Биыл қатты тасқыннан аманбыз

Ақмола Медиа орталығында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспанов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында қолға алынған шаралар туралы баяндады.

Баспасөз мәслихаты барысында алдымен аталған департаменттің төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Еркін Берлікбековтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуына қарағанда биыл қар жылдағыдан көп болды. Бұл жағдай облыстың 10 ауданында және Щучинск, Степногорск қалаларында тіркелген. Осыған байланысты аймақта тасқынның алдын алу жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылды. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде облыстағы су тасқынының қаупі жоғары аудандарда көшпелі мәжіліс өткізілді. Онда аудан және қала әкімдігі, азаматтық қорғаныс саласының алдына ауқымды міндеттер мен жауапкершілік жүктелді.
Апаттың алдын алу шаралары өткен жылдардағы орын алған су тасқындары деректерін саралай келе жүзеге асырылды. Ең қауіпті өңірлер саналатын Атбасар, Целиноград аудандарындағы өзен, көлдер бақылауға алынды.
Оған қоса, облыстың елді мекендерінен 954 мың текше метр қар шығарылып, 51,8 мың тонна инерттік материалдар, 180 мың қап, 428 тонна жанар-жағармай дайындалды. Жергілікті атқарушы органдар және шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарына көмек көрсету үшін келіссөздер жүргізілді.   
Облыс аумағындағы 114 гидротехникалық нысанның жұмысы тәулік бойы бақыланып отырды. Облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарындағы адамдар мен арнайы техникалар және жүзу құралдарының, қауіпті аймақтардан адамдарды көшіруге арнайы орындардың әзірлігі де назардан тыс қалған жоқ.
Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде су тасқынына жол берілмеді. Атбасар қаласында Жабай өзенін бойлай биіктігі 7 метр, ені 10 метр және ұзындығы 7,5 шақырым бөгет тұрғызылды. Қауіпті аймақтағы 21 үйдің тұрғындары алдын ала ескертіліп, адамдар мен мал-мүлік қауіпсіз жерге көшірілді. Алдын алу шараларына барлығы 300-ге жуық адам және 55 арнайы техника жұмылдырылды. Дегенмен, сәуірдің 7-сі күні Челюскин көшесі маңында Жабай өзенінің суы көтеріліп, тұрғын үйлерді судан қорғау мақсатында салынған бөгетті бұзып кетті.
– Осыған байланысты жедел жұмыстар мен алдын алу шаралары қолға алынып,  инертті материалдар салынған қаптармен және топырақпен бөгеттің бұзылған жері қайта бекітілді. Тұрғын үйлерді су басуына жол берілген жоқ. Қазіргі кезде қауіптің беті қайтып, 140 тұрғын өз шаңырағына оралды, – деді  Еркін Берлікбеков өз сөзінде.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген Қанат
Доспанов Атбасар қаласының ішіндегі қар суының деңгейі 20 сантиметрден аспағанын, азын-аулақ зардап шеккен 13 үйге келтірілген шығын көлемін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпарты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар