Біздің аудан аграрлы облыстың құт қамбасына ырыздық дәнін мол құйып келе жатқан ырысты өңірлердің бірі саналады. Соңғы бірнеше жыл бойы ауданымыз бұл жағынан алдыңғы лектен көрінуде.
Былтырғы жылы аудан диқандары әр гектарынан 15 центнерден астық алып, облыста көш бастаған еді. Биыл да диқандарымыз сол үрдістен шығудың қам-қарекетін жасауда. Биыл 231,1 мың гектар егістік алқапқа астық дақылдары себіледі. Оның ішінде 166,2 мың гектары дәнді және бұршақ дақылдары, 110,2 мың гектары бидай, 50 мың гектары майлы дақылдар. Оған қоса мал азығына қажетті 13,3 шөп егу жоспарланған. Сондай-ақ, 1600 гектарға картоп, 380 гектарға көкөніс отырғызылмақ.
Аудан бойынша науқанды ойдағыдай өткізу үшін 21,8 мың тонна тұқым әзірленді. Оның 87 пайызы 1-2 сұрыпты. Жанар-жағармай мәселесі де шешілген. Қажетті 3250 тоннаның 1280 тоннасы жеткізілді. Көктемгі дала жұмыстары үшін «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жергілікті филиалдары арқылы барлығы 173,5 миллион теңге несие берілгенін де айта кеткен жөн. Бұл диқандар үшін қолдау.
Ауданда нарықтың сынынан сүрінбей өткен іргелі шаруашылықтар баршылық. Олардың арасынан «Викторовка», «Ұмай ана», «Зеренді Астық» және «Дихан плюс» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді атап өтуге болады. Бұрын диқандар әр гектардан 11-13 центнерден астық жинап келсе, соңғы жылдары жер өңдеудің қазіргі заманғы тәсілдерін пайдалану, тұқым сапасын жетілдіру шараларын іске асырып, озық үлгідегі техникаларды пайдаланудың арқасында гектардың берекесін 15 центнерге жеткізді. Егіннің шығымдылығы мен науқанды дер кезінде ойдағыдай өткізу көбіне техникаға байланысты екені сөзсіз. Өткен жылы аудан бойынша 1 миллиард теңгеден астам қаржыға жаңа техникалар сатып алынды. Биыл да осы бағытта жұмыс істеудеміз. Әзірге жыл басынан бері барлығы 63 миллион теңгенің жаңа техникалары сатып алынды. Дән сіңіру жұмыстарына барлығы 1546 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары (оның 30 пайызы қазіргі заманғы шетелдің озық техникалары) тартылатын болады.
Биылғы қыста мол түскен қар ылғалын пайдаланып, агротехникалық шараларды уақытында және сапалы атқарып, аудан диқандары биылғы жылы да бітік егін өсіріп, жақсы өнім алатынына сеніп отыр.
Еркеш ӘЛЕНОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы.
Зеренді ауданы.