Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбектің ері – Есілбай - АРҚА АЖАРЫ

Еңбектің ері – Есілбай

Қамысты қопаның арғы бетінен қызғылт жоны жылт етіп әлдене көлденеңдеп өте шықты. Анық сол. Қасқырдың өзі. Шамасы қаншығы болуы керек. Қопаның ішіндегі апандағы бөлтіріктерін сағалап жүргені-ау шамасы. Мың салса бір баспайтын астындағы шабан шабдарын бауырлай тебініп, қолындағы сабына жуандығы елідей резеңке шегелеген қамшысын орай бұлғап, қиқулай ұмтылды. Жетіп алса тұп-тура қара тұмсықтан қақырата соғатындай кіжініп қояды. Көз ұшына жүгірген аң іліксе арқасының қозып кететіні бар. Жалғыз мұның ғана емес, дала кезген, жалғыздықтан іші пысқан адамның бәрі сөйтетін шығар.

Мылтық асынып шыққанда қас қылғанда аң-құстың қарасыны көрінбейді. Ал, келесі күні мылтығын үйге тастап, сабау қамшылы шықса, қандыауыз да, шабан атты шопанды ыржалаңдай күліп мазақ қылатын қу түлкі де, әлдеқайдан жортуылдап келе жатқан жалғыз-жарым қарсақ та кезіге береді. Қанша жерден түйсіксіз дегенімен олар да кезіккен екі аяқтының қолында отты қару бар ма, жоқ па анық білетін тәрізді. Құс мылтығы иығында жүргенде бірі де қарасын көрсетпейді.
Арқасына ер салынғалы қой соңында жүрген жирен бауырын жазып бір шауып көрген емес. Жалғыз жирен ғана емес, кеңшардағы жылқы атаулының дені сондай. Қамшылаған сайын мөңкіген болып, артқы аяғын болмашы серпетін шабан аттың ен далада қасқыр түгіл бұзауға жете алмайтыны анық еді. Тұлпардан тұқым қалмағалы қашан. Жылқы азған, жұрт жігері жасыған уақыт. Бірақ, жасөспірімнің кеудесінде бұлқынған жүрек шіркін көкіректен шығып кетердей болып қатты-қатты соғып қояды. Әлденеге аңсары ауып тұрғандай. Көңіл шіркін ұлы жорыққа қосылғанды қалайтындай. Шіркін-ай, шын жүйріктер сынға түсетін, жолы ұзақ, қызығы қияпатпен келетін бәйгесі тоқ жорық болғанға не жетсін. Жеткізбесін білсе де қасқыр қуатын. Бейне бір болашақтағы арманын қуып жүргендей.  
Қараптан қарап ұшы-қиырына көз жетпейтін сайын далада ой теңізіне шомылатын. Жаңағы қасқырдың тіршілігіне таң қалушы еді. Мынау өне бойы жел саулап тұратын, көк тіреген асқар тауы жоқ, көк жасыл орманнан ада миқы далада қасқырдың қалай күнелтетініне шын таңырқайтын. Осы жерде қасқыр мен қазақ қана тіршілік ете алуы мүмкін. Малсақ қауым малына шабатын қасқырды қаншалықты жек көрсе де, ел ішіндегі мінезі өжет жігіттерді «қасқыр мінезді» деп қошеметтеп отыратын. Енді бір қызығы сол қасқырдан қотанды қорғайтын итті өзі асырап жүрсе де, көңілі қаламайтын, елге жат мінез көрсеткен әлдебіреулерді «қойшы соны ит емес пе» деп күстаналайтын. Қазақтың осы бір танымын орта мектепті кеше ғана бітірген Есілбай түсіне алмай-ақ қойды.
Сол кездегі Көкшетау облысының ең шалғайында жатқан Уәлиханов ауданының «Чапай» кеңшарына қарасты Бесінші декабрь ауылының тумасы Есілбай Қадыралин Қызылту ауданының Мортық елді мекенінде орта мектепті бітірген соң қайтадан туған жерге көшкен отбасымен бірге қоныс аударып, қолына шопанның ақ таяғын ұстаған. Бұл 1964 жыл еді. Әлі есінде негізінен қой шаруашылығымен айналысатын кеңшарда елу мыңнан астам қой бағылатын. Қоңыр сиыр жайлауына көктемде ырғалып-жырғалып жер қайысқан қалың малмен бірге көшетін. Құтты басынан бағы таймаған бағзы заман сияқты. Ағасы Қазбек екеуі өз алдарына бір отар қой алып бақты. Көрсеткіштері де ел қатарлы болды. Қара үзіп алға да шыққан жоқ, қарайып артта да қалған жоқ.
