Заңсыз әрекеттері үшін жауап берді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен өткен тәртіптік  кеңес отырысында Ақкөл ауданындағы бірнеше ауыл әкімдерінің заң бұзушылығына қатысты мәселелер қаралды.

Әдеп жөніндегі кеңес алдымен «Ақмола облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қызметтің көрсетілуіне  талдау жасау бөлімінің басшысы Данагүл Жұмабектің, Жақсы ауданының әкімі Қанат Сүйіндіковтың және «Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлнәр Құлышеваның мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары жайындағы есептерін тыңдады. Жемқорлық заң бұзушылықтардың дені мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты орын алып жататыны белгілі. Осы орайда, заңсыздықтарға жол бермеуде қызмет көрсетудің электрондық нұсқасына көшудің мәні зор. Электронды Үкімет бағдарламасы шеңберінде электронды қызмет көрсетуге басымдық беру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жергілікті жерлерде, кейбір мекемелер мен ұйымдарда бұл жұмыстарға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Жақсы ауданында электронды қызмет көрсетуге бақылау жасайтын талдау бөлімі таяуда ғана құрылған. Қызмет көрсетудің басым бөлігі үлесіне тиетін денсаулық сақтау саласында да электронды қызмет көлемі көңілдегідей болмай отыр. Әдеп жөніндегі кеңес есептерін тыңдаған Жақсы ауданы әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының назарын осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлуге аударды.
Ақкөл ауданының прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарға орай, Урюпин ауылының әкімі Ж.Салыбеков болған жайға түсінік берді. Ол мемлекеттік сатып алуға байланысты заң талаптарын бұзып, тендер жариялағанда сатып алынатын автокөліктің маркасын жазған. Бұл өз тауарларын ұсынатын жабдықтаушылардың құқығын бұзуға жатады. Ауыл әкімі заңсыз әрекетін мойындап, алдағы уақытта мұндай заң бұзушылыққа орын бермейтінін айтты.
Новорыбинск ауылының әкімі атқарылмаған іске ақша төлеп, заң бұзуға жол берген. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарына су тарататын құрылғы орнатылған жер уақытша пайдаланылып келгендіктен, ол жерді түбегейлі пайдалануға алуға байланысты құжат дайындау қажет болған. Мұндай құжатты дайындайтын аудандағы жалғыз мекеме – «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» өз қызметі үшін ақыны алдын ала толық көлемде төлеуді талап етеді. Халық сусыз отырғандықтан, ауыл әкімі амалсыз бұл талапты орындауға, сөйтіп, атқарылмаған жұмысқа ақша төлеуге мәжбүр болған. Әрине, заңды білмеушілік немесе қажеттіліктен амалсыз заң бұзушылық – жауапкершіліктен босатпайды. Осыған орай, ауыл әкімі алдағы уақытта заң талаптарын қандай жағдайда да сақтауға күш салатынын айтып, мұндайға жол бермеймін деген уәдесін берді.
Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қайыржанов есептегіш құрылғылардың жоқтығы себепті қызметтерін пайдаланған бірнеше жеке кәсіпкерлер жалға алған ғимараттардың коммуналдық қызметін төлеп келген. Осы мақсатта 701 мың теңге көлемінде бюджет қаржысы жұмсалған. Балаларды ыстық тамақсыз қалдырмайын деп амалсыз кәсіпкерлердің талабын орындадым дегенмен, заңсыздықтың аты заңсыздық. Осыған орай, әдеп жөніндегі кеңес жұмсалған ақшаны заң негізінде қайтарып алу амалдарын жасауды тапсырды. Жоғарыда аталған заңсыздықтарға жол бергендердің бәріне қызметіне сәйкес келмейтін заң бұзушылықтары үшін ескерту жасау түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жасалды.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар