Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің 40 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара білім ордасының зор әлеуетін жан-жақты көрсетіп берді.
Бастауын сонау 1976 жылдың қыркүйек айынан алатын аталмыш оқу орнының мерейтойына арналған салтанатты шараға жиналған меймандар мейлінше көп болды. Осы колледжден түлеп ұшып, еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген түлектер, зейнеткер ұстаздар, жалпы, тағдырын осы колледжбен байланыстырған жандар сағынышпен қауышып, қуанышқа бөленді. Шара колледждің қырық жылдық тарихын қамтитын бейнебаянмен басталды. Оқу орнының алғашқы басшысы, марқұм Манарбек Бексейітовтен бастап, бүгінгі күнге дейінгі басшылық тізгінін ұстаған адамдар туралы, олардың қызмет еткен жылдардағы колледждің жеткен жетістіктері, жарқын өнерімен ел мақтанышына айналған түлектер бейнесі көрермендердің көз алдында ыстық ықыласпен көмкеріліп, қалықтап өтті. Бейнебаяннан соң Біржан сал Қожағұлұлының есімі берілген колледждің дәстүрлі ән бөлімінің студенттері мен түлектері Азамат Қадыл, Бауыржан Нұрмұханов, Гүлім Кұдысбек, Аслан Мұхамедиярлар Арқаның асқақ, кең тынысты әндерін шырқады. Мария Даутова жетекшілік етіп, Роза Бәйкенова сүйемелдеген төменгі курс студенттерінің хорымен дәстүрлі әнші, колледж директоры Саян Мұхамедияр А.Рахымбаевтың «Қайда да біргесің туған ел» атты әнін орындады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова талапты да талантты жастардың ыстық ұясына айналған ұжымға жүрекжарды лебізін білдірді. Ұстаздарға облыс әкімінің және облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарын табыс етті. Ақмола облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өзінің құттықтау сөзінен кейін колледж ұстаздарына партия атынан Алғыс хат тапсырды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова осы ұжымда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, өнерлінің өрісін ашқан өнегелі ұстаздарды қырық жылдық мерейлі мерекемен құттықтай келе, сый-сияпаттарын тарту етті. Айгүл Сәбитова Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың Алғыс хатын табыс етті.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша ұйымының төрағасы Бейсенбай Әбдірахманов пен облыстық филармонияның директоры Нұргүл
Шайкенова колледж бен филармонияның арасында орнаған тығыз қарым-қатынасты атап өтті. «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Александр Пятков ұстаздардың омырауына «Балалар үшін» төсбелгісін тақты. Салтанатты шара музыка колледжі ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Мерген ТОҚСАНБАЙ