Сілетінің арғы жағы мен бергі жағы тұнып тұрған, кілемдей құлпырған жасыл шалғын. Ол кезде техниканың әлі көбеймеген кезі. Өзен бойы көкорай шалғынға мелтектеп тусырап жататын. Ерте көктемде тасыған су қайтқан соң табанындағы қараөлең қақалып өсетін. Ал, әріректе қырға қарай шөптің неше атасы болушы еді. Кең көсілген, Сілеті өзенінің бойындағы құнарлы жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыр жусан, жер жусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер ұшырасқан екен. Бүгінгі жұрт осы шөптердің өзі түгіл атын да біле бермейді.
Қой бағу қиын шаруа емес, ой бағу, ой салмағын көтеру ауыр. Күн шығыстан сығалап күннің көзі көрінер-көрінбесте атқа қонатын шопан әлгі күн зеңгір аспанды айнала өтіп, талмаусырап барып, батыс бетті қызыл жалқын бояумен түгел бояп, талықсып ұясына қонғанша жапан далада жалғыз өзі ойды серік қылып жүре беретін. Амалсыздан әрине. Әйтпесе, күш-қуаты бойына сыймай тұрған жас дүбірлі ортаны, дауылды еңбек тасқанын қалайтын. Ол кезде қазіргідей радио, теледидар жоқ. Серігі – ой ғана.
Ақыры болмаған соң, ағасы әскерге кеткеннен кейін механизатор боламын деп шешті. Отбасы да қарсы болған жоқ. Отбасы демекші, Қадырәлі, Оспан, Тәліп үшеуі бір туысқан, бір атаның балалары. Бұл болса Тәліптің баласы. Бірақ, әкесінің ағасы Қадырәліде кішкентай болмаған соң
бауырына салып алған. Бұрынғы қазақтың бағалы жоралғысы. Еншілері бөлінбеген үшеуі ірге ажыратпай, араларына үй түсірмей, алқақотан бірге отыратын. Үш үйдің балаларын Көпей апа бағатын. Үй шаруашылығына да, ас-суға да сол әжелері ие. Әжелерінің айтқаны екі болмайды. Қазіргі күні ойлап қараса, сол кездегі бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді екен. Мынау сенікі, мынау менікі дейтін ешкім жоқ, бәрі ортақ. Тапқан табыс та, босағаға байланып жататын береке де бірге. Дәл қазіргідей ұлдың мәселесі, келіннің мәселесі дейтін барша қазақтың басына бас ауруы болып отырған мәселе ол кезде мүлдем болмайтын.
Қойшылық кәсіптен жалыққан Есілбай анасына назын айтады:
–Енді қайтып қой бақпаймын. Қабырғам қаусағанша тас қопарайын, екі көзім шаңнан жылтырап, сасық ауасына тұншығып, бейнетін белден кешіп шахтаға түсейін, тек қой бақпасам болды.
Еңбекке ұмтылып тұрған Есілбайдың тілегі қабыл болды. Көкшетау қаласындағы ДОСААФ-та жүргізушілік курсын бітірді. 1967 жылы «Толбухин» кеңшарының бөлімшесі Мортық ауылында жүргізуші болды. Мортық ол кезде шаруасы шалқыған бөлімше. Кеңшар болғаны кейін. Кеңшардың өзінде отыз мың гектардан астам егістік алқабы бар. Жаз жауынды болып, егін шығып кеткен кезде қамбаға 52-54 мың тонна астық құятын. Мұның өзі тұтас Уәлиханов ауданының өнімімен бірдей болатын.
Астық үшін жорық та оңай-оспақ шаруа емес. Бір шеттен әскери бөлімдер көмекке келетін. Тіпті, Украина дейсіз бе, Молдава дейсіз бе, сан қиырдан комбайншылар, жүргізушілер қиырдағы Қызылтудың даласына селдей қаптап құйылатын. Олар келгенінше кеңшар комбайншыларының әрқайсысы 300-400 гектар жерді дестеге түсіріп үлгеретін. СК-3, СК-4 комбайндары. Жатканың алымы алты метр. Тәуліктік мүмкіндіктері 24 гектар. Есілбай болса 50 гектарға жеткізбей, алқап басынан кетпейтін. Осындай ерен еңбегімен, қажуды білмейтін қайратының арқасында 1970 жылы Көкшетау облысының жас комбайншылары арасында үздік шықты. Мың гектар жердің егінін дестеге түсіріп, 1200 тонна астық бастырды. Бұл облыстағы ең үздік көрсеткіш болатын. Жалғыз-ақ әттеген-айы, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысымен әлдебір мәселе жөнінде сөзге келіп қалғаны қырсық болып жабысты. Бірақ, жігері жасыған жоқ. Қайта еңбек көрігін одан сайын қыздыра түсті.
