Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен аппарат кеңесі өткізілді. Кеңесте ағымдағы мәселелер қаралып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жиын барысында облыстағы елді мекендерді тазартып, көгалдандырып, абаттандыру жайы тыңдалды. Өңір басшысы осы мәселе бойынша нақты, жүйелі жоспар құру қажеттігін айтып, тапсырма берді. Мұнан соң салынып жатқан әлеуметтік мекемелердің құрылысын 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау мәселелері қарастырылды. «Конкурстық рәсімдерді де сапалы әрі шұғыл түрде осы айдың соңына дейін аяқтау керек», – деп тапсырды облыс әкімі.
Оған қоса өңір басшысы Атбасар ауданындағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың өз мақсатында жұмсалуын қадағалайтын комиссия құру қажеттігі туралы да айтты.
Аппарат кеңесінде ағымдағы жылу беру маусымын аяқтау, көктемгі егіс науқанын дер кезінде агротехникалық талаптарға сай ұйымшылдықпен өткізу, сондай-ақ, алдағы қат-қабат науқандық шараларға осы бастан барынша тыңғылықты дайындалу керектігі де қамтылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.