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар қарияларға үш ай уақытқа дейін рухани демеу болса, заңгерлер құжаттарын ретке келтіруге көмектеседі.
Шара барысында Көкшетаудағы емдеу мекемелерінің қызметкерлері топ-топқа бөлініп жұмыс істеп, аталмыш қылмыстың себептерін, одан сақтанудың жолдарын қызу талқыға салды. Соңында барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.