Жасыратыны жоқ сол кезде қазақтар техника тілін игере алмайды дейтін теріс түсінік болатын. Тіпті, кейбір керіауыздар олар жапан далада мал бағу үшін жаратылған деп те айтып жіберетін. Осындай ұлт намысына тиетін жаңсақ пікірлер Есілбайдың жанын жегідей жеп, қапаландыратын. Бірақ, жігері жасыған емес, қайта өз еңбегі арқылы комбайн тізгінін жергілікті ұлт өкілдері де мығым ұстай алатындығын дәлелдеуге тырысатын. Жұмыс істеп қана қоймай, жарқырап алға түсу керек. Бәйге жолының сорабына түстің екен, маңдайың жарқырап алдынан көрінбесең, қосылғаның кімге дәрі? Кейбір әділетсіздіктер де шарболаттай шыңдалған есіл ердің намысын жани түсті.
Мортық елді мекені тұрғындарының 37 па-йызы  немістер болатын. Осы бір халықтың еңбекқорлығына, қанына біткен тазалығына әлі күнге дейін таң қалады. Тұратын үйлері қандай, ішіне кірсе шыққысыз, маңайында көлденең жатқан бір тал қоқыс жоқ, тап-таза, қоршауы сырланған, өздері таңның атысы күннің батысы бел шешіп, қол қусырып қарап отыруды білмейтін, құмырсқа құсап қыбырлап жұмыс істей беретін жұрт. Әсіресе, техникаға үйір. Қолдарынан келмейтіні жоқ.  Мортықта немістердің үш-ақ фамилиясы  болды. Демек, үш атаның балалары, бәрі еңбекқор. Шетінен сен тұр, мен атайын.
Кеңшардағы 24 мың гектар бидай алқабын оруға 130-140 комбайн қатысады. Жаңағы алқапты 140 комбайнға бөлген кезде, әр комбайншының тәуліктік жоспары белгілі болады. Міне, осы ырыс жорығында Әшкен Ыдырысов, Әбжан Махметов, Қайредден Досмағамбетов және ағайынды Рудковскийлер тәрізді майталман механизаторлар болды. Соның ішінде Әбжан аға Есілбайдың тәлімгері.
1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, еңбегі жанған Есілбай Қадыралин табаны тастан таймаған тарланбоздай бір биіктен бір биікке алқынбай көтеріліп келе жатты. Жыл ішіндегі еңбек көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Сәуір айында Алматыда өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев омырауына Алтын Жұлдыз тақты. Осы бір жан толқытатын тарихи сәт көкірегінде мәңгілікке жатталып қалған. Қас-қағым сәтті бейнелейтін фотосурет үйіндегі ең бір қымбат мүлік ретінде сақтаулы.
Ол кезде адамның еңбегі ерекше бағаланатын, әрі жұртшылықты жұмысқа жұмылдырудың сан алуан тәсілдері қолданылатын. Айталық, кеңшардағы бригадалар арасында социалистік жарыс өрістетіліп, оның қорытындысы әр бес күн сайын шығарылып тұратын. Озаттарға алқызыл ту табыс етіліп, сыйақы берілетін. Іштей еңбек бәсекесіне түскен озаттар кімнің қай деңгейде келе жатқандығын көңіл таразысына тартып бажайлап отыратын. Артынан келесі тұлпардың дүбірін естіген сайын алдындағысы жер танабын қуырып, екпінге екпін қосып үдете түсетін.
Сол жылдары Краснодар өлкесінде одақтық семинар кеңесі өткізілді. Бұлар Қазақстаннан екі адам барды. Дәл сол сапарда Краснодар өлкесінде диқандарға қаншалықты қолайлы жағдай туғызылатындығын көріп, қызығып қайтты. Келе салып өзі де диқандарға арнап монша, асхана салдырды. Механикаландырылған қырман ұйымдастырылды. Осындай әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуы еңбек адамдарын да ынталандыра түсті. 

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар