Тәуелсіздік толғауы

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі ұжымының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының аясында «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан!» атты концерті тартымдылығымен ерекшеленді.

Концерттің беташары болған «Тұран» этно-фольклорлық тобының музыкалық композициясына құрылған пролог астарлы да,  әсерлі болды.
Сахнадағы бүркіт кейпіндегі адамның жан-жағын қоршап батырлар отыр. Оның сыртында биші қыздардың толқынды биі тау бейнесін елестеткендей. Сахна төріндегі экраннан қыран құстың саңқ еткен дауысы естілді. Сол сәтте бишілер бүркіт биін билеп, экранда қазақ жерінің төбесінде қалықтаған қыран құс көрінді. Бұдан соң тау декорациясын жасаған биші қыздар алға шығып, соңындағы батырлар қыранды көкке көтеріп, экрандағы мемлекеттік тудағы күн бейнесінің астына орналасты. Сахнада қалған биші қыздар баяу әуенмен тербеліп билеп тұрған сәтінде, ортаға «Тәуелсіздік толғауы» атты патриоттық рухтағы өлеңді филология бөлімінің төртінші курс студенттері мәнерлеп оқып берді. Өлеңнің  мазмұнына сәйкес экранда еліміз тәуелсіздік алған
уақыттағы игі істер кезекпен көрсетіліп жатыр.
Прологтан соң Әділ Құсайыновтың орындауында Ақан серінің  «Сырымбеті» шырқалды. Бұдан кейін колледж қабырғасында ашылған «Назерке» халықтық-камералық хоры, «Наркескен» ерлер хоры, «Этюд» баяншылар ансамблі, «Жас дәурен» квинтеті сияқты өнер ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Колледж өнерпаздары тек ұлттық музыканы ғана емес, әлем классиктерінің шығармаларын да жоғары деңгейде орындап шықты.
Концерт соңында қалалық көркемөнерпаздар байқауының қазылар алқасының төрайымы Айгүл Сәбитова концерттің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Әсіресе, режиссуралық ерекшелігін, патриоттық мазмұнын, би ансамблінің кәсіби дәрежесін және жас ақындардың ел тәуелсіздігіне арнаған толғауларын ерекше бағалады.  
Ал, қалалық байқаудан үздік шыққан «Самғау» біріккен хоры, «Назерке» халықтық-камералық хоры, «Шабыт» домбырашылар ансамблі мен колледждің студенті Мәрзия Қағазбек алда болатын облыстық көркемөнерпаздар байқауына қатысуға жолдама алды.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар